Олимпиададан бас тартқан Рыбакина жанкүйерлер сынына қалды. Теннисші "ауырып қалғанын" айтады

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Токио-2020 олимпиадасында.

Ресейде туып, Қазақстан атынан жарыстарға қатысып жүрген теннисші Елена Рыбакинаның күтпеген жерден Париж олимпиадасына қатысудан бас тартқаны жанкүйерлердің ызасын тудырды. Теннисшінің өзі олимпиадаға денсаулығына байланысты қатыспайтынын айтады.

НЕ БОЛДЫ?

Елена Рыбакинаның (Әлемнің үшінші ракеткасы) олимпиададан шығатынын Халықаралық теннис федерациясы (ITF) 25 шілде түстен кейін ресми мәлімдеді.

25 шілде Париж уақытымен таңертең жеребе тартылып, Рыбакина алғашқы айналымда румыниялық Кристиан Жаклинмен ойнауы керек еді. Бұдан бөлек, ол тағы бір қазақстандық теннисші Александр Бубликпен микст жарысында да медальға таласуы тиіс еді.

Олимпиадаға қатысудан бас тартқан Рыбакина жанкүйерлер мен қазақстандық спорт журналистері тарапынан сынға ұшырап жатыр.

Мәскеуде туған теннисші 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған еді. Оны Қазақстан құрамасына миллионер Болат Өтемұратов шақырған. Елде шетелден келетін спортшыларға қарсылық күшейген тұста Рыбакинаға жиі сын айтылатын. Ол 2022 жылы Grand Slam жарыстары қатарына енетін Wimbledon (Уимблдон) турнирін жеңгенде де екі азаматтығы жоғын айтып, Қазақстан паспортын көрсетуге мәжбүр болған.

"ЖАНКҮЙЕРЛЕР КӨҢІЛІН ҚАЛДЫРАДЫ"

Жанкүйерлер арасында "Рыбакина ақша үшін Қазақстан азаматтығын алды, ұлттық құрамада ойнамайды" деген сын бұрыннан бар. Ал Париж олимпиадасынан бас тартуы бұл сынды тіпті күшейтті. Қазір Рыбакинаның шешімін желіде сынап жатқандар көп (желідегі жазбалардың орфографиясы сақталды).

Нұрғиса Асылбеков: Болат Өтемұратов басқаратын теннис федерациясы Ресейден алдыртып, азаматтық алып берген Елена Рыбакина Париж олимпиадасына қатысудан бас тартты деген ақпар тарап жатыр. Отандық мектептің өкілі болмаса жағдай осы. Өзгенікі өзектен тебеді, екі қойың бір сом.

Жалпы шет елден дайын спортшы алдырып, алдарқатуды доғаруды мықтап ойлану керек. Елдегі спорт әлеуетін арттыруға ден қойсақ 10-15 жылда нәтиже келе бастайды. Біраз күтуге тура келеді, бірақ отандық атлеттеріміздің пулы қалыптасады. Легионерлер жергілікті жас жеткіншектердің алдын орап, обал қып жатыр деп дабыл қаққалы көп болды. Құлақ асқан ешкім жоқ. Керісінше, натурализация үрдісі үдеп барады.

Akan Serik: Біздің спорт басшылары "медаль алады" деп үміттенген Рыбакина Олипиадаға қатыспайтын болыпты.Негізі осындай турирлер үшін азаматтық беріп, жалдап алған легионер ғой, жәммән лақтырды.

Бір жағынан оныкі дұрыс, ақша үшін азаматтығын алған елдің жалауы үшін жыртылып ойнағанша, теңіз жағасында демалып, ақшасы көп турнирлерге дайындалғаны әлдеқайда пайдалы оған.

Бек Төлеу: Рыбакина Олимпиадаға қатысудан бас тартты. Өз балаң өзектен тепсең де кетпейді. Осыны ұғатын басшылар қайдан болсын.

Теннис жарыстарына жиі барып, бұл спортты қадағалап жүретін журналист Мейірман Лес "Шыны керек, Париж олимпиадасын Рыбакина үшін көрейін деп отырған едім. Рыбакинаның төрт жылда бір келетін олимпиадаға қатыспайтыны жанкүйерлер көңілін одан әрі қалдырады. Енді Рыбакинадан жанкүйерлер ештеңе күтпейтін сияқты. Өйткені ол кез келген уақытта кез келген жарысқа қатыспай қоюы мүмкін" дейді.

СПОРТШЫ МЕН ФЕДЕРАЦИЯ НЕ ДЕЙДІ?

Жанкүйерлер арасында сын күшейген тұста Қазақстан теннис федерациясы Рыбакина денсаулығына байланысты олимпиададан бас тартқанын мәлімдеді.

"Қазір Елена бронхитпен ауырып жүр. Дәрігерлер оған жарысқа қатысу былай тұрсын ұшақпен ұшуға тыйым салды. Рыбакина ойындарға қызу дайындалып, Олимпиадада жақсы нәтиже көрсетуді ойлаған, бірақ денсаулығына байланысты бұл мүмкін болмай тұр" деді федерация.

Артынша Қазақстан теннис федерациясының сайтында Рыбакинаның да мәлімдемесі жарияланды. Онда теннисші биылғы Уимблдон жарысынан кейін бронхитпен ауырып қалғанын, олимпиадаға дейін жазылып үлгермегенін айтады.

"Сіздердің үміттеріңізді ақтай алмағаныман және біздің құрама сапында олимпиадаға қатыса алмайтыныма қатты өкінемін. Токиода медальға жақын болдым, Париж олимпиадасында Қазақстанға алтын медаль алып беру үшін тыңғылықты дайындалдым. Өкінішке қарай, денсаулығым бұл жоспарыма кедергі келтірді" деді ол жазбаша мәлімдемесінде.

Елена Рыбакина Токио-2020 олимпиадасында қолаға таласта украиналық Елена Свитолинаға жеңіліп қалған еді.

Рыбакина жыл бойы бірнеше ірі турнирге "денсаулығына байланысты" қатысудан бас тартқан. Мәселен, ол биыл наурызда АҚШ-тың Индиан Уэллстегі және сәуірде Италияның Рим қаласындағы WTA-1000 жарысына қатысып, былтырғы титулын (2023 жылы Индиан Уэллс пен Римдегі жарыста жеңіске жеткен) қорғауы керек еді. Бірақ "ішек-асқазан мәселесіне байланысты" бұл екі турнирге қатыспаған.

Париж олимпиадасына бір апта қалғанда теннисші Түркияның Бодрум қаласында демалып жүрген фотосы жариялаған еді. Рыбакина ауырып жатса, не үшін Париж олимпиадасының жеребесі тартылып қойған соң додадан бас тартқаны жанкүйерлер арасында сұрақ туғызды.

Олимпиадада алтынға үміткерлердің бірі болған Рыбакинаның турнирге қатыспайтыны жайлы польшалық Przegląd Sportowy "олимпиада алдындағы шок шешім. Елена Рыбакина сенсациялық шешім қабылды. Ига Швентектің (польшалық теннисші, әлемнің бірінші ракеткасы) қауіпті қарсыласының бірі Париж олимпиадасынан бас тартты" деп жазды.

Бірнеше жылдан бері Қазақстан шетелден бірнеше теннисші шақыртқан. Париж олимпиадасына қатысатын басқа теннисшілер Юлия Путинцева, Александр Бублик, Александр Шевченко Ресейден келген. Александр Недовесов Украинада туған.