Қазақстан дзюдошысы Елдос Сметов (60 кг) олимпиадаға үшінші рет қатысып, үшінші мүмкіндігінен алтын медаль иеленді. 31 жастағы дзюдошы Парижде медаль күтсе де, дәл чемпион болып кетеді деп көп адам ойламаған. Азаттық тілшісі Руслан Меделбек Париж олимпиадасында Сметовтің чемпион болған сәтіне куә болып, жеңісі жайлы тілдесті.
ПАРИЖГЕ ЖОЛ ҚАЛАЙ БОЛЫП ЕДІ?
Рио-2016 және Токио-2020 олимпиадасына Елдос Сметов шынымен алтынға басты үміткерлердің бірі болып барған. Себебі 60 келіде рейтингіде үздік ондықта тұрды. Рио олимпиадасы алдында әлем чемпионы атанған еді.
Бірақ Рио олимпиадасының финалында ресейлік Беслан Мудрановтан жеңіліп қалғанда Токио олимпиадасында есе қайтарамын деген. Бірақ Токиода жартылай финалда жапониялық Наохиса Такатадан жеңіліп, қола медальды алған. Сол кезде Сметов Азаттық тілшісіне "Бұл олимпиададан кейін білмеймін 2024 жылғы олимпиадаға бара аламын ба, бара алмаймын ба, білмеймін, оны Алла көрсетеді. Денсаулығымды, жарақаттарымды емдеуім керек" деген еді.
Токио олимпиадасынан соң Сметовтің салмағы да өсіп, ол 60 келіден 66 келіге ауысқан. Бірақ жаңа салмақта көп жеңіске жете алмаған соң қайта 60 келіде ауысты. Оның ортасында біраз уақыт үзіліс алып, жарақатын емдеп, татамиге де шықпай жүрді. Дегенмен Париж олимпиадасына жолдама алу үшін Гран-при, Гранд слам жарыстарына барып, олимпиада жолдамасына қажетті ұпай жинады да, 60 келіде ТОП-30 дзюдошы қатарына кірді.
Бұл салмақта Қазақстанның екі жас балуаны Мағжан Шамшидин мен Нұрқанат Серікбаев екеуі Сметовтен жоғары тұрған еді. Егер рейтингке салса, Серікбаев (15-орын) баруы тиіс болған. Дегенмен бапкерлер олимпиада алдында үш балуан арасында кіші іріктеу өткізіп, сол кезде Сметов екеуін де жеңген. Бұл шағын турнирден соң жанкүйерлер арасында Сметовтің жасы келгенін, жастарды апару керегін айтқан еді.
Елдосты жақсы білетін бапкерлерінің өзі "ол өте маңызды турнирлерде, олимпиадаларда жиналып алады" деген.
Дзюдошы Парижде рейтингіде өзінен жоғары тұрған Торнике Чакадуаны (21-орында), украиналық Дилшод Халматовты (11-орын), тайпейлік Ян Юнвейді (1-орын), испаниялық Франсиско Гарригості (5-орында) жеңіп финалға шыққан. Ал шешуші белдесуде Франция үміті Лука Мхейдзеден (3-орында) басым түсті.
"ӨЗІМНЕН ЕШТЕҢЕ КҮТПЕЙ КҮРЕСТІМ"
Елдос бірінші қарсыласы Чакадуамен өте сақ күресті. Ал басқа қарсыластарымен өте еркін, сасқалақтамай, бағамдай күрескені байқалды. Дзюдошының өзі де жарыстан соң "жоғалтатын ештеңе жоқ" деп күрескенін айтты.
- Бұл үшінші олимпиада ойындары болғаннан кейін толыққанды барлық ойды, уайымды тастадым. Ешнәрсе миыма алған жоқпын. Ешқандай жауапкершілікті де алған жоқпын, өзімнен ештеңе күтпей күрестім. Өзімді психологиялық тұрғыдағы солай дайындадым. Бірақ бұл жауапкершіліктің жолы ауыр екенін сезіндім. Жауапкершілікті ойлап, асқындыра беретін болсаң онда өзіңді қола ұстап қалу, басыңды жұмыс істету қиын. Одан әрі қобалжып кетуің мүмкін. Жан-жағымда ешкім жоқ, жай турнирге дайындалып жатырмын деп ойладым. Бірақ мен бұл соңғы олимпиада болуы мүмкін екенін білдім. Сол сияқты бұл жерде барымды салуым керек деп ойладым, - деді ол Олимпиададағы жеңісінен соң Азаттыққа.
Сонымен Сметов дзюдодан ұйымдастырылатын жарыстардың негізгісінде алтын медаль алды. Ол бұған дейін әлем чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Азия чемпионы, Гран-при кезеңдерінің алтынын, Гранд-Слам жарыстарының кезеңінің алтынын иеленді. Олимпиаданың алтын, күміс, қоласын да жеңді.
Спортшының өзі Парижде "Олимпиадада алтынды сол жағынан да, оң жағынан да көрдім. Енді алтынды тұғырда ұстап тұрып көру бұйырды" деп осыған дейін күміс пен қола алғанын меңзеді.
- Мен Токио олимпиадасынан кейін спорттан кетейін деп жүргенде ата-анамның қолдауымен, жақындарымның қолдауымен дзюдода қалдым. Мені сол кезде қолдаған ата-анам мен әйеліме, жақындарыма да алғыс, - деді ол.
Париж олимпиадасына қонақ ретінде келген жапон Наохиса Таката Сметовті жеңісімен құттықтады. Токио олимпиадасының чемпионы Азаттыққа "Қазақстанның ішінде болған олимпиадаға іріктеу жарысын көрген едім. Ол мықты чемпион, оған деген құрметім шексіз" деді.
Елдос Сметов – дзюдодан олимпиадада алтын медаль алған алғашқы қазақ спортшысы. Ол осыған дейінгі сұхбаттарында "олимпиада алтынын алмай ұйқым тыныш болмайды-ау" деп айтқан еді.
- 2016 жылы олимпиадаға кетерімізде Жақсылық Үшкемпіров атамыз (грек-рим күресінен Мәскеу-1980 олимпиадасының чемпионы) ас жеп отырған қасығымен тамақ асатып, "Саған жұғысты болсын, сенен олимпиада чемпионы шығатынына сенемін, сол күшті спортшы ретінде мен сезіп тұрмын" деп ыстық лебізін білдірген еді, - деді ол.
Париж олимпиадасының чемпионы "артынан еріп келе жатқан іні-қарындастары жеңісті жолды жалғастырады" деген үмітін білдірді.
- Қазақтың жігіттеріне үлкен жігер сыйладым деп ойлаймын. Алдыға мақсат қойсаң мүмкін алынбайтын қамал жоқ екенін дәлелдедім деп ойлаймын, - деді дзюдошы.