Қазақ-өзбек "тандемі": Орталық Азияға жақсы, қарақалпақ белсенділеріне жайсыз

Қазақстан және Өзбекстан басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев және Шавкат Мирзияев.

Қазақстан мен Өзбекстан кейінгі кездері қауіпсіздік саласындағы әріптестіктен бастап сауда мен транзит саласындағы интеграцияға дейін көп мәселені бірлесіп шешетін болған. Бұл көбіне сыртқы державалар әсерінен біріге алмай жүрген Орталық Азия мемлекеттері үшін жақсы жаңалық. Бірақ қазақ-өзбек әріптестігі қарақалпақ белсенділердің өмірін қиындатуы мүмкін. Қазір 2 жыл бұрын Өзбекстанның автономды өңірі — Қарақалпақстанда болған наразылыққа қатысы бар деп айыпталған белсенділерге экстрадиция қаупі төніп тұр.

Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы бұрын-соңды дәл қазіргідей жақсы болған емес.

Бұл — ұзақ уақыт сыртқы державалар әсерінен басы бір ортаға бірікпей келе жатқан Орталық Азия елдері үшін жақсы жаңалық.

Бірақ бұл Өзбекстанның автономды өңірі — Қарақалпақстаннан келген белсенділердің өмірін қиындатып жіберді. Екі жыл бұрын Қарақалпақстанда өңірдің құқықтық мәртебесін өзгертуге қарсы жаппай наразылық болып, соңы қантөгіспен аяқталған еді.

Кейінгі үш айдың өзінде Қазақстанда 3 қарақалпақ белсендісі ұсталған. Өзбекстан билігі оларды экстрадициялауды сұрады.

Оған дейін Қазақстанда 1 жыл (елдегі заң бойынша, бұл экстрадициялау талабымен ұсталған азаматқа берілетін ең ұзақ түрме жазасы) қамауда отырған 5 белсенді босап шыққан.

Қарақалпақ диаспорасының көшбасшылары Өзбекстан мен Қазақстан халықаралық ақпарат құралдары мен қоғам назарын аудармас үшін белсенділерді ұстаудың балама формаларына көшуі мүмкін деп ескертті.

Қазақтар мен қарақалпақтардың тілі мен ұлттық мәдениетінде ұқсастық көп.

Бұл тақырыпты тарқатпас бұрын, Қазақстан мен Өзбекстан әріптестігінің жақсы тұстарына тоқталайық.

Қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбай

ЖАҒДАЙҒА БЕЙІМДЕЛУ

Осы айдың басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Хиуа қаласында кездесті. Тоқаев қос мемлекет әріптестігі өте маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасында ешқашан үлкен бір мәселе болған емес.

Бірақ көрші мемлекеттерді Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов басқарып тұрғанда, Қазақстан мен Өзбекстан арасында совет дәуірінен басталған бәсеке бары байқалатын.

Екіжақты қарым-қатынастағы тағы бір кедергі — Каримовтың өңірлік интеграцияға сақтықпен қарауы болды.

Өзбекстанның екінші президенті Шавкат Мирзияев көршілермен байланысын нығайтқысы келетінін бірден көрсетті.

2016 жылы билікке келген сәттен бастап, Мирзияев көршілерімен арадағы мәселені біртіндеп қолға ала бастады. Мәселен, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанмен шекарасын бекітіп, су мәселесін біржола шешуге кірісті.

Мирзияев әкімшілігі Каримов қауіп көріп келген Ауғанстанның өзін экономикалық мүмкіндік деп қарады.

Ал Қазақстанмен қарым-қатынасын нығайтуға 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруі түрткі болды.

— Қос мемлекет те жаңа шынайылыққа бейімделіп жатыр. Бұрын Еуроодақпен саудада Ресей коммуникация орталығы еді. Қазір санкцияға байланысты Орталық Азия мемлекеттері жаңа жол іздеуге мәжбүр болды. Оларға экономикасын сақтап қалу жолын ойластыруға тура келеді, — дейді өзбек саясаттанушысы Анвар Нозиров.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бар айыбым – қарақалпақпын". Атамекенде де, шетелде де қуғын көргендер

5 сәуірде Тоқаев пен Мирзияев кездесуі барысында сауда мен транзит мәселесі де сөз болды.

