Тасқыннан кейінгі наразылық. Бишімбаев үкімінің заң үстемдігіне әсері

Жылыой ауданы әкімдігі алдында наразылық білдірген Құлсары тұрғындарының Тоқаевқа тағы да қайрылып, үндеу жолдап тұрған сәті. Атырау облысы, 15 мамыр 2024 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысы Құлсары қаласы тұрғындарының мемлекет белгілеген өтемақыға неліктен наразы болғанын талдады. Сонымен қатар бұрынғы министрі Қуандық Бишімбаевқа шыққан үкім Қаңтар оқиғасынан кейін саяси нигилизмге салынған жұрттың елде заң үстемдігі орнайды деген үмітін оятқанын жазды. Одан бөлек үкімет Қашағанды игеруші Батыс компанияларынан көптеген миллиард доллар өтемақы өндіру жайлы талап қойған тұста кен орнында мұнай өндіру көлемі төмендегеніне тоқталды.

СУ ТАСҚЫНЫНАН КЕЙІНГІ НАРАЗЫЛЫҚ ЖӘНЕ "ҮНДЕУГЕ ЖАУАП БЕРМЕГЕН ТОҚАЕВ"

Eurasianet басылымы су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғындары үкімет өтемақысымен келіспей, наразылыққа шыққанын жазды.

Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Алмаз Куменов үкіметтің тасқыннан зардап шеккен үйдің шаршы метрін 240 мың теңгеге бағалаған өтемақысымен құлсарылықтардың келіспегеніне назар аударды. Тұрғындар әр шаршы метрді 400 мың теңгеге бағалауды сұраған. Оған қоса үйді өз бетінше қалпына келтіру үшін бұл ақшаны қолға беруді талап етті.

Ал жергілікті шенеуніктер мемлекет үйдің шаршы метрін нарықтағы бағаға сәйкес бағалағанын, өтемақыны тұрғындарға тікелей беру апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету тәртібіне сай келмейтінін мәлімдеді.

Your browser doesn’t support HTML5

Құлсары тұрғындары 400 мың теңге дегенді қайдан алды?

50 мың тұрғыны бар Құлсары қаласының тұрғындары 15 мамырдан бері жергілікті әкімдік алдына күнде наразылыққа жиналып жүрді. Ақпарат құралдары 22 мамыр күні наразылықта тұрған тұрғындар тарағанын хабарлаған. Жылыой ауданы әкімдігі «Құлсары қаласындағы бейбіт жиналыс аяқталды» деген ақпарат таратты. Әкімдік ақпараты бойынша, жергілікті мәдениет үйінде бағалау нәтижелерімен келіскен қала тұрғындары мен әкімдік арасында келісімге келу туралы шарттарға қол қойып жатыр. Бірақ шартқа әлі келіспегендер бар.

Наразылыққа қатысқан тұрғындар Азаттыққа берген сұхбатында қарсылардың қатарына басқа мақсатпен келіп, саяси талаптар қоя бастаған соң, халық арандап қала ма деп бейбіт жиналысты тоқтатуға мәжбүр болғанын айтқан.

Биылғы көктемде елдің солтүстігі мен батыс аймақтарын су басып, миллиондаған адам материалдық шығынға батты. Кей өзендер су тасқын кезіндегі деңгеймен бірдей немесе соған жетеқабыл. Үйінен кетуге мәжбүр болған 5 мыңға жуық тұрғын әлі де уақытша паналау орталықтарында тұрып жатыр.

Наразылыққа шыққан құлсарылықтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуін талап еткен. Басылым Тоқаев әзірге бұл үндеуге жауап бермегенін жазды. Бірақ президент жергілікті шенеуніктерге су тасқынынан зардап шеккендерге көрсетілетін мемлекеттің көмегін жақсырақ түсіндіруді міндеттеді.

«Жергілікті атқарушы органдардың жетекшілері азаматтармен белсенді және тиімді жұмыс істеп, туындаған мәселелерді шешу және жұрттың орынды талап-тілегін орындау жөніндегі мемлекеттік саясат пен қабылданып жатқан шараларды нақты түсіндіруге міндетті», деді 18 мамыр күні премьер-министр Олжас Бектеновтің су тасқынынан кейінгі ахауалға қатысты есебін тыңдаған Тоқаев.

Ресми мәлімет бойынша, үкімет су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға үйлерін жөндеуден өткізуге және қырылған мал үшін әзірге 11 миллиард теңгеден астам өтемақы төлеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Құлсарыдағы наразылық: тасқын қиратқан үйдің өтемақысы неге дау тудырды?

БИШІМБАЕВТЫҢ СОТЫ ЕЛДЕГІ САЯСИ НИГИЛИЗМГЕ НҮКТЕ ҚОЙДЫ МА?

АҚШ-та шығатын Foreign Policy журналы әйелі Салтанат Нүкенованы «аса қатыгездікпен өлтірді» деген айыппен 24 жылға сотталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа шыққан үкім заң шын мәнінде елде әділеттілік орнайды деген үмітті оятқанын жазды.

Мақала авторлары Швейцариядағы Базель университетінің ассистент профессоры Ботагөз Қасымбекова мен АҚШ-тағы ұлттық қауіпсіздік университетінің ассистент профессоры Эрика Марат тікелей онлайн эфирде көрсетілген сот процесі қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы пікірін өзгерткен бетбұрысты оқиға болды дейді. Ең маңыздысы, бұл сот бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерді жауапқа тартуға болатынын көрсетті.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта. Астана, 3 сәуір 2024 жыл.

