Ресей президенті Владимир Путин 22 наурызда Мәскеудегі концерт залына жасалған шабуылдан кейін 18 сағаттан соң мәлімдеме жасады. Бірақ ол терактіні өз мойнына алған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобын кінәлаған жоқ. Ресейде кейінгі 20 жылда болған ең үлкен теракт кезінде кемі 139 адам қаза тапқан, 182 адам жарақат алған.
Путин "Киев қылмыскерлерге шекара асып кетуге жағдай жасап берді" деді. Бірақ дәлел келтірген жоқ.
25 наурыз күні кешкісін жасаған мәлімдемесінде Путин шабуылға радикал исламистерді кінәлады. АҚШ терактіге "Ислам мемлекеті" ұйымының "Хорасан уәлаяты" дейтін тобы жауапты деді. Бірақ Путин шабуылға Украинаның да қатысы барын меңзеп, АҚШ пен Батыс елдерін күдігіне қосты.
Путин Ресей халқына терактінің артында Украина мен Батыс елдері тұрғанын түсіндіру үшін "АҚШ өз одақтастары мен басқа елдерді Киевтің шабуылға қатысы жоқ дегенге сендіру үшін қолынан келгеннің бәрін жасап жатыр" деді.
Ресей президенті Украинадағы соғыста өз әскері жеңіске жетіп жатқанын айтып, Киев Батыстағы жетекшілерінің тапсырмасымен елде дүрбелең туғызу үшін теракт ұйымдастырды деді.
Ресейдегі мемлекеттік ақпарат құралдары шабуылдың артында Украина мен Батыс елдері тұр деген идеяны іліп әкетті. Telegram-да жарияланған қысқа әңгімеде тілші Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Путиннің жақын серігі Николай Патрушевтен ""Ислам мемлекеті" ме, әлде Украина ма?" деп сұрайды. Ол "Әрине, Украина" деп жауап береді.
Террористік шабуылдан бастап оппозицияның бейбіт жиындарына дейін Ресейде болған кез келген оқиғаға басқаларды кінәлау – Путиннің әдеті. Батыстың кінәлау бері дегенде 2004 жылы басталған. Сол жылы Беслан мектебіндегі терактіден 330-дан астам адам қаза тапқан. Путин ол кезде Вашингтон мен Батыс елдері Ресейді әлсірету үшін Солтүстік Кавказдағы исламист содырларды қолдап отыр деген.
Бірақ Путиннің бұл жолғы мәлімдемесінің орны бөлек: ол жақында ғана көп заңбұзушылықпен өткен сайлауда тағы 6 жылға сайланды, оның Украинаға басып кіру туралы шешімі ұзақ әрі қажытатын соғыс пен үлкен адам шығынына алып келді.
Путиннің "Крокус Сити Холл" концерт залында болған шабуылға Украина мен Батыс елдерін кінәлауына бірнеше себеп бар.
Your browser doesn’t support HTML5
КОНТЕКСТ
2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргелі Путин халықты соғыстан басқа жол жоқ дегенге сендіріп, осы арқылы өз билігін күшейтуге тырысты. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков ішкі мобилизацияға шақырып, ресейліктерді соғысты сырттай ғана қолдамай, оған сенуге үндеді. Ресейліктердің көбі соғыс тақырыбына келгенде өзін пассивті ұстайды.
Путин ресейліктерді Украинаға агрессивті соғыс бастау үшін емес, қорғаныс мақсатында шабуылдағанына сендіргісі келеді. Ол Украина Ресейдің түбіне жеткісі келетін АҚШ пен Батыс елдерінің қолындағы құрал болып отыр дейді. Ресейде соғысты сынаған немесе Украинаны қолдаған адамдарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Бұл контекстте исламдық экстремистерге орын жоқ. "Крокус Сити Холл" концерт залында болған шабуыл Ресейде басқа да шынайы қауіптер барын, бірақ Путин оларды елемей, халық назарын өзі қалаған жаққа бұрғысы келетінін көрсетеді.
СӘТСІЗДІК
Шабуылды Батыс елдері ұйымдастырды деген болжам сырттан жасалған соққыны жұмсартуға талпыныс болуы мүмкін. АҚШ-тың Мәскеудегі бұрынғы елшісі, Атлант кеңесі талдау орталығының ғылыми қызметкері Александр Вершбоу терактіні барлау қызметінің қателігі деп сипаттайды.
Наурызда АҚШ Ресейге барлау деректері жайлы ескерту жасап, экстремистерде шабуыл жоспары барын айтқан. Путин терактіден үш күн бұрын бұл ескертуді жоққа шығарып, "АҚШ провокация жасап, халықты қорқытып, елдегі тұрақтылықты бұзғысы келеді" деді.
Путиннің АҚШ-ты кінәлауына бір ілік – Вашингтонның теракт туралы ескертуі 15-17 наурызда өткен президент сайлауы қарсаңында айтылуы. Мәскеу мұны сыртқы жау Ресейді жеңгісі келеді деген насихатына пайдаланғысы келді.
Украина терактіге қатысы барын жоққа шығарды. 24 наурызда АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Эдриен Уотсон "Украинаның еш қатысы жоқ" деді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Душанбе күдіктінің туыстарын тергеді, Мәскеу тағы үш адамды ұстадыДИЛЕММА
Украинаның шабуылға қатысы барын растайтын дәлелдер жоқ, бірақ терактінің Орталық Азиямен байланысы айқын. Ресей билігі кемі 11 адамды ұстап, сегізін қамауға алды. Оның төртеуі – Тәжікстан азаматы. Олар концерт залындағы адамдарды атты деген күдікке ілініп отыр.
Ресейде Орталық Азиядан келген еңбек мигранттары көп. Ресей саясаты мен қауіпсіздік мәселесі бойынша сарапшы Марк Галеоттидің пікірінше, ықтимал күдіктілердің осы өңірден болуы Путин үшін саяси дилемма туғызып отыр.
– "Ислам мемлекеті Орталық Азия тұрғындары мен гастарбайтерлерді пайдаланған" десе, көпұлтты мемлекеттегі үлкен мәселе – нәсілдер арасындағы шиеленіс басталады. Ресей халқының 10 пайызы – мұсылмандар. Оларды кінәласа, "билік бұл азаматтарға не істейді?" деген сұрақ туады. Бұл айыптаудың соңы Орталық Азия тұрғындарына қарсы қуғын-сүргінге ұласуы мүмкін. Әдетте мұндай қудалау бандиттік жолмен жүзеге асады. Қазір Ресей Орталық Азиядан келген жұмысшыларды кері қайтарып, қуып жібере алмайды. Олар Ресейге керек. Соғыс салдарынан әскери зауыттар үздіксіз жұмыс істеуі керек, ал жұмыс күші жетпейді, – дейді ол.
Мәскеудегі теракт этникалық шиеленісті күшейтті.
– Ресей қауіпсіздік қызметкерлерінің ұсталған азаматтарды қорлап жатқан видеосы тараса, кек қайтарғысы келгендердің айызы қанар еді. Бірақ Путин Орталық Азия азаматтарының елге кіруін шектеу сияқты қадамдарға бармайды, өйткені бұл Ресей экономикасына зардабын тигізіп, Путиннің өңірдегі беделіне кері әсер етеді, – дейді Галеотти.