Тоқаев әкімшілігі теміржол саласында қазақ-өзбек бірлескен кәсіпорны құрылғанын, бұл жоба Қытай-Қазақстан-Өзбекстан арасында жүк тасымалымен айналысатынын хабарлады. Кәсіпорын болашақта жаңа бағыттар қосып, Ауғанстан арқылы Пәкістанның теңіз порттарына шығуды жоспарлап отыр.

Қос мемлекет басшылары C5+ форматы (әлем көшбасшыларының Орталық Азияның бес мемлекетіндегі әріптестерімен кездесуі) аясындағы өңірлік әріптестікті де талқылады.

Нозиров қос мемлекет өкілдері Мәскеудің шамына тимес үшін кездесу барысында қозғалған басқа мәселелерді ресми хабарламадан алып тастаған деп топшылайды.

Айталық, көрші мемлекеттер Қытайды Қазақстан мен Ресейдің құрлық жолдары арқылы Еуропамен байланыстыратын “Орта дәліз” жобасын кеңейту жоспары мен шілдеде Қазақстанда өтетін, Орталық Азияның 4 мемлекеті мен Әзербайжан қатысатын әскери жаттығуларды талқылаған болуы мүмкін.

— Украинадағы соғыста сәтсіздікке ұшыраған Ресей қауіпсіздік кепілі болудан қалды. Орталық Азия мемлекеттері соғыс кезінде Ресеймен әскери серіктес болса, санкцияға ілінуі мүмкін екенін біледі, — дейді Нозиров әскери жаттығуға Ресей мен Қытайдың неге қатыспайтынын түсіндіріп.

ҚАРАҚАЛПАҚ БЕЛСЕНДІЛЕРІНЕ ҚОЛДАУ ЖОҚ

Хиуадағы кездесуде қарақалпақ белсенділерінің тағдыры талқыланды ма?

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің өкілі бұл сұраққа тікелей жауап бермеді.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азаттық сұрағын президент әкімшілігіне жіберді. Бірақ олардан мақала жарияланғанға дейін жауап келмеді.

Бірақ қазір қарақалпақ белсенділері үшін қауіпсіз ел жоқ екені айдан анық. 2 жыл бұрын Өзбекстан конституциясына өзгерту енгізу бойынша референдум өткенде, басты заңдағы Қарақалпақстан Республикасының құқықтық мәртебесі туралы бапты алып тастау ұсынылған. Бұл Қарақалпақстанның “еркіндігін” шектеп, Өзбекстан құрамынан кез келген уақытта референдум өткізу арқылы шығу құқығынан айырар еді. Қарақалпақтар бұл өзгеріске жаппай қарсылық білдіріп, митингіге шықты. Билік наразылықты күшпен басып, 21 адам қаза тапты.

Қантөгістен кейін Мирзияев даулы заң жобасынан бас тартты.

Күш көрсеткен тарап — билік болса да, мұның құнын қарақалпақтар өтеді.

Былтыр Өзбекстанда ондаған адам ұзақ мерзімге түрмеге жабылды. Наразыларға күш қолданған полиция қызметкерлерінен тек 3 адам ғана жауапқа тартылды.

Қуғын-cүргін әлі де жалғасып жатыр.

16 сәуірде Венада орналасқан “Еуразияға бостандық” құқық қорғау тобы қарақалпақ блогері Шыңғыс Таиров көшедегі тақтайшалардағы жазу өзбек және орыс тілінде екенін, заң бойынша қарақалпақ тілінде жазылуы керегін айтып, видео түсіргені үшін 15 тәулікке қамалғанын хабарлады.

2022 жылы шілдеде болған наразылыққа дейін Мирзияевтің билікке келуінен басталған жылымық кезінде Ташкент азаматтық белсенділерге жұмсақтық танытып келген. Бірақ енді ойын ережесі өзгерді.

Бұл Қазақстанда жүрген қарақалпақтарға қиынға соғып жатыр. Олардың бәрі — Өзбекстан азаматтары.

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро дерегінше, кейінгі 3 айда Қазақстанда кемі 3 қарақалпақ белсендісі ұсталған. Ақпанда Ақылбек Мұратов, наурызда Расул Жұманиязов, сәуірдің басында Ринат Утамбетов қамауға алынды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ташкент қарақалпақ белсенділерін Қазақстан көмегімен қудалап жатыр

Қазір белсенділердің көбі Өзбекстанның конституциялық құрылымына қарсы қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. Бұл — саяси қылмыс саналады.

