Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия әкесі билікте болған жылдары ойына да кіріп-шықпаған жағдайға тап болды: сот ықпалды отбасы мүшесінің арызын қанағаттандырмады.
Бірақ бұл Әлия Назарбаеваға қарсы іс қозғалады дегенді білдірмесе керек.
2002 жылы Назарбаева 20-дан енді асқан, бизнес карьерасын жаңадан бастаған бойжеткен еді.
Жас болса да, Әлия сол жылдары екі кәсіпкермен кездесіп, оларға ешкім бас тарта алмайтын ұсыныс жасаған. Бизнесмендер ұсынысына келіспеген соң, қоқан-лоқы көрсеткен.
Осылай деген қос бірдей қазақстандық бизнесмен Әлия Назарбаевадан 20 жыл бұрын 170 миллион долларға бағаланған "кәсібін тартып алғаны үшін" өтемақы талап етіп отыр.
Кәсіпкерлердің әңгімесін тыңдасақ, ол кезде Назарбаеваның қол астында мемлекеттік қызметкерлер істеген. Қазақстандық құқық қорғау органдары бұл ақпаратқа назар аударған жоқ.
Ал Назарбаеваға қарсы сот процесі сәтсіз аяқталған сияқты.
Назарбаева өзін ақпанда сотқа берген кәсіпкерлерді "жала жапты" деп айыптап, қарсы арыз жазған. 7 маусымда Астана әкімшілік соты Әлияның арызын кері қайтарды.
Сонда екі жақ тең түсті ме?
Жоқ, кәсіпкерлер қалаған өтемақысына қол жеткізсе, істі жеңіп шығады.
"Ұлыбританиядан адвокаттар жалдадық. Өз ісімізді Ұлыбритания мен Швейцарияда жүргіземіз. Қолымызда 350-400 беттен тұратын есеп бар, Әлия Назарбаеваның заңсыз істерін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар бар", – деді бұрынғы президенттің қызын сотқа берген қос кәсіпкердің өкілі Жарқын Күреңтаев.
Азаттық бұл жағдайға қатысты Әлия Назарбаеваның пікірін сұрады. Бірақ мақала жарияланғанға дейін редакция хатына жауап келген жоқ. Әлия Назарбаева "жала жабу" бабы бойынша жазған арызы негізінде өткен онлайн сот процесіне қатыспады.
"ҚОРҒАУДАҒЫ" ТУЫСТАР
Әпкесі Дариға Назарбаева және 83-тегі әкесімен салыстырғанда, 44 жастағы Әлия Назарбаева 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда көзге түспеген.
Кемінде 238 адам қаза тапқан "Қанды Қаңтар" оқиғасы толық зерттелген жоқ, халықтың көп сұрағы жауапсыз қалды.
Бірақ екі нәрсе анық.
Қазақстанда наразылық пен зорлық-зомбылық өршіген тұста биліктің өз ішінде күрес жүріп жатты.
Бұл күресте қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіп шығып, елді отыз жылға жуық басқарған, есепсіз байлық жинаған Назарбаев пен оның отбасының көлеңкесінен арылды.
Елдегі дағдарыс Тоқаевтың өкілетін күшейтті. Ал Назарбаевтың туыстары жоғары лауазымдарынан айырылды.
Халық арасында Назарбаев пен оның туыстары жемқор деген пікірлер айтылғанымен, не бірінші президент, не оның балалары ешқашан сотқа тартылған емес.
Бұл бұрынғы президенттің отбасын қорғау туралы келісім жасалғанын білдіре ме?
Тоқаев мұны жоққа шығарады.
Назарбаеваның ісі осы сұрақтың жауабын көрсететін салмақты сынаққа айналып отыр.
Нұрлан Бимурзин мен Медғат Қалиев Азаттыққа сұхбатында жаға ұстататын деректер айтты.
Кәсіпкерлердің "ТПК Азия" компаниясы 2002 жылы мемлекеттік органдар тарапынан қатты қысым көрген. Ол кезде компанияға 70 жанармай бекеті мен 6 ірі мұнай базасы қарайтын.
Қаржы полициясы компанияның қоймаларын жауып тастаған соң бизнесмендерге делдал хабарласып, Назарбаевамен жеке кездесуді ұсынған.
Кездесу барысында Назарбаева кәсіпкерлердің басындағы жағдайды білетінін, компанияның 50 пайызын өзіне берсе, бүкіл мәселені шешетінін айтқан.
Кәсіпкерлер қысымнан қорқып, амалсыз келіскен.
Азаттық 2002 жылғы 4 ақпанда өткен кезектен тыс акционерлер жиналысы хаттамасының көшірмесімен танысты. Құжатта шынымен “ТПК Азия" компаниясының акционерлер құрамы өзгерген. Компанияның 50 пайызы Назарбаеваға, қалған 50 пайызы Бимурзин мен Қалиевке тиесілі болды.
