"Тарихпен ойнау". Ресей 9 мамырды балалар арасындағы пропагандаға қалай пайдаланып жатыр?

Чебоксары қаласындағы балабақшадағы "Жеңіс терезесі" акциясы.

Соғыс жайлы спектакль, әскери символдармен мектептегі шаралар, тағзым ету үшін тізерлеп отыру, "Өз адамдарымызды тастамаймыз" ұранымен гуманитарлық көмек жинау, Украинада соғысып жүрген солдаттарға хат. Ресейде балалар 9 мамыр Жеңіс күнін осылай атап өтіп жатыр.

"БАЛАЛЫҒЫН ҰРЛАҒАН СОҒЫС"

Мамырдың басында Новосібірдегі "Хвоя" парк-отелінде балаларға арналған әскери спектакльдің хабарландыруы шықты. Афишада танк пен әскери формадағы көңілді бала бейнеленіп, "Менің бала кезімде соғыс болды" деген жазу жазылған.

Спектакльдің афишасы.

– 9 мамырда "бұрынғы соғыстағы" жеңісті тойлаймыз ғой, бұл өткен соғысты меңзеген еді. Неге бәрі "қазіргі балалар соғыс көріп жатыр" дейді?! Біз бұл шуды түсінеміз. Балаларға арналған спектакль және оның мақсаты – балалардың патриоттық эмоциясын ояту. Бұл – өткен ғасырда соғысқа аттанған бала Лешаның хикаясы. Балаларға бұрынғы соғысты еске салғанның несі айып? – дейді қонақ үйдің өкілі.

"Бұл спектакльдің әскери пропагандасы жоқ па?" деген сауал қойғанда телефонды тастай салды.

Қонақ үй жұрттың "қарсылығына байланысты" 9 мамырға жоспарланған спектакльды өткізбейтін болды. Афишаны да алып тастаған.

Новосібірдегі "Коза-Егоза" жеке театры да әскери пропагандаға бағытталған спектакль қойған. "Қызып тұрған тақырып" деген театр өкілдері "Мен бала кезімде соғыс болған" қойылымымен біраз уақыттан бері балабақша мен мектептерге гастрольдетіп жүр екен және "ешкім шағым" айтпаған. Бірақ желідегі шудан кейін әскери спектакль театрдың репертуарынан сызылған.

Балалар "Мен бала кезімде соғыс болған" қойылымын тамашалап отыр.

– Біраз уақыт бұрын баламның туған күніне театр іздеген кезде афишаны көріп қалған едім. Ертегі қойылым бойынша хабарластым, сол кезде әскери спектакль жайлы да сұрадым. Олар балалар мекемелер есеп беру үшін осындай спектакльдерге тапсырыс береді деп шындарын айтты. Таң қалдым, бірақ қатты таңдандым дей алмаймын. Себебі біздің мектепте балаларға "гуманитарлық көмек" ретінде шұлық, жуынатын заттар әкелуді, солдаттарға хат жазуды тапсырады. Заттарды апарып, қатысамыз, балам келеңсіз жағдайға қалғанын қаламаймын, - деді Галина есімді Новосібір тұрғыны

Бұған дейін "Коза-Егоза" жеке театрын құрушылар "Подъем" сайтына "Совет одағының техникаларын пайдаланып, солдаттар деген кім екенін түсіндіріп, жануарлардың медбикелерге көмегін көрсету арқылы Ұлы отан соғысы қалай болғанын" көрсеткенін айтқан. Театр өкілдері осы арқылы балалардың "патриоттық эмоциясын оятуды көздедік" деген.

Тверь облысындағы балабақшада қойылған бұл спектакльге жазылған пікірде "қойылымдан соң балаларға әскери хрониканың кадрларын көрсетіп, солдаттарға зат жинауды ұсынғаны" айтылады.

Белый қаласында №2 балабақшаның тәрбиешілері "Балалар спектакльді қызыға көрді, батырдың жоғалған қарындасына уайымдады. Алешка әскери мамандықтар жайлы көп қызықты деректер айтты. Балалар спектакльді көріп, отанымыздың өткен ерлігі жайлы білімін байытты" деп жазды. Бірақ ата-аналар желіде спектакль қарсы шықты. Қолданушылардың бірі "соғысты хайпқа айналдырды, балаларға ұсынатын ойыншықты тапқан екен" деп жазды.

"МАЙДАНҒА УАЗ КӨЛІГІН ЖІБЕРУ"

Қазір Ресейдің көптеген мектептері мен балабақшаларында "Жеңіс терезесі" ("Окно победы") шарасы өтіп жатыр. Челябинск облысы Усть Катав қаласындағы №13 балабақшада еріктілер балалармен бірге сурет салып, майдандағы солдаттарға жіберген. Жергілікті басылымдардың жазуынша, балалар әскери костюмге лента байлаған.

