Сот Бишімбаевты 24 жылға, Байжановты 4 жылға түрме жазасына кесті

Қуандық Бишімбаев пен марқұм Салтанат Нүкенова

"Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев пен осы оқиғаны жасырды деп айыпталған оның туысқан бауыры Бақытжан Байжановқа үкім шықты.

Астанадағы ауданаралық қылмыстық сот бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевты "әйелі Нүкенованы қинап, аса қатыгездікпен өлтірді" деген айыппен 24 жылға түрме жазасына кесті. Ал "қылмысты жасырды" деп айыпталған Бақытжан Байжановты 4 жылға соттады.

Істі қараған судья Айжан Көлбаева екеуінің айыбы жәберленушілердің айтқанымен, экспертизамен, видеолармен, аудиожазбалармен, куәгерлердің сөзімен дәлелденді деп мәлімдеді.

Сот үкім шығарар кезде Бишімбаев пен Байжановтың кәмелетке толмаған балалары барын ескерген. Ал Бишімбаевтың бұрын сотты болғанын және қылмысты мас күйде жасағанын жағдайды ауырлататын жайт деп таныған. Тараптар сот үкімімен келіспесе, 15 күннің ішінде апелляциялық шағым түсіруге құқылы.

Бишімбаев сот үкімі түсінікті десе, Байжанов үкімге қатысты пікірінде "не үшін 4 жыл берілді? Кінәсіз адамды соттадыңыздар" деді.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Судья үкімді түсіндіріп, алқабилер басым дауыспен "Бишімбаев Нүкенованы қинап, аса қатыгездікпен өлтірді", "Байжанов аса ауыр қылмысты жасырды" деп танығанын айтты.

Сот аяқталған соң марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары жылап шықты. Әкесі Амангелді Нүкенов Азаттыққа "ауыр жаза күткен, бірақ 24 жыл жазаны да қабылдайтынын" мәлімдеді. Салтанаттың әкесі үкім шығар алдында "Бишімбаевқа өмірлік жаза тағайындамаса, шешім әділ болды деп есептемейтінін" айтқан еді.

Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді "Осындай үкімді де бір нұсқа ретінде күткенбіз. Осы жазамен тоқтаймыз. 24 жылдан кейін ол 68 жасқа келеді. Мұны өмірлік жаза деп қабылдасақ та болады" деді.

Ал Бишімбаевтың анасы Альмира Бишімбаева сот үкімі оқылып жатқанда жылап, басын шайқап тұрды. Бірақ ол соттан кейін тілшілерге пікір беруден бас тартты.

Бишімбаевтың адвокаттары сот шешімімен келіспейтінін, оған шағым түсіретінін мәлімдеді.

Прокурор Айжан Аймағанова "Бишімбаев шартты жазамен босап шығуға тек 2040 жылы өтініш бере алатынын, бірақ уақытынан бұрын шартты жазамен босап шығу үшін жәбірленуші тараптың келісімі керегін" айтты.

Жоғарғы соттың мәліметінше, мемлекеттік айыпталушылар Бишімбаевқа 24 жыл жаза сұраған.

9 қарашада Астанадағы BAU мейрамханасында Салтанат Нүкенова қаза тапқан. Оның өліміне күдікті ретінде Қуандық Бишімбаев ұсталған еді. Оқиға болған ресторан Бишімбаевтар отбасына тиесілі. Осы оқиғадан соң Бишімбаевқа Салтанат Нүкенованы "аса қатыгездікпен қасақана өлтірді" деген айып тағылса, Байжанов "қылмысты жасырды" деп ұсталған еді.

СОТ ПРОЦЕСІ ҚАЛАЙ БОЛДЫ?

11 наурызда басталған сот процесін Жоғарғы сот 27 наурыздан бастап Youtube желісі арқылы тікелей трансляцияда көрсетіп, әр сот отырысын миллиондаған адам тамашалады. Процесс кезінде марқұм Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді қарындасының көзі мен беті көгерген фотоны көрсетті. Ол Бишімбаевтың Нүкенованы ұзақ уақыттан бері ұрып, қысым жасап келгенін айтқан.

Марқұм Салтанат Нүкенова.

Ал 44 жастағы Бишімбаев соттың басынан "Нүкенованы аса қатыгездікпен әдейі өлтірмегенін" айтумен болды. Ол 9 қарашада Астанадағы BAU мейрамханасында "Нүкенова екеуі алкоголь ішіп, кейін Нүкенова еденге және унитазға өзі құлап, басын жарақаттап алғанын" алға тартты.

9 сәуірде сотқа келген сот-медицина сарапшысы Тахир Халимназаров Нүкенованың басынан алған жарақаттарын манекенге салып көрсетіп, "жарақатқа бастан ұру себеп болғанын" айтқан. Сарапшының айтқаны Бишімбаевтың "Нүкенова еденге, унитазға өзі құлады" деген сөзін жоққа шығарды.

"Есін білетін адам басынан мұндай жарақат алмайды. Себебі есін білетін адам құлағанда рефлектімен басын қорғайды. Егер адам биіктен құлдырап барып құласа басын қорғай алмауы мүмкін. Ондай да болады. Бірақ адам тегіс жерде тұрып құласа, мұндай жарақаттарды алуы мүмкін емес" деген еді экспертиза өкілі.

