"Антиядролық болмысымызды оятуымыз керек". Қазақ жастарының ядролық әділет жолындағы бастамасы

STOP қозғалысы мүшелері (солдан оңға қарай) Әлішер Хасенғалиев, Медет Сүлеймен, Адия Ахмер, Жібек Тоқташ, Айгерім Сейтенова, Ердәулет Рахматулла. Нью-Йорк, 2023 жыл | STOP архивінен

Оюлы костюм, бешпет, тақия киген бес жас Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде "Ядроға тыйым" деген жазуы бар баннердің алдында сөз сөйлеп отыр. "Совет одағы империя болғандықтан Қазақстанның мемлекеттігін, жері мен халқының құндылығын ескерместен ядролық сынақ өткізді, орны толмас қасірет әкелді. Бұл жараны емдеуге отарсыздану көмектеседі" дейді киіз үй бейнесіндегі төсбелгі таққан Әлішер Хасенғалиев. "Біз мұнда қазақ жастары атынан ғана емес, Орталық Азия жастарының үнін естіртуге келдік" дейді оюлы костюм киіп ортада отырған Ердәулет Рахматулла. "Біз Қазақстанның жаңа буынымыз. Совет одағымен ешқандай байланысымыз жоқ. Сондықтан біз билікке келгенде бірдеңе өзгереді. Соны көруге асықпын" дейді бешпет киген Адия Ахмер.

Бұл – Steppe Organization for Peace (Бейбітшілік жолындағы дала ұйымы) немесе STOP деп аталатын қазақ жастар бастамасының 2023 жылы қарашада Нью-Йоркте өткен халықаралық антиядролық жиында сөйлеген сөзі. Ядролық қаруға тыйым жөніндегі келісімге (TPNW) қол қойған елдердің екінші кездесуіне (MSP) 59 елден 90-нан астам делегация қатысқан. Кездесуден бірнеше ай бұрын ғана құрылған STOP сол жиында Қазақстанның атынан барған жалғыз үкіметтік емес бірлестік болды.

БҰҰ Бас штаб-пәтеріндегі STOP мүшелері: (солдан оңға қарай) Адия Ахмер, Әлішер Хасенғалиев, Жібек Тоқташ, Айгерім Сейтенова, Ердәулет Рахматулла. Нью-Йорк, 2023 жыл | STOP архивінен

Әлі ресми тіркелмеген ұйым "бізде тек Instagram парақша ғана бар" десе де мамырдың ортасында STOP алғашқы әрі халықаралық шарасын өткізді: ICAN – ядролық қаруға қарсы кампаниямен Семейге іссапар ұйымдастырды. Азаттық жоба мүшелерінен антиядролық белсенділік, оның маңызы мен құндылықтары, алдағы жоспары туралы сұрап көрді.

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУҒА ҚАРСЫЛЫҚ – ҚАЗАҚ БОЛМЫСЫНЫҢ БІР БӨЛІГІ

STOP-ты бастама ретінде 2023 жылдың жазында бес адам құрған, олардың үшеуі – студент. Айгерім Сейтенова – Семейде туып-өскен, ядролық қарусыздандыру саласындағы белсенді, Жібек Тоқташ – Қазақстандағы Фридрих Эберт қорында коммуникация жетекшісі, Адия Ахмер – Назарбаев университетінде саясаттану мамандығының 3-курс студенті, Әлішер Хасенғалиев – Қазақ-неміс Университетінде халықаралық қатынастар мамандығының 3-курс студенті, Ердәулет Рахматулла – Венгриядағы Мемлекеттік қызмет университетінде халықаралық қатынастар мамандығының 2-курс студенті.

Олардың антиядролық тақырыппен таныстығы 2021 жылы басталған. Сол жылы Жібек жұмыс істейтін Фридрих Эберт қоры "Ядролық қарусыздандыру және ядролық қаруды таратпау" бойынша үш күндік мектеп ұйымдастырады. Сонда Айгерім оқытушы ретінде, Адия, Әлішер мен Ердәулет қатысушы ретінде танысады. "Жас зерттеушілерді ядролық саясат мәселесін талқылауға шақыруды" мақсат еткен мектепте ядролық қарудың тарихы, ядролық сынақтардың қоршаған орта мен адамға әсері, Қазақстанның ядролық саясаты туралы айтылады.

