"Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қорының жетекшісі Айна Шорманбаева 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталып, Алматы облысы Қошмамбет ауылындағы абақтыда азаптауға ұшыраған ондаған адамның ісі Бас прокуратураға берілді деп хабарлады. Ол бұл туралы 14 сәуірде Facebook-тегі парақшасында жазды.
Шорманбаеваның айтуынша, Қошмамбет ауылында азапталғандар арасында Тәжікстан азаматтары болған. Құқық қорғаушының сөзінше, олар әзірше бұл жөнінде мәлімдеме жасамаған. Шорманбаева тәжік азаматтарынан Қошмамбеттегі азаптау туралы өтініш түссе, "Халықаралық құқықтық бастама" қоры оларға құқықтық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
"2022 жылы қаңтарда террорист ретінде таргеттелген Орталық Азиядан шыққан жүзге жуық мигрантты жаппай азаптау туралы іс Алматы облысы прокуратурасынан Бас прокуратураға берілді. Мен бұл істе Өзбекстанның алты азаматын қорғаймын. Жетінші жәбірленуші — Викрам Рузахунов. Тағы 22 адам азапталғанын растады, олар да жәбірленуші деп танылуы керек. Әзірше бұл істе Тәжікстаннан зардап шеккендер жоқ, олар да азапталды. Алайда Тәжікстан прокуратурасы зардап шеккендерді іздеуге белсенді түрде көмек көрсетпей отыр. Тәжікстан азаматтары Алматы облысындағы Қошмамбет ауылында азаптауға ұшырағанын мәлімдесе, "Халықаралық құқықтық бастама" қоры құқықтық көмек пен қорғау ұсынуға дайын", – деп жазды Айна Шорманбаева Facebook-тегі парақшасында.
14 сәуірде қырғыз музыканты Викрам Рузахунов Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда азапталғанына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша төрт полицей қамалғанын хабарлады.
"Қазіргі кезде бұрын анықталған төрт полиция қызметкері ұсталып, қамауға алынды (біреуі азаптап, күш көрсеткенін мойындады, екіншісі жалған ақпарат тарату мақсатымен лас блогерлер мен сатқын журналистерді жалдап, өзін өзі өртеймін деп қорқытқан анасы мен балаларын пайдалануға тырысады – В.Р)" деп жазды музыкант.
Оның сөзінше, қазір азаптау ісінде 22 жәбірленуші бар. Олар Қаңтар кезінде Рузахуновпен бірге азапталған. "Бас прокуратура істі аяғына дейін жеткізуге уәде берді, ал алғашқы төрт қылмыскердің ұсталуы – бұл басы ғана", – деді ол.
2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның құқық қорғау органдары Алматыда қырғыз музыканты Викрам Рузахуновты ұстап, ұрып-соққан. Ізінше мемлекеттік телеарналар Алматыдағы бүлікке байланысты ұсталған адам туралы видео жариялап, оны "тәртіпсіздікке қатысқан" күдіктілердің бірі ретінде атаған. Видеода бет-жүзінде соққының ізі бар ер адам "Қырғызстанда жұмыссыз қалғанын, содан соң Қазақстандағы қарсылық митингісіне қатысуға келісім беріп, 90 мың теңге алғанын" айтады.
Артынша қырғызстандықтар бұл адам белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін растап, белсенділер Қазақстан билігінен оны босатуды талап еткен.
Қазақстанның күштік құрылым өкілдерінің Рузахуновты ұстап, ұрып-соққаны мәлім болып, мәселеге жергілікті және халықаралық ақпарат құралдары назар аударған. Ізінше Қырғызстан билігі мен қоғамының араласуымен Рузахунов босатылып, Бішкекке жеткізілген. Бішкектегі ауруханада оған операция жасалды. Оны "азаптау" фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс бұған дейін бір рет тоқтатылып, кейін қайта жанданған.
Қырғызстан милициясы да Рузахуновтың азапталғанына байланысты қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған. Сараптама музыканттың денсаулығына ауыр зақым келген деген қорытынды шығарған.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам өлген. Бұған дейін Қаңтар кезінде Қырғызстанның 10-ға жуық азаматы ұсталып, босатылғаны жөнінде ақпарат тараған. Қырғызстанның екі азаматы қаза тапқан. Олардың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы ақпарат жоқ.