Ресей төтенше жағдай министрлігі "Крокус сити холдағы" терактіден қаза болғандардың тізімін жаңартты. Онда 143 адамның аты-жөні бар. Бұрын тізімде 140 адам болған.
Жараланғандардың үшеуі қаза болды ма әлде жаңа мәйіттер табылды ма, ол жағы белгісіз.
Төтенше жағдай министрлігі сайтындағы тізім "сот-медицина тексеріс деректеріне қарай жаңаратыны" хабарланды.
"Крокус сити холл" концерт залына шабуыл 22 наурызда жасалған. Ғимаратта 6 мыңнан астам адам болған. Қарулы топ өкілдері автоматпен жұртқа оқ жаудырған. Ғимарат өртелген. Адамдар оққа ұшса, біраз бөлігі өрттен уланған.
26 наурызда төтенше жағдай министрлігі сауда орталығындағы үйіндіні аршып біткенін хабарлаған. Іздеу-құтқару жұмыстары тоқтатылған.
Дереккөздерге сүйенген "База" басылымы әзірге толық емес мәлімет бойынша 95 адам із-түзсіз жоғалғанын жазды. Мәселе оқиға кезінде "Крокус сити холда" болуы мүмкін, туыстарымен байланысқа шықпаған адамдар жөнінде болып отыр. "Базаның" жазуынша, ол адамдардың біраз бөлігі тірі болуы ықтимал, тек туыстарымен байланысқа шықпаған болуы мүмкін. Ресми түрде із-түзсіз жоғалғандар туралы айтылған жоқ.
"Крокус сити холдағы" қанды оқиға – 2004 жылы 300-ден астам адам қаза болған Бесландағы мектепке шабуылдан бергі ең ірі шабуыл.
Көптеген елде террористік ұйым деп танылған ДАИШ ("Ислам мемлекеті") шабуылға қатысы барын мәлімдеген. 12 күдікті ұсталған, төртеуі шабуылға тіке қатысы бары айтылды. Ресей президенті Владимир Путин "шабуылдаушыларды Украина қолдауы мүмкін" деп Киевті кінәлады. Бірақ оған еш дәлел келтірген жоқ.
Bloomberg агенттігінің жазуынша, Ресей президентінің айналасы бұл болжамға сенбейді. Украина басшысы Владимир Зеленский Путин терактіге кінәні Киевке артқысы келеді деп мәлімдеген. Батыс елдері Ресей билігін мұндай мәлімдемеден алшақ болуға шақырған.