Сотта оқиға болған күні мейрамханаға полиция келген кездегі видеоны да көрсетті. Полиция жетонына жазылған видеода полицейдің "Күйеуі әйелімен ұрсысып, өлімші етіп ұрып тастаған. Әйелі – "Груз-200". Күйеуі ұсталды" деген естіледі. Ал Бишімбаев полиция көлігінде "Мен не істеп қойдым? Мен оны өлтірдім" дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кінәлімін, бірақ қасақана өлтірген жоқпын". Бишімбаевтың соңғы сөзі

Отырыс кезінде ресторанның камерасына түсірілген видео да көрсетіліп, онда Бишімбаевтың Нүкенованың басынан ұрып, шашынан сүйрегені көрінді. Бишімбаев Нүкенова ес-түссіз жатқанда жедел жәрдемге емес, балгерге хабарласқаны, басқа әйелдермен хабарлама жазысқаны белгілі болды.

Ал Бақытжан Байжанов сол күні ресторан қызметкерлерін таратып, видеокамерадағы жазбаларды өшіргені, Нүкенованың телефонын Салтанаттың үйіне апарғаны анықталды. Байжанов айыпты мойындамады. Ол камерадағы видеоны Бишімбаевтың бұйрығымен өшіргенін, Нүкенованың қаза тапқанын да, видеоны өшіру себебін де білмегенін айтты.

Айыпталушылар Қуандық Бишімбаев (ар жақта сол жақта) және Бақытжан Байжанов, 12 наурыз 2024 жыл.

Сотта белгілі болғанындай, Бишімбаев мейрамхананың VIP-кабинкасында жатқан Салтанаттың денесі суық болып кеткен соң Байжановқа жедел жәрдем шақыруды тапсырған. Кешкі сағат 8-де келген жедел жәрдем Нүкенованың қайтыс болғанын айтқан.

22 сәуірдегі сот отырысында Бишімбаев сотқа ұялы телефонының паролін беріп, телефоннан былтыр 9 қарашада түсірілген 12 видео табылды. Видеода Бишімбаевтың Салтанаттан "Райымбек Батталовпен жаттың ба?" деп бірнеше рет сұрап, қинап жатқаны естіледі. Судья Айжан Көлбаева марқұмның ағасы Айтбек Амангелдіге видеоның ауыр екенін айтып, "көрмей-ақ қойыңыз" деген. Бірақ Нүкенованың ағасы видеоны көрейін деп шешіп, артынан жылап жіберді.

Бишімбаев басында бұл видеоларды монтаж деген, бірақ кейін видеоны өзі түсіргенін мойындады. Артынша "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Батталов видеомәлімдеме жасап, Бишімбаевтың сөзін жоққа шығарып, видеодағы сөздерді "сандырақ", "жала" деп атады.

Істі қараған судья Айжан Көлбаева сотта.

Бишімбаев соңғы сөзінде Нүкенованың өліміне себеп болғанын мойындап, бірақ "қасақана өлтірмегенін" айтты. Ал Байжанов соңғы сөзінде айыпты мойындамады, "бірақ оның жазасы басқалардың қайғысын жеңілдетсе, кез келген жазаға дайын екенін" жеткізді.

31 жастағы Салтанат Нүкенованың қазасы Қазақстанда жиі болатын құбылыс – әйелге әлімжеттік жасау мәселесін күн тәртібіне қайта шығарып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніндегі пікірталасты күшейті. Құқық қорғаушылар әйелді кемсіту "барлық деңгейде" әлі жалғасып отырғанын айтады.

Ал Бишімбаевтың соты болып жатқан тұста Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны қатайтатын заң қабылдады. Елде бұған дейін отбасындағы зорлық-зомбылыққа әкімшілік жаза беріліп келсе, енді қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бишімбаевтың соты миллиондаған адамның назарын аударды. Неліктен?

Бишімбаев кезінде "Болашақ" бағдарламасымен Батыста білім алған, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі тұсында үкіметте жоғары лауазымды қызметтер атқарған. 2017 жылы қаңтарда Бишімбаев жемқорлық айыбы бойынша ұсталып, 2018 жылы наурызда он жылға сотталған. Кейін президент оған рақымшылық жариялап, сот кескен жаза мерзімін төрт жылға дейін азайтқан. 2019 жылы қазанда Бишімбаев шартты жазамен түрмеден босап шыққан.

Осы дау өршіген тұста құқық қорғаушылар Қазақстан билігін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды күшейтуді талап еткен. Парламент осы талаппен үндес заң жобасын қабылдап, 15 сәуір күні оған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Ел арасында бұл заңды "Салтанат заңы" деп атай бастады.

Ал Қуандық Бишімбаев кезінде Батыста білім алған, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі тұсында үкіметте жоғары лауазымды қызметтер атқарған. 2017 жылы қаңтарда Бишімбаев жемқорлық айыбы бойынша ұсталып, 2018 жылы наурызда он жылға сотталған. Кейін президент оған рақымшылық жариялап, сот кескен жаза мерзімін төрт жылға дейін азайтқан. 2019 жылы қазанда Бишімбаев шартты жазамен түрмеден босап шыққан.