"Атом улаған дала" кітабының тұсаукесері. Панель талқыға қатысқан STOP мүшелері (солдан оңға қарай) Жібек Тоқташ, Әлішер Хасенғалиев, Айгерім Сейтенова, Адия Ахмер. Астана, 2022 жыл | Фридрих Эберт коры

– Халықаралық қатынастар мамандығында оқыған соң ядролық қару тақырыбы әйтеуір бір кездесіп жүретін. Бірақ белсенділікпен айналысамын деген ой болмады. Маған саясат, тарих қызық. Зерттеуші болғым келді. Мектепке өтініш бергендегі мақсатым да сол – тереңірек білім алу болды. Ақыры қабылданған жиырмаға жуық адамның ішінде төрт қана студент болдық. Басқалары бұл тақырыптан хабары бар, халықаралық құжаттар, ядролық саясат не екенін білетін мамандар еді. Сол көштен қалмас үшін белсенді араласуға, көбірек білуге тырыстым. Бұл Семей тарихымен жаңадан танысуға және Қазақстанның сыртқы саясаты туралы ғылыми әрі тарихи тұрғыдан бейтарап білім алуға керемет мүмкіндік берді. Антиядро тақырыбын жақын тартып, қызыға түсуіме сондағы оқытушылардың бірі ғалым Тоғжан Қасенова да көп үлес қосқан сияқты, – дейді Әлішер Хасенғалиев.

Қазір Вашингтонда тұратын ядролық саясат жөніндегі сарапшы, ғалым Тоғжан Қасенова – 2022 жылы жарық көрген "Атом улаған дала" кітабының авторы. Кітапта Қазақстанда 40 жыл бойы (1949-1989 жылдар) жүргізілген ядролық сынақтар, сол кездегі саяси шешімдер мен Семей полигоны туралы айтылады және автор бұл еңбегін жазуға 15 жылға жуық уақытын сарп еткен. Ғалымның өмір жолы STOP-ты дүниеге әкелген фактордың бірі деуге болады. "Ол бұл қасіретпен байланысыңды сездіре алады, сені басты кейіпкер ете алады" дейді Әлішер.

– Тоғжан бұл тақырыпқа жай ғалым, маман ретінде қарамайды. Ол өзін қазақ ретінде осы жолға арнаған. Кезінде әкесі де осы салада еңбек еткен. Оның сөзінде эмоциясы мен эмпатиясы анық білініп тұрады. Осыдан соң біз де ядролық қару тақырыбын жеке мәселеміздей қабылдай бастадық, – дейді Жібек Тоқташ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеу ядролық қаруымен сес көрсетті, атом бомбасынан бас тартқан Қазақстан қателесті ме? Сұхбат

Кейін Тоғжанның кітабы Жібектің ядролық қаруға қарсы белсенділікпен айналысуына түрткі болған. Себебі 2022 жылдың басында Фридрих Эберт қоры "Атом улаған дала" кітабын қазақшаға аударуды қолдауға келіседі және қаңтардың аяғында Жібек қордың басқа да қызметкерлерімен бірге кітаппен ертерек танысады. Ал бұдан бір ай бұрын Қазақстанда кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасы болған еді. Осы жағдаяттар, бұдан кейінгі Ресейдің Украинаға шабуылы Жібекті көп ойландырып, мен кіммін деген сұрақ қоюға итермелейді.

– Сол кезден бастап Семей полигонының қасіреті бүкіл Қазақстанның қасіретіндей сезіле бастады. Кейін Ресей Украинаға басқыншылық соғыс ашты. Қазақы болмысым, кім екенім жайлы сұрақтар пайда болды. Сол кезде де бұл кітап ел ретінде Ресейге деген көзқарасымды қайта таразылауға көмектесті. Тарихымыз, жан жарамыз туралы оқу терапия іспеттес еді, – дейді Жібек.

