"Финалға дейінгі финалда" Испания Италиядан басым түсті

Испания футболшылары есепте алға шыққан сәт. Гельзенкирхен, 20 маусым 2024 жыл.

Еуропа чемпионатының В тобында Испания құрамасы Италиядан 1:0 есебімен басым түсіп, плей-офф кезеңінің мәселесін шешіп қойды.

"ИСПАНИЯ ӘЛДЕҚАЙДА БАСЫМ БОЛДЫ"

Матчтың 55-минутында Италия қорғаушысы Рикардо Калафьори өз қақпасына абайсызда гол салып алды. Бұл есеп матч соңына дейін сақталды. Матч бойы Италияның есепті теңестіруге, Испанияның есепті еселеуге мүмкіндігі болған, бірақ құрамалар шабуылдарын голға айналдыра алмады.

Италия қақпасына гол кірген сәт. Гельзенкирхен, 20 маусым 2024 жыл.

Былтыр желтоқсанда Еуро-2024 додасының жеребесі тартылған кезде Испания мен Италия бір топқа түскенде жанкүйерлер екі құрама арасында "финалға дейінгі финал" болады деп топшылаған.

Италия құрамасының бас бапкері Лучано Спалетти бұл жеңілістен соң Испания ойыншыларының мықтылығын мойындады.

"Бізден үш-төрт тың ойыншы алаңға шыққанда есепті теңестіретін сәттер ұйымдастыра алған едік. Бірақ олар бізден әлдеқайда басып болып, лайықты жеңіске жетті" деді ол Reuters агенттігіне.

Ал матчта Испанияның бірнеше қауіпті шабуылы кезінде қақпаны голдан қорғап қалған Италия қақпашысы Джанлуиджи Доннарумма "Ашулымыз. Бұл жеңіліс бізді келесі ойынға жігерлендіреді деп сенеміз. Біздің тағдырымыз өзіміздің қолымызда" деп қысқа қайырды.

Испания құрамасының ойыншысы Нико Уильямс матчты "Өте қуаныштымыз, біз үшін ойын өте жақсы өтті. Италиямен ойын қиын болатынын білдік, дегенмен біз мүмкіндігімізді пайдаланып қалды" деп қорытындылады.

ИТАЛИЯНЫҢ ҮМІТІ САҚТАУЛЫ

Испания алғашқы матчта Хорватияны 3:0 есебімен жеңген еді. Міне, екі ойында қатар жеңіске жеткен Испания алты ұпаймен В тобында көш бастап, 1/8-финалға шығу мәселесін шешіп қойды. В тобындағы тағы бір матчта Хорватия мен Албания тең түскен еді – 2:2. Бұл топтағы Италия, Албания және Хорватияның да келесі кезеңге шығуға мүмкіндігі сақтаулы.

В тобындағы қазіргі жағдай мынандай:

  • 1-тур

Испания – Хорватия 3:0

Италия – Албания 2:1

  • 2-тур

Хорватия – Албания 2:2

Испания – Италия 1:0

  • 3-тур

24 маусым. Хорватия - Италия

24 маусым. Испания – Албания

Испания – 6 ұпай

Италия – 3 ұпай

Албания – 1 ұпай

Хорватия – 1 ұпай

Бір қызығы, Италия мен Испания Еуропа біріншілігінде бесінші рет қатарынан ойнап жатыр. 2008 жылы Еуропа чемпионатының ширек финалында Испания пенальтиден басым түссе, 2012 жылғы Еуроның финалында Испания Италияны 4:0 есебімен жеңген.

Италия ойыншылары өз қақпаларына гол салып алғанына өкініп жатыр. Гельзенкирхен, 20 маусым 2024 жыл.

2016 жылғы Еуропа чемпионатының 1/8 финалында Испания Италиядан жеңіліп қалған. Ал Еуро-2020 додасының жартылай финалында Испания тағы да Италияға есе жіберген (Италия кейін финалда Англияны жеңіп, чемпион атанған еді).