Өзбекстан Жоғарғы соты "Алға, Қарақалпақстан" оппозициялық қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салды. Бұл туралы құқық қорғаушы Виталий Пономарев хабарлады. Құқық қорғаушының дерегінше, сот шешімі 22 ақпанда шыққан.
Бұл жөнінде жазған Пономаревтің хабарламасын 6 маусымда Түркімен Хельсинки адам құқықтары қоры (TFH) сайты жариялады.
Өзбекстан Жоғарғы сотының "Алға, Қарақалпақстан" қозғалысына тыйым салу туралы қаулысын кез келген адам көре алмайды, ашық деректерде жоқ.
Билік қозғалысқа тыйым салу туралы шешім шығарып қойғаны 2024 жылғы 30 мамырда Қарақалпақстандағы Қожелі аудандық соты Парахат Мұсапбаровты алты жылға бостандығынан айырғаннан кейін белгілі болды. Белсендіге тағылған айыптар ішінде "тыйым салынған ұйымға қатысты" деген Қылмыстық кодекстегі 244-2-бап та бар. Үкім шығарғандар Жоғарғы соттың "Алға, Қарақалпақстан" қозғалысына тыйым салған шешіміне сүйенген.
Биыл ақпанның аяғында ұсталған Мұсапбаров Қарақалпақстанда қозғалыс жақтастарына байланысты осындай айып тағылған бірінші белсенді болуы мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бар айыбым – қарақалпақпын". Атамекенде де, шетелде де қуғын көргендерВиталий Пономаревтің сөзінше, Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 244-2-бабының 1-бөлігі бойынша айыптауға сотталушының алдын ала тергеу кезінде кінәсін мойындағаны және оның Қазақстанда тұрғанда әлеуметтік желілерде жазған көптеген пікірі негіз болған. Құқық қорғаушының айтуына қарағанда, кейін сотта белсенді тағылған айыпты мойындамайтынын айтқан. Сарапшылар алдағы уақытта "Алға, Қарақалпақстан" қозғалысымен байланысты болуы мүмкін виртуалды интернет-топтарда болудың өзі "тыйым салынған ұйымға қатысты" деп есептелуі мүмкін дейді.
Құқық қорғаушылар "Алға, Қарақалпақстанға" тыйым салу туралы "құпия" сот шешімі қарақалпақ белсенділеріне қарсы қылмыстық істер санын көбейтуге және жазаны ауырлатуға әкеледі деп қауіптенеді. Өзбекстан сот-тергеу жүйесі Қарақалпақстан Республикасының бөлініп шығу құқығын үзілді-кесілді жоққа шығарады, бұл екі елдің де Конституциясында жазылған, "арнайы күштер" Қарақалпақстан егемендігін қолдайтын ой-пікірді қылмыстық жауапқа тартуға болатын "сепаратизм" әрекеті ретінде қарайды.
Үкімге сәйкес, Мұсапбаровтың қатысуымен "экстремистік ұйым мүшелерін" тану жөнінде есеп дайындалған, онда фотосуреттер де бар. Бұдан бөлек, тергеушінің 2024 жылғы 24 сәуірде шығарған қаулысы бойынша, кім екені анықталмаған адамдарға қатысты материалдар жеке өндіріске шығарылған. Пономарев әлгі "анықталмағандар" арасында әлеуметтік желілерде әртүрлі лақап атпен белгілі 18 адам бар, олардың бір бөлігі Қазақстан азаматтары дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Тіл мен ділден айыру". Нөкістегі оқиғаның Қазақстандағы қарақалпақ қауымына әсері"2016 жылдан бері Өзбекстандағы "саяси сот төрелігі" ресейлік экстремизмге қарсы заң моделіне негізделген, оның кем тұстары бір кездері Венеция комиссиясының қорытындысында және Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты шығарған шешімдерде айтылған. Әңгіме экстремизмді анықтаудағы және соттардың гуманитарлық сараптамалардың даулы нәтижелерінен гөрі сыни тұрғыдан пайдаланбауындағы өте бұлыңғыр шекаралар туралы, ал тиімді апелляцияға шын мәнінде мүмкіндік жоқ", – деді құқық қорғаушы.
7 маусымда Х әлеуметтік желісіндегі Alga Qara'qalpaqstan парақшасы Өзбекстандағы "құпия сот" "Қарақалпақстан демократиялық партиясының" "экстремистік" қызметіне тыйым салу туралы шешім шығарғанын жазды.
"Алға, Қарақалпақстан" қозғалысының тарихы 2008 жылғы қыркүйектен басталады. 2023 жылғы 10 мамырда Өзбекстан соты қозғалыс жетекшісі Аман Сағидуллаевты 18 жылға бостандығынан айыру жөнінде сырттай үкім шығарды. Оған "президентті көпшілік алдында қорлады" я "жала жапты" деген айып тақты.
Сағидуллаев республиканың тәуелсіздігіне бейбіт жолмен қол жеткізуді мақсат тұтатынын айтты және "бұл – сепаратизм емес, Конституцияға сәйкес автономды аймаққа берілген құқықты білдіреді" деп мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарақалпақстанның "егемен" мәртебесі өзгермейтін болды. Бірақ бұл мәселе неге қозғалды?