Your browser doesn’t support HTML5

Қаңтар көтерілісі. Арнайы репортаж

Университетте компьютер ғылымдары мен бизнес аналитика саласы бойынша білім алған Жібек 2020 жылы 4-курста жүргенде Фридрих Эберт қорына тәжірибеден өтуге келгенде азаматтық қоғам өміріне араласа бастайды. Жастар, әйел теңдігі, білім беру бойынша бірнеше жобаны ұйымдастыруға атсалысады. Сөзінше, ядролық қаруға қарсы қозғалыс өзін алаңдататын барлық тақырып тоғысқан жер болған.

– Қаңтар мен Украинадан кейін бейбітшілік қаншалық маңызды екенін түсіндім. Осы тұрғыда ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде Қазақстанның жолы бірегей. Біз бейбітшілікті насихаттайтын, соғысқа қарсы елміз. Бұл ең алдымен "Невада-Семей" қозғалысының арқасы. Сондықтан жас қазақстандық ретінде бұл мәселемен айналысу керек деген ойға келдім. Бәріміз Семей халқының үнін естіртуге, оларға лайықты құрмет пен көңіл бөлінуіне жауаптымыз. Артынша бұған отарсыздану деген призма қосылды. Бір сөзбен айтқанда, – дейді Жібек сөзін жалғап, – мен үшін пазлдар өз орнын тапқандай болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Атом жұтқан адамдар. Ядролық сынақ полигоны аймағында өршіген дерт пен суицид

"Қазақ жастарының ядролық қаруға қарсы қозғалыс пен белсенділікке араласа бастауы – уақтылы болып жатқан құбылыс" дейді Венгрияда оқып жатқан Ердәулет Рахматулла. Ол 2021 жылы Фридрих Эберт қорында тағылымдамадан өтіп жүргенде антиядролық мектепке қатысып қана қоймай, оны ұйымдастыруға да араласқан. Оған дейін ядролық қару сынақтарына тыйым салу бойынша басқа жобаларға қатысқан. "2021 жылы мұндай мектептің қандай маңызы болды?" деген сұраққа ол "Ядролық қару адамзаттың көзін жойып жіберуге қауқарлы. Мұнымен үнемі айналысып отыру маңызды. Бірақ бұл ұзақ уақыт бойы жүзеге асатын, тым абстракт мәселе болған соң көбі түсінбейтін сияқты" деп жауап берді.

– Ядролық саясат – Қазақстанның сыртқы саясатының өзегі және көп мемлекеттің басты мәселесі. Сондықтан саясат пен халықаралық қатынас тақырыбына қызығатын қазақ бола тұра ядролық қару мәселесінен алыс қалуың – ақымақтық, – дейді Ердәулет.

2021 жылы жазғы және қысқы екі антиядролық мектептің, "Атом улаған дала" кітабын аудару идеясының авторы және ұйымдастырушысы – Фридрих Эберт қорының жоба менеджері Медет Сүлеймен. Негізінен жастарға қатысты жобаларды ұйымдастырумен айналысатын ол ақпарат тапшылығы кесірінен көпшілік ядролық саясат тақырыбынан хабарсыз қалады дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеудің қаулысы, Назарбаевтың жарлығы. Семей полигонын жапқан кім?

– Халықаралық әріптестерге Қазақстанды таныстырғанда Семей полигоны, ядролық қарудан бас тартқаны туралы айтамыз. Бірақ ол жақта қазір не болып жатқанын білмейміз. Қанша жыл өтсе де миллиондаған адам жоғалып кеткен жоқ қой. Бір күні мутациясы бар нәресте босанған әйел туралы оқып, ақпарат іздей бастағанмын. Тұшымды ештеңе таппаған соң осыны талқылайтын алаң, жоба жасағымыз келді. Кейін Тоғжанның кітабы туралы естігенде бұл монументтік еңбекті қазақ тіліне аудару – қазақ ретіндегі борышымыздай көрдім, – дейді Медет.

Қазір Медет Сүлеймен бастамаға кеңесші ретінде көмектесіп отырады.

