Түркия құрамасының Еуропа чемпионатындағы жорығы ширек финалдан аяқталды. Топтық кезеңде Португалия, Грузия және Чехия бар топтан екінші орынмен шығып, Австрияны тартысты матчта 2:1 есебімен жеңген түріктен ширек финалда Нидерланд құрамасынан жеңілді.
6 шілде Берлинде болған матчтың басында Нидерланд құрамасы өте жылдам гол салуға тырысып, бірден шабуылға көшкенімен, Түркия гол салуға мүмкіндік бермеген. Ойынның 35-минутында түріктің 19 жастағы ойыншысы Арда Гүлердің оң қапталдан асыра берген добын Самет Акайдын голға айналдырып, Түркия алға шыққан. Бірақ Түркия құрамасы бұл есепті ұстап тұра алмады.
Нидерланд құрамасы екінші таймда темпті үдете түсіп, алты минуттың ішінде ойындағы жағдайды күрт өзгертті. 70-минутта Стефан де Врей бұрыштан берілген допты баспен ұрып, есепті теңестірсе, 76-минутта Гакпо есепті еселеді. Ойын соңында Түркияның есепті теңестіруге бір-екі мүмкіндігі болғанымен, доп қақпадан қиыс кетті. Ойын 2:1 есебімен аяқталды.
Түркия осылайша Еуропа чемпионатын ширек финалдан аяқтады.Бұл елдің Еуропа біріншілігіндегі ең үздік нәтижесі 2008 жылғы Еуропа жартылай финал (Германиядан 2:3 есебімен жеңілген еді) болып қала бермек.
Берлиндегі "Олимпиада стадионына" жиналған көрерменнің басым бөлігі түріктер болды (Германияда тұратын түрік диаспорасы өте көп). Бұған қоса, матчты тамашалауға Түркия президенті Режеп Ердоған да келген.
Азаттық тілшісімен тілдескен түрік фанаттары "командалары жеңілсе де, көрсеткен нәтижеге риза екенін, Еуропа чемпионатында Түркия жанкүйерлеріне керемет көңіл күй мен адреналин сыйлағанын" айтты.
Матчтан соң Түркия құрамасының ойыншысы Салих Озкан "Көңіліміз түсіп кетті. Командаға алғыс айтамын, әр ойыншы бар күшін салып ойнады. Дәл қазір сөз табу қиын болып тұр. Біздің ендігі мақсатымыз – 2026 жылы өтетін әлем чемпионаты" деді.
Ал Нидерланд құрамасының бас бапкері Роналд Куман "бұл жетістік ұлт үшін ерекше. Біз шағын елміз, бірақ Англия, Франция, Испаниямен бірге жартылай финалдамыз" деп қуанышын жасыра алмады.
Еуропа чемпионаты басталғалы сенімді жеңіске жете алмай келе жатқан Англия құрамасы жартылай финалға шықты. Топтық кезеңде Сербияны 1:0 есебімен жеңіп, Дания және Словениямен тең түсті. 1/8 финалда Словакияны қосымша уақытта жеңді. 6 шілде Дюссельдорфта өткен ширек финалдық матчта Швейцарияны пенальтиден ұтты.
Швейцария ойыншысы 75-минутта Бриль Эмболо есеп ашқан еді, бірақ араға бес минут салып Англия ойыншысы Букайо Сака есепті теңестіріп кетті. 1:1 есебі негізгі және қосымша уақытта да өзгермей, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Англияның бес ойыншысы да пенальтиді дәл теуіп, гол салса, Швейцария ойыншысы Мануэль Аканжидің тепкен добын Англия қақпашысы Джордон Пикфорд қайтарды.
Енді 10 шілдеде Нидерланд құрамасы мен Англия құрамасы финал жолдамасы үшін күш сынасады.
Еуро-2024 додасының жартылай финалдағы жұптары:
9 шілде: Испания – Франция
10 шілде: Англия – Нидерланд
Финал 14 шілде Берлинде болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Испания Германияны жарыстан шығарды. "Барын салған" Португалия Франциядан жеңілді