2022 жылдың екінші жартысында Өзбекстан үкіметі берген экстрадициялау туралы өтініштен кейін 1 жылын қамауда өткізген Қошқарбай Төремұратов басқа қарақалпақтар Қазақстан заңына сәйкес саяси емес қылмыстар бойынша ұсталғанын айтады. Белсендінің сөзінше, бұл экстрадиция туралы шуды басу үшін Қазақстан мен Өзбекстанның бірлесіп тапқан амалы.

Қошқарбай Төремұратов

Төремұратов бұл сөзіне айғақ келтіре алмайды. Ол халықаралық ұйымдарға аталған тенденцияны зерттеп көруді ұсынды. Белсенді Қазақстан полициясы кейінгі кезде ұсталған азаматтар туралы ресми ақпарат жариялауды қойды дейді.

Төремұратов Расул Жұманиязов пен Ринат Утамбетовтың ұсталуы Өзбекстандағы қарақалпақ ісі бойынша басты күдікті Дәулет Тәжімұратовты босатуды талап етуге үндейтін онлайн науқанмен байланысты деп топшылайды. Заңгер әрі журналист Тәжімұратов билікті басып алмақ болды деген айыппен 16 жылға бас бостандығынан айырылған.

Онлайн науқанға қатысқан тағы бір белсенді Рахим Пірназаров Қарақалпақстанда үйқамақта отыр. Ол 4 жылға сотталған.

ТЕГІН, БІРАҚ ҚАУІПТІ

Қазір Ташкенттің сұрауымен Қазақстанда ұсталған кез келген қарақалпақ белсендісі кемі бір жыл түрмеде отырады.

— Біздің үкімет өтінішті кім жасағанына қарайды. Өзбекстан мен Қазақстанның құқық қорғау органдары арасында келісімдер бар. Кейінгі кездері қос мемлекеттің әріптестігі күшейді, — дейді адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюро заңгері Денис Живаго.

Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша ғылыми қызметкері Мира Риттманн Қазақстан заңында экстрадиция туралы өтінішке ілінген адамды бас бостандығынан айырудан басқа амал қарастырылмаған дейді:

— Белсенді 1 жылға дейін сотсыз түрмеде отыруы мүмкін. Бұл оның бостандық, қауіпсіздік және әділ сотқа қол жеткізу құқығын бұзады.

Халықаралық ақпарат құралдарына жиі сұхбат беріп жүрген Мұратов ұсталғаннан кейін қазақстандық құқық қорғау органдары белсендіні ұстау себебін Минск келісімімен түсіндірді. Астана мен Ташкент осы келісімге қол қойған.

Риттманның сөзінше, Қазақстанның адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелері екіжақты және өңірлік келісімдерден жоғары тұруы керек. Құқық қорғау ұйымының өкілі халықаралық ойыншылардан қарақалпақ белсенділерін ұстауға жол бермеуге шақырды.

Әзірге Қазақстанда ұсталған қарақалпақ белсенділердің бірде-бірі Өзбекстанға депортацияланған жоқ.

Живаго белсенділерге Өзбекстандағы қылмыстық істер жабылмайынша, Қазақстанда қалу қауіпті екенін ескерткенін айтады.

— Біз оларға босқын мәртебесін сұрап, өтініш беруге көмектестік. Бірақ тәжірибемізге сүйенсек, олар Қазақстаннан не босқын мәртебесін, не азаматтық ала алмайды. Белсенділерге үшінші мемлекетте қауіпсіздеу болады, — дейді Живаго.

Алматыдағы қарақалпақ диаспорасының көшбасшысы, 48 жастағы Төремұратов былтыр күзде Польшаға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым конференциясына барған. Ол қарақалпақтардың Өзбекстанда дискриминацияға ұшырап отырғанын айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан түрмесіндегі бір жыл, Еуропадағы сергелдең. Қарақалпақ белсендісі көрген шырғалаң

Өзбекстан Мұратовты адам құқықтары жөніндегі конференцияға қатысқаны үшін де айыптаған.

Мұратов осыдан кейін Қазақстанға қайтып, кейін Австрияға барған. Онда босқын мәртебесін алуға өтініш берген. Бірақ Австрия билігі оны Польшаға депортациялады. Белсенді Польшада қамауға алынды.

Қазір ол бостандықта жүр, бірақ айына екі рет шекара қызметінің алдында есеп беріп отыруы керек. Әзірге белсендінің ісін Польшаның шетелдік азаматтар ісі жөніндегі басқармасы қарап жатыр.