STOP мүшелері 1989 жылы басталып, халықаралық масштабта қолдау тапқан, кейін 1991 жылы Семей полигонының жабылуына түрткі болған "Невада-Семей" қозғалысын Қазақстан тәуелсіздігінің тірегі деп біледі. Бастама мүшелері өз белсенділігін сол қозғалыстан қалған мұра ретінде сипаттайды.

– Ядролық қаруға қарсылық пен ядродан ада әлем тақырыбы – Қазақстан мен қазақтардың болмысына тән. Бұл сонау 1989 жылы Совет одағының құрамында бола тұра Алматыдағы халық Жазушылар үйінің алдына жиналып, ядролық сынақтарға қарсылығын мәлімдеген сәттен бастап қазақы болмысқа сіңген деп білемін. Бұл қозғалыс қазақ елін совет үкіметінің бұғауынан босатуға жол ашты, – дейді Әлішер. – Антиядролық мектепке дейін бұл тек сыртқы саясатымыздың бір бөлігі деп жүргенмін. Ал қазір әр қазақтың көкірегінде сол ядроға қарсы компонент бар сияқты. Бірақ оны ояту керек.

Ғалым Тоғжан Қасенова STOP жастарын "тарихқа тың көзбен қарай алатын, көп тіл білуінің арқасында ел ішіндегі жағдайды да, халықаралық ахуалды да түсіне алатын" жаңа ұрпақ деп сипаттайды. Ол антиядролық мектеп пен кейін жарық көрген кітабы азаматтық белсенділікке алып келеді деп күтпеген.

– Меніңше, кітапты он жыл бұрын шығарғанымда дәл қазіргідей ықпалы болмас еді. Соғыс пен ішкі жағдайларға байланысты Қазақстан советтік тарихына қайта баға беріп жатыр және ядролық қару айналасындағы талқы сол процестің бір бөлігіне айналды. Еңбегімнің әсері осынша болады деп күтпеп едім. Енді өзімді жалғыз сезінбеймін. Бұл жастар – маған берілген сый, – дейді ғалым.

ЯДРОЛЫҚ ӘДІЛЕТ ЖОЛЫ

STOP мүшелері 2023 жылдың жазына дейін бір-бірін танымаған антиядролық тақырыпқа қызығатын жеке дара жас, зерттеуші, белсенді болып келді. Сол үшін де былтыр көктемде Ядролық қаруға тыйым жөніндегі келісімге (TPNW) қол қойған елдердің Нью-Йорктегі кездесуіне қатысу үшін жеке-жеке өтініш жіберген.

Бұл келісім – ядролық қаруды қолдану, тасымалдау, иемдену, сақтау, сынау және жасап шығаруға тыйым салатын халықаралық құжат. 2017 жылы қабылданғалы бері құжатқа 97 мемлекет қол қойып, оның 69-ы ратификациялаған. Ядролық қаруы бар тоғыз мемлекет құжатқа қарсы дауыс беріп келеді.

STOP мүшелері бәрі бірдей шақырту алғанын іріктеу нәтижесі шыққанда, қатысушылардың онлайн жиынында бір-ақ білген.

– Ол жиын мен үшін үлкен тәжірибе болды. Бұл салаға енді бойлай бастаған жас ретінде басқа да белсенділермен танысып, көбірек білім алғым келді. Келісімшарт туралы талқыны, халықаралық қарым-қатынасты көргім келді, – дейді Жібек.

STOP мүшесі Жібек Тоқташ БҰҰ Бас штаб-пәтерінің алдында тұр. Нью-Йорк, 2023 жыл | STOP архивінен

Қазақстан бұл құжатқа 2018 жылы қол қойып, ратификациялаған және жыл сайын қалған елдерді де өзіне ілесуге шақырады. Сыртқы істер министрлігінен бастап президентке дейін бұл құжаттың маңызы мен ядролық қарудан ада әлем туралы айтады. Оған қоса 2025 жылы құжатқа қол қойған елдердің үшінші кездесуіне тең төрағалық етеді. Бірақ "әдетте ондай жиындарда азаматтық қоғамның репрезентациясы өте аз, тіпті болмайтын. Сондықтан сонша көп қазақ кездесуге өтініш тапсырғанын көріп, бізді таңқалғаннан шақырған сияқты" дейді Жібек өздерінің не себепті қабылданғаны туралы ойланып.

