"АРМАНЫ ОРЫНДАЛМАҒАН" ГЕРМАНИЯ, "ҒАЖАП" ИСПАНИЯ
Штургардта өткен матчта Испания құрамасы Германияны 2:1 есебімен жеңіп, Еуро-2024 додасының жартылай финалына шықты. 51-минутта Ламин Ямальдың шығарған пасын Дани Ольмо голға айналдырды. Ойын аяқталуға бір минут қалғанда германиялық Флориан Вирц есепті теңестіріп кетіп, ойын тағы 30 минут қосымша уақытқа ұласты. 119-минутта испаниялық Микель Мерино Германия қақпасына тағы бір гол салды. Мериноға пасты бірінші голдың авторы Ольмо шығарып берді.
Осылайша финалға бергісіз ойында Испания биылғы Еуроны ұйымдастырып жатқан Германияны жарыстан шығарды.
Матчта гол салған Дани Ольмо мен Микель Мерино 2019 жылы Испанияның жастар құрамасымен жастар арасындағы Еуропа чемпионы атанған. Финалда Германия жастарын 2:1 есебімен жеңген еді. Енді нағыз Еуроны бағындыруға бет алды.
Ойыннан соң Ольмо "Толқып тұрмын. Қандай ғажап команда! Қандай қуаныш! Бұл жеңіс бәрімізге ортақ. Жүрек аяқтан маңызды. Бүгінгі жеңіске көп қуанып кетпей, төрт күннен кейінгі жартылай финалға дайындалуымыз керек" деді.
Ал Мерино "Күш қалмады, шынымды айтсам. Адреналин бойымды билеп тұр. Бұл матчты көп адам күтті. Әлемнің үздік екі құрамасының ойыны әлем кубогының я Еуропа чемпионатының финалындай. Бірақ біз жеңіске лайық болдық деп ойлаймын" деп қорытындылады ойынды.
Германия үшінші Еуро қатарынан жартылай финалға шыға алмады. Бұл неміс футболының жұлдызы Тони Кроостың құрамадағы соңғы ойыны, соңғы Еуросы болды.
"Біз үшін жан берісіп, жан алысқан матч болды дей алмаймын, бірақ барымызды салдық. Жеңілгіміз келмеді, жеңіске де тым жақын болдық. Біз үлкен жеңістерге жетуді қаладық және бұл арман орындалмады. Жақсы турнир өткізгенімізді түсінерміз, бірақ келесі кезеңге өте жақын қалып жеңілген өте ауыр" деді енді құрамадағы карьерасын аяқтайтын Кроос.
СОҢҒЫ КҮШТЕРІН САРП ЕТКЕН ПОРТУГАЛИЯ МЕН ФРАНЦИЯ
Гамбургта өткен Франция мен Португалия арасындағы ширек финал матчының негізгі уақытында да, қосымша уақытында да есеп ашылған жоқ. Екі құрамада да гол салатын мүмкіндіктер болғанымен, доп қақпадан қиыс кетіп жатты. Матч жеңімпазы пенальти сериясында анықталды. Франция құрамасынан пенальти тепкен бес футболшы да мүлт кеткен жоқ. Ал Португалия ойыншысы Жао Феликс тепкен доп қақпа бағанасына тиіп, кірмей қалды. Осы қателіктен соң Португалия жарысты аяқтады.
Бұл Португалия құрамасының лидерлері 39 жастағы Криштиану Роналду мен 41 жастағы Пепе үшін карьераларындағы соңғы Еуропа чемпионаты болды. Екеуі Португалия сапында 2016 жылғы Еуропа чемпионы (финалда Францияны жеңген еді) атанған. Бір қызығы, Роналду Португалия құрамасындағы ең алғашқы ойынын Қазақстан құрамасына қарсы өткізген. 2003 жылы өткен жолдастық матчта Португалия Қазақстанды 1:0 есебімен жеңген. Міне, содан бері Роналду алты рет қатарынан Еуропа чемпионатына қатысты. Ол ұлттық құрама сапында 130 гол салған.
Матчтан соң Португалия бапкері Роберто Мартинес "Біз жақсы ойнадық, гол салатын да мүмкіндігіміз де болды. Ойыншыларыммен мақтанамын, мықты мінез көрсеттік. Жеңіске лайық едік, бірақ бұл біз үшін көңілсіз сәт. Дегенмен ойыншылардың еш көңілі түспеуі керек. Біз жеңілсек те, соңғы минутқа дейін барымызды салып ойнадық. Сондықтан басымызды тік көтеріп кетеміз" деп қорытындылады матчты.
Франция бапкері Дидье Дешам "өте тартысты матч өткенін", "екі құрама да жеңіске өте жақын болғанын" айтты.
"Ойын тағдырын кішкентай детальдар шешіп кетті. Командаға ризамын, соңғы күштерін сарп етті. Жартылай финалдамыз, бізді бәрі осы кезеңге шығады деп күткен болар, солай болса да бізге босаңсуға болмайды" деді ол.
Франция енді 9 шілдеде жартылай финалда Испаниямен ойнайды. Испания Еуро-2020 жарысында жартылай финалда жеңілген еді. Ал Франция финалда Италияға есе жіберген.
Ширек финалдағы қалған екі ойын – Англия-Швейцария, Нидерланд-Түркия матчы 6 шілдеде өтеді.