Марат пен Қасымбекова 2022 жылдың басында кемі 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасы кезіндегі халықты көшеге алып шыққан себептердің бірі − жоғары деңгейдегі жемқорлық екенін келтіреді.

«Содан бері президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси және экономикалық реформаларды іске асырып, «Жаңа Қазақстан» құруға уәде етті, бірақ үкіметке сенімсіздік сақталып қалды». Бишімбаев 2017 жылы ұсталып, жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталды, бірақ үш жыл толмай шартты жазамен бостандыққа шыққан. Көпшілік Бишімбаевтың үкіметпен байланысы оны қатаң жазадан құтқарып қалады деп топшылады.

Авторлар сот Тоқаевтың ұлттық мүддені жеке қарым-қатынастан жоғары қоямын деген уәдесі үшін сынаққа айналды дейді. Әлеуметтік желіде Бишімбаевқа шыққан үкімге халық оң бағасын беріп жатты.

«Бұл − Қазақстандағы зорлық-зомбылықтың легитимдігін даулаған алғашқы сот процесі. 2022 жылы Қаңтардағы зорлық-зомбылық құрбандары күштік құрылым өкілдерінің жауапқа тартылғанын көрмеді».

Бұл процеске қоғам назары күшті болғаны соншалық, авторлардың жазуынша, үкімет наразылықтың қайталану қаупімен бетпе-бет келді: тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуге үндеген петицияға 150 мыңнан астам адам қол қойды. Бұған жауап ретінде үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заң қабылдады.

Тоқаевқа қысым күшті болды, бұл оның «Жаңа Қазақстан» идеясын сын тезіне салды. «Егер Тоқаевты Бишімбаев сияқты адамдарды қорғайды деп санаса, бұл Назарбаев тұсындағы «ескі Қазақстанды» елестетер еді. Қазақстанда көпшілік, әсіресе, әйелдер ақтау үкімі шыққан жағдайда наразылыққа шығуға дайын екенін мәлімдеген».

Қасымбекова мен Марат бұл іс азаматтық сананы кеңейтті дейді. Үкімет Қаңтар оқиғасы құрбандары мен жәбір көргендердің шағымын сотта әділ қараудан бас тартты, көптеген азамат саяси нигилизмге салынып, наразылық нәтиже бермеді деген тоқтамға келді. Авторлардың пайымдауынша, сот олардың бұл қаупін сейілтіп, заңды үкімет өзгеше ойлауды басу үшін ғана емес, әділет орнату үшін пайдаланады деген үмітін оятты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бишімбаев ісінен кейін әйелдер үйдегі әлімжеттікті жиі айта бастады

ҚАШАҒАН КЕН ОРНЫНДА МҰНАЙ ӨНДІРУ КӨЛЕМІ ТӨМЕНДЕГЕН

Мұнай-газ саласын жазуға маманданған Upstream Online басылымы Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемі төмендегенін жазды.

Елдегі ең ірі Қашаған, Қарашығанақ пен Теңіз кен орындарын Батыстың компаниялары игеріп жатыр, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының әр кен орнында үлесі бар.

Мақала авторы Владимир Афанасьев «ҚазМұнайГаздың» осы аптада жариялаған есебіне сүйеніп, биыл бірінші жарты жылдықта Қашағанда мұнай өндіру көлемі екі пайызға төмендеп, тәулігіне 65 баррель шамасында болғанына назар аударды.

Қашаған жобасының операторы North Caspian Operating Company консорциумында «ҚазМұнайГаздың» үлесі – 16,9 пайыз. Консорциум акцияларының қалған бөлігі Eni, Shell, TotalEnergies пен ExxonMobil арасында теңдей бөлінген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путин Орталық Азияға қысым көрсетіп жатыр ма? Астана мұнай келісімшарттарын қайта қарастырғысы келе ме?

Қазақстан үкіметі North Caspian Operating Company-ға кіретін Батыс компанияларынан көптеген миллиард доллар өтемақы өндіріп алу жайлы талап қойып, халықаралық арбитражға шағым түсірген. Шетел ақпарат агенттіктерінің жазуынша, шағымға Қашаған жобасы жоспардан 10 жылға кешіккендіктен, Қазақстанның өзі күткен табысқа қол жеткізе алмауы себеп болған.

Батыс акционерлері бұған дейін үкіметке 5 миллиард доллар өтемақы төлеуге келіскен. Ал 2009 жылы үкімет жобаның кешігуіне алаңдаушылық білдірген соң, «ҚазМұнайГаздың» үлесін екі есе көбейту жайлы келісімге келген.

Теңіз кен орнында мұнай өндіру 2 пайызға өсіп, тәулігіне 125 мың баррельге жеткен, ал Қарашығанақта бұл көрсеткіш 4 пайызға өсіп, тәулігіне 24 300 баррель болған.

«ҚазМұнайГаз» биыл бірінші жарты жылдықта мұнай мен конденсат өндірісін тәулігіне 506 мың баррельге жеткізіп, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға өсіргенін жазды. Бұған себеп болған негізгі фактор – «ҚазМұнайГаздың» былтыр қарашада TotalEnergies компаниясынан «Доңға» кен орнының 60 пайыз акциясын сатып алуы.

Қазақстан Мәскеу Украинаға басып кірген соң, Ресейді айналып өтетін мұнай экспортының дәліздерін дамытуға ұмтылып жатыр. Үкімет ұлттық компанияға балама экспорт дәліздеріне инвестицияны арттыруды тапсырған. Есепке қарағанда, Каспий теңізімен мұнай тасымалдау 65 пайызға немесе тәулігіне 289 мың баррельге артты.