Чебоксары қаласындағы балабақшадағы "Жеңіс терезесі" акциясы.

Ресей көп жылдардан бері Екінші дүниежүзілік соғысты еске алу шарасын әскери пропагандаға пайдаланып жүр. Георгиев лентасы, "Тағы қайталай аламыз" деп жазылған стикерлер, "Мәңгілік полк" – пропаганданың бір бөлігі ғана.

– Ұзақ үзілістен соң 1965 жылы 9 мамырда әскери парадты қайта өткізіп, Кремль идеологиясы Ұлы отан соғысын үнсіз тағзымнан жария мақтанға айналдырды. Бұл өзінің саяси сәтсіздіктерін жасыру үшін жасалды. Мұның екі салдары бар. Біріншіден, совет идеологиясының даму векторы ылғи өткенге қарайлаудан тұрды, бұл мәңгі "тоқырауға" әкелді. Екіншіден, соғысты еске алу шынайы тарихтан алыс әрі мемлекеттің қолдан жасаған мақтан мифіне айналды, – дейді тарихшы Илья Бобрик. – Владимир Путин президент болып, Жеңіс мифологиясын қайта қарастырып, өзінің ретроутопиясының орталығы етіп және оны сыналмас үшін заңмен қорғап, ресейліктерде "қайта ұсынды". Адамдарды еске алу мүмкіндігінен айырды, бірақ Жеңісті көтеру арқылы мәдениетте милитаризмді алға жылжытуға үлкен жол ашты. Тарихпен ойнаудың салдарынан ресейліктердің санасында соғыстың қайғысы дұрыс бағаланбады, жеңіске жетудің мүмкіндігі асыра көрсетіліп, адамның өмірі құнсызданды. Мұның салдары – Украинадағы соғысты жаппай қолдау.

Ресей аймақтарында "Өз адамдарымызды тастамаймыз" көрмесін ақпанда өткізе бастаған. Мамырда Татарстанда мектептегі көрме кезінде оқушылардан жиналған ақшаға УАЗ көлігін алып, майданға жібереміз деп уәде берген. Балалар үйлерінен әкелген нан-тоқаштары мен қол жұмыстарын сатқан көрмеде қанша ақша жиналғаны белгісіз. Бірақ Высокогорск ауданы басшысы Равиль Хисамутдинов "ауданнан 23-машинаны майданға жібердік" деп мақтанған.

Красноярск аймағында мамырда арнайы шара кезінде мектептерде әскерилерге деп дәретхана қағазы, жуынатын заттар, іш киімдер, дәрі-дәрмек, консервілер, ыдыстар жинаған.

Бұған қоса, шараға қатысушыларға майдандағы солдаттарға хат жазу ұсынылды. Хат "Құрметті біздің батыр, қорғаушы солдатымыз! 1945 жылғы Ұлы жеңіс күнімен құттықтаймыз. Саған мықты денсаулық, төзім, ержүректік, күш және туған-туыстарыңызға оралуды тілейміз" деп басталуы керек.

3 мамырда Забайкал аймағында Ресейде бірінші рет балаларға арналған "мәдени фронт" ашылған. Аймақ губернаторы Александр Осиповтың сөзінше, қозғалыстың мақсаты – "мәдениетті, құндылықты, тарихты сақтау". Бұл "фронтқа" Украинадағы соғысты қолдағаны үшін халықаралық санкцияға ілінген дума депутаты Николай Бурляев жетекшілік етеді.

2023 жылы көктемде Ресей билігі балабақша мен бастауыш сыныптарда патриоттық тәрбие беруді бастайтынын мәлімдеген. Патриоттық "азбукаға" "сенім", "әскер", "отан", "дәстүр" деген сөздерді енгізген. Бұған қоса Ресей үкіметі 2024 жылдың бюджетінен жастардың патриоттық ұйымдарын қаржыландыру үшін рекордық көлемде – 45,9 млрд рубль бөлген.

Мамыр қарсаңында Ресейдің көптеген аймақтары жастардың "патриоттық тәрбиесіне" бюджеттен көп қаржы жұмсай бастады. Мысалы, сәуірде Краснояр аймағында "Офицерлер үйі" патриотизмге 30 млн рубльден артық ақша шығындаған.

"Агенство" сайты сәуір айында Ресей мектептерінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде "совет халқына жасалған геноцидті" еске алу үшін оқушыларды тізерлетіп, тағзым еткізгенін жазды. "Агенство" "ВКонтакте" желісінде жарияланған 300-ден аса фотоесепті тапқан. Бұл фотолар Мордовия, Чувашия, Башқұртстан, Омбы, Ростов, Иркутск, облыстары мен аннексияланған Қырымда түсірілген.

Азаттықтың Сибирь.Реалии жобасының мақаласы орыс тілінен аударылды.