Қазақстанда ProTenge басылымы билік аккредитация бермей қойған Азаттық тілшілерін қолдап жариялаған постты Telegram-да көшіріп жариялағаны үшін журналист Асхат Ниязов әкімшілік жауапқа тартылып жатыр. Бұл туралы 9 сәуірде ProTenge басылымы хабарлады.
Қаржы тақырыбында жазатын ProTenge телеграм-каналы Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 30-дан астам тілшісіне аккредитация беруден немесе мерзімін ұзартудан бас тартқаны туралы постты қаңтардың аяғында жариялаған.
Басылым дерегінше, кейін Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі пост "қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін төндіреді немесе азаматтардың я ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне айтарлықтай нұқсан келтіреді" деп тапқан соң полиция тергеу бастаған.
Тексеру жүргізген полиции пост мазмұнында қылмыстық құқық бұзу белгісі жоқ деген қорытынды жасаған, алайда журналистің үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, сотқа жолдаған.
"Ақпарат төркініне, яғни оны бірінші болып басқан бізге келіп, осы сауалдарды ProTenge басылымына тікелей қоюдың орнына құқық қорғау органдары министрліктің қолайына жақпаған посты көшіріп басқан журналисті таңдаған" деп мәлімдеді бүгін ProTenge.
Астаналық заңгер Гүлмира Біржанованың сөзінше, сотқа түскен іс "Жала жабу" бабымен қозғалған. 8 сәуірде толтырылған полиция хаттамасында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-3-бабы көрсетілген. Азаттыққа Біржанованың айтуынша, ол істейтін Media Qoldau ұйымы заңгер Әсел Тоқаевамен бірге журналист Асхат Ниязовқа құқықтық қолдау көрсетіп жатыр.
Асхат Ниязовтың өзінен пікір алмақ болған талпынысымыз нәтиже бермеді. Бұған дейін ол бүгін өзінің ісі бойынша сот болатынын "Власть" басылымына растаған.
- ProTenge – қазақстандық журналист Жәмила Маричева негізін қалаған басылым, онда тендерлер мен мемлекеттік сатып алу бойынша журналистік зерттеулер жарияланады.
- Журналист Асхат Ниязов — YouTube арнасындағы "Обожаю" жобасының авторы. Ол жариялаған сюжеттерде Қазақстанның түрлі қаласында тұрып жатқан халықтың басындағы проблемалар баяндалады. Биыл қаңтардың басында журналист Асхат Ниязов өзінің, жақындары мен әріптестерінің WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттары бұғатталып қалғанын хабарлаған.
- Биыл қаңтарды Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиокорпорациясының Қазақ қызметі – Азаттық радиосының 30-дан астам тілшісіне аккредитация бермейтінін хабарлаған. Сарапшылар, азаматтық белсенділер, өзге басылымдардың журналистері мұны сөз еркіндігіне жасалған шабуыл деп бағалаған. Азаттық редакциясы СІМ үстінен сотқа шағым түсірген. Оны қазір Астана соты қарап жатыр.
- Қазақстан СІМ Азаттыққа аккредитация жөнінде жауап хатты ел парламенті үкімет әзірлеп ұсынған "Масс-медиа" туралы заң жобасын қарап жатқан шақта жолдады. Қаңтарда бір топ депутат "Масс медиа туралы" заң жобасына бірнеше өзгеріс енгізуді ұсынды. Онда аккредитациясы жоқ шетелдік БАҚ пен оның журналистерінің жұмысына тыйым салу, оған қоса, "заң талаптарын бұзғаны анықталған" шетелдік БАҚ-тың жұмысын сот шешімінсіз-ақ тоқтатып қою қарастырылған.