Құжатта Назарбаеваның компанияға құйған инвестиция көлемі 36 250 теңге (сол кездегі валюта бағамы бойынша 250 доллар) деп көрсетілген.
ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛГЕН "ОПЕРАТОР РОП"
Бір жылдан кейін Бимурзин мен Қалиев өздеріне тиімсіз келісімнен шығу үшін Назарбаевадан өздеріне бизнесін сату туралы ұсыныс жасауды өтінеді.
Осындай ұсыныстың бірі ресейлік "Лукойл" компаниясынан түскен. Келісімшарт құны 161 миллион доллар болған.
Бірақ Назарбаева қарсы ұсыныс жасап, бизнестің жартысын өзіне беруді сұраған.
Бимурзиннің сөзінше, жай киім киген полиция қызметкерлері марқұм әкесі Серік Бимурзинді ұрлап әкетіп, Назарбаеваның кеңсесіне апарған.
Нұрлан Бимурзин "Назарбаева өзіне бағынбасақ, бар мүлкімізді бұғаттап, жақын туыстарымызды түрмеге жабамыз деп қорқытты" дейді.
Бимурзиндер отбасы бұрынғы президенттің қызының ұсынысын қабылдауға мәжбүр болдық дейді.
Одан бері 20 жыл өтті. Қазір олардың бұрынғы активтерінің көбі штаб-пәтері Сингапурде жайғасқан Sinoil компаниясына тиесілі. Бірақ арыз берушілердің Sinoil компаниясына еш шағымы жоқ.
Бимурзин мен Қалиев бұл хикаяны алғаш рет қазақстандық депутат Ермұрат Бапи мен Жарқын Күреңтаевтың баспасөз мәслихатында айтқан.
Екі айдан кейін Күреңтаев пен Бимурзин тағы бір баспасөз мәслихатын өткізіп, "Ескі Қазақстан құрбандары" деген қозғалыс бастаған. Олар осылай бұрынғы президенттің туыстарынан зардап шеккен азаматтарды жинағысы келген.
Бірақ биліктен еш реакция болмады.
Прокуратура Бимурзин мен Қалиевтің ісін қабылдап, құқық қорғау органдарына тапсырғанымен, полиция істің мерзімі өтіп кеткен деп, кері қайтарды.
Күреңтаев клиенттерінің көңілі қалғанын, Қазақстан жүйесі әлі де 83 жастағы Назарбаевтан қорқатынын айтты.
"Оның еш ықпалы қалмады деу қате. Ол әлі де зор ықпалға ие", – дейді Күреңтаев.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Сара Назарбаеваның Дариға, Динара және Әлия деген үш қызы бар.
Назарбаев өзінен 40 жас кіші Әсел Құрманбаева деген әйелден туған екі ұлы барын да мойындаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың "екінші отбасын заңдастыру" әрекеті және "Батысты түйреп өткен" ҰҚШҰДариға Назарбаева жоғары саяси лауазымдарда істеді, Динара Құлыбаева Қазақстандағы ірі қаржы ұйымын басқарды, сонда да баспасөз бетіне үйдің кенжесі Әлия көп шығатын.
2005 жылы "Свобода слова" оппозициялық басылымында "Әлия Назарбаева бизнесін қалай жүргізеді?" деген мақала жарияланғаны үшін билік газеттің ондаған мың данасын тәркілеген.
Редакцияға осы материалы үшін айыппұл да салған.
2022 жылдың қаңтарынан бастап Әлия Назарбаеваның шетелден келген көліктерге шектен тыс утилизация алымын төлетіп келген жекеменшік монополист қызметіне қатысы бары анықталып, қоғам назарына ілікті.
Жаппай тәртіпсіздіктен кейін Тоқаев "Оператор РОП" компаниясын сөз етті. Кейін бұл мекемені таратып, оның қызметін мемлекеттік компанияға жүктеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев тұсында байығандар, "террористер" және кезекті аста-төк уәдеҚазір "Оператор РОП" компаниясы қаржы бөлімінің бұрынғы басшысы түрмеде отыр. Ол былтыр сотта Назарбаеваның осы сызба көмегімен миллиондаған доллар пайда тапқанын айтып, судьядан бұрынғы президенттің қызын да жауапқа тартуды сұраған.
"Оператор РОП-тың" құқықтық бөлімін басқарған тағы бір қызметкер сот басталмай жатып түрмеде көз жұмған. Шенеуніктердің сөзінше, ол өзіне қол жұмсаған.
Осы айда құжат бойынша Әлия Назарбаеваға қатысы бар қоқыс шығаратын компания Астанадағы аудандардың бірінде келісімшартты жеңіп алды. Содан соң бұрынғы президент қызының есімі ақпарат құралдарында тағы айтыла бастады.
5 маусымда “Халық үні” жаңалықтар сайтында "Әлия Назарбаеваның компаниясы тағы да іске кірісті" деген материал жарияланды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың астанадағы аралы. Жайлаудағы резиденция. Жекеге өткен Үшқоңыр