– Қазақстан – осы салада өте белсенді мемлекет. Біз қоғамдық бірлестіктерге, сынақтардан зардап шеккен елдерге грант береміз, қолдау көрсетеміз. Сондықтан шараны ұйымдастырушылар барынша көбірек қазақ қатысқанын қаласа керек, – дейді Әлішер.

Шараға дайындық барысында олар жиналып, АҚШ-қа бір ұйым болып баруға келіскен. Ұйым Қазақстанның ядролық тарихын қайта жазуды, полигоннан зардап шеккен бір жарым миллион адамның үнін естіртуді, ядролық қаруы бар әлемге отарсыздану, феминизм және адам құқықтары тұрғысынан қарап, оның салдарына назар аударуды мақсат тұтады. Бұл бастамаға Орталық Азия елдерін де қосылуға шақырады.

– Бәріміз "Атом улаған даланы" оқыған соң бастаманың атында "Дала" сөзі болғанын қаладық. Өйткені қазақтың болмысы даламен тығыз байланысты. Сынақтар далада өтті. Сөйтіп Steppe Organisation for Peace деген атауға тоқтадық, – дейді Жібек.

STOP-тың Instagram желісіндегі алғашқы постында да "Қазақтың ұлы даласында қатыгез совет дәуірінің ашаршылықтан жойқын сынақтарға дейінгі қасіретті мұрасы жатыр" деп жазылған.

Бастама мүшелері мақсаты ретінде бекіткен жұмыстың бәрі "ядролық әділет" үшін қажет дейді. Олар бұл ұғымды сыртқы және ішкі саясат тұрғысынан қарастырады. STOP үшін сыртқы саясаттағы ядролық әділет сынақтардан пайда көрген Совет одағы және оның мұрагері Ресей Қазақстаннан ресми түрде кешірім сұрап, өтемақы төлей бастаған кезде орнайды. Олар мұны ядролық тарихқа отарсыздану призмасынан қарау дейді.

"Сынақ жүргізер алдында ешкім жергілікті халықтың келісімін алған жоқ және оларды кейін ұмытып кетті. Ал бұл сынақтарды жүргізген Совет үкіметінің мұрагері Ресей қазірге дейін ядролық қаруды өз мақсатында пайдаланады, оның "жемісін" көріп келеді. Семейліктерге бұдан не пайда келді? Тек зиян", – дейді Әлішер.

Сыртқы саясаттағы ядролық әділеттің тағы бір көрінісі – әлем елдерінің зардап шеккен мемлекеттерге жұмыла көмектесуі болуы мүмкін. Әлішер мұны "Қазақстан мен оның халқы ірі державалар қырғиқабақ соғыс ашып, жаппай қарулана бастағанына жауапты емес. Атом бомбасын қазақтар ойлап тапқан жоқ. Бұған құбылмалы халықаралық қауымдастық кінәлі. Сондықтан сынақтардан зардап шеккен елдер өз жарасын өзі ғана емдеуі әділетсіз. Қазақстан билігі "әділет" деген терминді қолданбайды, бірақ соны меңзей отырып қазір "Халықаралық сенім қорын" құруды ұсынып жатқан сияқты" деп түсіндіреді.

БҰҰ Бас штаб-пәтеріндегі STOP шарасы. Солдан оңға қарай: Медет Сүлеймен, Жібек Тоқташ, Әлішер Хасенғалиев, Ердәулет Рахматулла, Адия Ахмер, Айгерім Сейтенова. Нью-Йорк, 2023 жыл | STOP архивінен

АҚШ пен Ұлыбританияның ядролық сынақтарынан зардап шеккен Кирибати елімен бірге "Халықаралық сенім қорын" құру туралы Қазақстанның ұсынысын сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сол қарашада өткен Нью-Йорктегі жиында айтқан. Бұл қор сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, қоршаған ортаны қалпына келтіру жобаларын қаржыландырады деген.

