Қазақстан бас прокуратурасы қырғыз музыканты Викрам Рузахунов пен "басқа да азаматтарды" азаптау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеп жатыр. Прокуратураның 22 сәуірде Азаттыққа берген ресми жауабында осындай мәлімет жазылған.
"Бас прокуратураның сотқа дейінгі тергеу қызметі Рузахунов В. мен басқа да азаматтар жәбірленуші деп танылған қылмыстық істі тергеуге қабылдағанын растаймыз", – делінген ресми жауапта.
Мекеме қанша күдікті ұсталғанын, жәбірленуші деп танылған адам санын, олардың азаматтығы туралы айтпады.
"Қазір тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес, басқа мәліметтерді жария етуге болмайды және ол жұртқа қылмыстық іске қатысушылардың құқығы мен заңды мүдделерін ескеріп, жеткізілетін болады" деп жазған бас прокуратура.
Өткен айда Қазақстан бас прокуратурасы Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылындағы абақтыда азаптауға ұшыраған адамдардың ісі бойынша дәлелдер жинағанын хабарлаған еді.
2024 жылғы 16 наурызда Қарасай ауданының арнайы қабылдау орны мен полиция басқармасының бұрынғы басшылары қамауға алынғаны айтылды. Хабарламада қанша күдікті ұсталғаны нақты көрсетілмеген.
Сәуірдің басында қырғыз музыканты Викрам Рузахунов әлеуметтік желідегі парақшасында азаптау туралы қылмыстық іс Қазақстан бас прокуратурасына берілгенін және төрт полиция қызметкері қамалғанын хабарлаған-ды. Жәбірленуші "ұсталғандардың бірі айыбын мойындаған" деп жазды.
Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында Викрам Рузахунов азаптауға қатысы бар бірнеше адам ғана ұсталып, қамауға алынғанын мәлімдеді. Ол фотосуреттерден он шақты полиция қызметкерін танығанын айтты. 2023 жылы оны азаптау фактісі бойынша ашылған іс тоқтаған, Рузахуновтың сөзінше, ол Қаңтар оқиғасы кезінде өзін азаптағандар арасында бетпердесіз болған бірнеше адамды танығанына қарамастан, сол кезде істі жаппақ болған шығар деді.
Іс материалдарына сәйкес, қырғызстандық Викрам Рузахуновтан басқа тағы ондаған адам полициядан зардап шеккен. "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қорының жетекшісі Айна Шорманбаева зардап шеккендер арасында Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Өзбекстан азаматтары барын айтты. Сәуір айында "Республика" сайты зардап шеккендердің бірінің сұхбатын жариялады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құқық қорғаушы Қаңтар кезінде Қошмамбет ауылында азапталған тәжіктерге көмектесуге ынта танытты- Қаңтар оқиғасынан кейін әлеуметтік желіде Қырғызстан азаматы Викрам Рузахуновтың 200 доллар ақша алып, дүрбелеңге қатысқаны туралы видео тараған. Қырғызстанның әлеуметтік желі қолданушылары музыкант Рузахуновты танып, Қазақстан полициясынан босатуды талап еткен.
- Қазақстанның күштік құрылым өкілдерінің Рузахуновты ұстап, ұрып-соққаны мәлім болып, мәселеге жергілікті және халықаралық ақпарат құралдары назар аударған. Ізінше Қырғызстан билігі мен қоғамының араласуымен Рузахунов босатылып, Бішкекке жеткізілген. Бішкектегі ауруханада оған операция жасалды.
- Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Қаңтар қантөгісі кезінде кемінде 238 адам өлген. Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде Қырғызстанның 10-ға жуық азаматы ұсталып, босатылғаны айтылған. Қырғызстанның екі азаматы қаза болған. Олардың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы ақпарат жоқ.
Your browser doesn’t support HTML5