Осы ретте STOP сыртқы саясатпен қатар жүруге тиіс ішкі саясаттағы "ядролық әділет" мәселесін де көтереді.

"Ядролық қарудан бас тартқанның пайдасын бәріміз көріп жатырмыз. Ал семейліктерді қоғам болып шеттеттік. Олар өздерін “мутанттар” деп кемсітетінін жиі айтады. Өздерін пайдаланылған материалдай сезінеді. Өтемақы төлеу бойынша 1992 жылы қабылданған заң әлі өзгермеген, керісінше жақында кері кетті. Бұған бәріміз жауаптымыз. Қазақстан сынақтар үшін жауапкершілік алмаса да тәуелсіз мемлекет ретінде лайық көмек пен құрмет көрсетуге тиіс", – дейді Жібек.

Семей полигонынан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау туралы заңға сәйкес берілетін өтемақының ең үлкен сомасы – 250 мың теңгедей (560 доллар), зейнетақыға қосылатын үстемақы – 6 мың теңге (13 доллар). Оған қоса былтыр күзде заңға өзгеріс еніп, өтемақы қауіпті аймақта тұрған азаматтардың бәріне емес, қазір тұрып жатқандарға ғана берілетін болды. Конституциялық сот бұл шешімді "қазір ол аймақтағы радиациялық ахуал жақсарған" деген себеппен түсіндіреді.

"Сол көмектің өзін алу үшін олар зардап шеккенін дәлдеуге тиіс. Бұл қорлыққа бәрі бірдей шыдағысы келмейді, сол үшін олардың саны азайып жатыр. Өз ішімізде заңдар дұрыс жұмыс істемесе, әділетсіз болса, сырттан келетін көмектен не пайда?", – дейді Жібек.

STOP пікірінше, қазір әлемде ядролық әділет толық орнаған мысал жоқ. Сондықтан Қазақстан саяси жігер танытып, осы мәселеде басқаларға үлгі бола алады. Ядролық сынақтардан зардап шеккен елдер арасында Қазақстандай ресурсы мен беделі бар мемлекет жоқ және Кирибати мен Маршалл аралдары сияқты кішкентай арал мемлекеттер Астананың айналасына топтаса алады.

"ЯДРОЛЫҚ САЯСАТТЫ ЖҮРГІЗЕТІН – ҮЛКЕНДЕР, САЛДАРЫМЕН ӨМІР СҮРЕТІН – ЖАСТАР"

Ядролық қаруға тыйым жөніндегі ұйымның екінші кездесуі былтыр 27 қараша мен 1 желтоқсан арасында өтті. STOP антиядролық қозғалысқа қатысты жеке көзқарасы мен ұсыныстарын таныстыру үшін арнайы презентация өткізді. 1,5 сағаттық шараға 50-ден астам адам қатысқан. Солардың қатарында болған ғалым Тоғжан Қасенова бастаманың "отарсызданған көзқарас туралы ойы сондағы қатысушыларға бір жұтым таза ауадай болды" дейді.

Ұйым сол жиында ядролық қаруға қарсы қозғалысты төрт түрлі бағытта дамыту керегін айтқан. Олар – гендер, отарсыздану, білім беру және Орталық Азиядағы қауымдастық.

– Гендер призмасынан қарасақ, ядролық жарыс – патриархаттың өнімі екенін түсінеміз. Сол кездегі саяси шешімдерді қабылдағандардың бәрі – ер адамдар. Ал әйелдер радиациядан ерлерге қарағанда көбірек зиян шегеді. Бір ғана бала көтеру кезін алайық: Семейдегі әрбір әйел құрсағындағы бала мутациямен дүниеге келе ме деп уайымдайды. Сол баланы тоғыз ай көтеретін де – әйел. Сондықтан, – дейді Жібек сөзін жалғап, – ядролық саясатқа феминистік көзқараспен қарау бейбітшілікті тұрлаулы ете түседі.

Отарсыздану көзқарасына келгенде STOP Ресейден өтемақы талап етуден басқа Қазақстандағы антиядролық белсенділерді насихаттау маңызды дейді.

"Басқаша айтқанда – есте сақтау саясаты. Басып-жаншылған Желтоқсан оқиғасынан үш-ақ жыл өтсе де халық "Невада-Семей" қозғалысын құрып, ядролық қаруға қарсы бас көтерді. Бұл ерлікті жаңа ұрпақтың санасына бекіту керек", – деп түсіндіреді Әлішер.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тауы шағылған Дегелең һәм Мәскеуге қараған "Г" қалашығы

– Келесі бағыт – білім беру. Бейбітшілік, қарусыздандыру туралы білім мектеп бағдарламасына енуі керек. Семей полигоны мен сынақтар туралы ақпарат тарих оқулықтарында бірнеше параграфпен ғана шектелген. Тәуелсіз Қазақстан үшін бұл жеткіліксіз деп есептейміз. Қазақстан ядролық қарудан ада саясат туралы елдің ішінде де белсенді түрде айтуы керек, – дейді Жібек. Ол мұның сәтті мысалы ретінде өздері қатысқан антиядролық мектепті айтады. – Соның өзі бізді АҚШ-қа дейін апарды. Бұл туралы орта мектепте, әсіресе зардап шеккен аймақтағы мектептерде айта бастасақ, аумалы-төкпелі заманда бейбітшілік саясатты одан әрі алға тарта аламыз.

Ердәулет ядролық саясат туралы көбірек білім беру саланың демократиялануына алып келеді дейді. Сөзінше, бұл бұған дейін айтқан халықаралық сахнада Қазақстанның белсенділігін арттыра алады.

"Ядролық саясат бойынша шешім қабылдай алатын ұйымдарда, тіпті ядролық қарудан бас тарту бойынша жұмыс істейтін ұйымдарда атом қаруы бар мемлекеттердің азаматтары жүреді. Олар біздің орнымызды алып қойған десек болады", – дейді ол.

STOP қозғаған тағы бір бағыт – Орталық Азиядағы одақтастық. "Қазақстан жалғыз өзі бүкіл әлемдік антиядролық нарративті қалыптастыра алмайды, – деген олар – ядролық қаруы бар екі елдің ортасында аймақ ретінде Орталық Азияның дауысы шығуы маңызды, – деп қорытады.

Ғалым Тоғжан Қасенова STOP ұсынған идеялардың тың болуы олардың Совет одағымен байланысы жоқтығынан дейді. Ұйымның тарихты қайта таразылауға құлшынысы бұл салаға үлкен серпіліс береді деп сенеді.

– Ядролық саясатта шешімдердің бәрін ақ нәсілді, қарт ер адамдар қабылдаған. Бірақ оның салдарымен өмір сүретін – біз, жастар. Сол себепті саясатта біздің дауысымыз ескерілуі керек. Климат, гендер мәселесін көтеретіндер де – жастар. Олар әлемді дұрыс бағытқа бастай алады. Көбіне жастардан құралған әлемдегі ең ірі антиядролық қозғалыс – ICAN ұйымының Нобель сыйлығын алуы – соған дәлел, – дейді Жібек.

2007 жылы құрылған ICAN ұйымы (Ядролық қаруға қарсы халықаралық кампания) 2017 жылы Бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығын алған.

– Ядролық сынақтар ұрпақтан ұрпаққа берілетін жара қалдырады. Біз белсенділігімізбен сол жараны өзімізде тұйықтай аламыз, – деп қорытады Әлішер.

STOP Нью-Йорктегі жиында ICAN ұйымының Германиядан келген делегациясымен байланыс орнатып, Қазақстанда іссапар ұйымдастыруға келіскен. Германиялықтар краудфандинг көмегімен қаражат жинап, ядролық қарусыздандыру саласына қызыққан бір топ неміс студенті мен жас белсендіні мамырдың ортасында Семейге алып барды. Сапар бағдарламасын, ұйымдастыру процессін STOP пен Фридрих Эберт қоры мойнына алды.

– Бір түскі ас кезінде неміс делегациясы "Қазақстан туралы көп естиміз, бірақ бірде-бір рет көзімізбен көрмеппіз" деп айта бастады. Осылай сапар бойынша келіссөздер басталып кетті. Мұндағы мақсатымыз – Семей халқының шын хал-ахуалын халықаралық қауымдастыққа көрсету болды, – дейді Жібек.

Your browser doesn’t support HTML5

Алғашқы советтік атом бомбасының өтеуі кейін белгілі болды

STOP мүшелері Семейге сапар жоба жұмысын жаңа деңгейге шығарды дейді. Жергілікті халық пен азаматтық қоғам өкілдерімен байланыс орнағанын үлкен қадам деп біледі.

"Бірақ сол халық үшін бірдеңе жасай алсақ қана сапарымыз бекер болмады деп есептей аламыз. Оларға жылдар бойы түрлі делегация, белсенділер келген. Оларды зерттеу материалдарына, шығармашылық жұмыстарына пайдаланған. Бірақ халқы үшін ештеңе істей алмады. Солардың қателігін қайталағымыз келмейді", – дейді Әлішер.

Ұйым келесі жылы Қазақстан төрағалық ететін Ядролық қаруға қарсы елдердің үшінші кездесуіне семейліктерді апарғысы келеді. Қазірге дейін орната алған қарым-қатынас халықаралық аренаны полигоннан зардап шеккендердің өзіне беруге көмектеседі деп сенеді.

35 ЖЫЛ БҰРЫН МҮМКІНДІК БОЛҒАН, ӘЛІ ДЕ БОЛАДЫ

Ресей Украинаға басып кіргелі ядролық қару қолданылу қаупі туралы талқы көбейді. Одан бөлек Стокгольмдегі әлем мәселелерін зерттейтін халықаралық институт дерегінше, 2023 жылы әлемде қарулануға бөлінетін қаражат тарихта болмаған көрсеткішке жетіп, 2,4 триллион доллар болған. STOP бұл ахуал өрши беруі мүмкін деп алаңдайды және қазіргі антиядролық жұмыстың маңызы бұрынғыдан өзгеше дейді.

STOP мүшелері мен Қазақстанға келген ICAN Germany өкілдері. Семей, 2024 жыл | STOP архивінен

– Ядролық қаруға қарсы саясат Қазақстандағы көп мәселенің шешілуіне түрткі сияқты. Мен бұдан үлкен мән көрем. Кезіндегі "Невада-Семей" қозғалысы Совет одағының тарауына, қырғиқабақ соғыстың тоқтауына, Қазақстанның тәуелсіздігіне себеп болды. Дәл сол сияқты қазір де әлеуметтік теңсіздік, отарсыздану саясаты, автократия, экология деген мәселенің бәрі ядролық қаруға байланған сияқты. Бұл салада серпіліс алсақ, қалғаны ізімен шешімін таба береді, – дейді Ердәулет.

STOP – негізгі мақсаты ретінде Қазақстанның ішіндегі ядролық әділетке қол жеткізуді көздейтін ұйым. Бірақ антиядролық белсенділіктің түпкі миссиясы – ядролық қарусыз әлемге деген сенімін жоғалтпаған.

– 35 жыл бұрын қырғиқабақ соғыс аяқталғанда адамзаттың ядролық қарудан құтылатын мүмкіндігі болды. Ядролық саясат АҚШ пен Совет одағы бірін-бірі тежеу үшін жасалды емес пе? Енді Совет одағы тараған соң қаруы бар басқа мемлекеттер алдымен советтік қарудың көзін жойып, артынша өз арсеналын тазарта алар еді, – дейді Әлішер. – Дәл осы мүмкіндік тағы келеді деп сенем. Ядролық қаруға тыйым салу келісімінің мәні де осында. Ядролық державалар кез келген уақытта бұл құжатқа қол қоя алады. Атомнан ада әлемді бастауға негіз бар. Тек саяси жігер керек.