"Тұғырда ішім алай-дүлей болды". Балуан Жадыраев пен боксшы Оралбайдың күміске көңілі толмады

Париж олимпиадасында күміс медаль иеленген Демеу Жадыраев. 7 тамыз 2024 жыл.

7 тамызда Париж олимпиадасында қазақстандық балуан Демеу Жадыраев пен боксшы Нұрбек Оралбай күміс медаль иеленді. Финалда қарсыластарына есе жіберген спортшылар чемпион болмағанына өкінді.

"ФИНАЛДА БОСАП, ЭМОЦИЯҒА ЕРІК БЕРІП ҚОЙДЫМ"

Қазақстан үміт артқан боксшылардың көбі жартылай финалға шыға алмай жеңіліп, елде олимпиада нәтижесіне сын айтылып жатқан тұста грек-рим күресінен Демеу Жадыраев пен финалға шыққан жалғыз боксшы Нұрбек Оралбай алтынға үміт сыйлаған.

Бірақ 77 келіде белдескен 34 жастағы Демеу Жадыраев финалда жапониялық 23 жастағы Нао Кусакадан жеңіліп қалды. Белдесу бастала сала Жадыраев Кусаканы кілемнен итеріп шығарып бір ұпаймен алға шыққан. Бірақ кейін жапон балуаны Демеу кілемде төрт тағанда тұрғанда жұлып алып, екі рет айналдырып, 4 ұпай алды. Осыдан соң Нао аяқта нық тұрып, Демеуге ұпай алуға мүмкіндік бермеді.

Белдесу аяқталғанда Жадыраев кілемнен көңілсіз түсіп кетті. Ал Кусака Жапония туын жамылып алып, кілемді айнала жүгіріп жеңісін тойлап жатты.

Демеу Жадыраев пен жапон балуаны Нао Кусака арасындағы белдесу. 7 тамыз 2024 жыл.

Жадыраев финалға дейін олимпиада фавориттері қырғызстандық Ақжол Махмудовты (2022, 2023 жылғы әлем чемпионы, Токио олимпиадасының күміс жүлдегері) және әзербайжандық Санан Сулейменовті (2021, 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) жеңген еді. Балуан финалға дейін мықтыларды жеңіп, шешуші белдесуде жеңіліп қалғанына өкінді.

Парижде күміс медалін мойнына таққан соң Жадыраевтың Азаттық тілшісіне айтқанын қаз-қалпында ұсынамыз.

Қанша жылғы еңбек пен тәжірибені Парижге салайын деп келген едік. Финалға шыққанша сол күшті салып, финалға сала алмай қалып тұрмын ғой. Басқа жарыста жеңілсең, бұйырғаны деп кете бересің. Ал олимпиада мүлдем басқа екен. Бүкіл әлем елдерінің намысы сынға түсіп жатқан олимпиадада оңай емес екен.

Финалға шыққаннан бастап мені халық чемпион деп қойды ғой деймін. Өзім де кішкене босап, эмоцияға ерік беріп қойдым деп ойлаймын. Толқынысымды да жеңе алмай қалдым деп ойлаймын. Әйтпегенде бәрі жақсы болар еді.

Тұғырда тұрғанда ішім алай-дүлей болды. Жоғарыда Жапония туының орнында қазақтың көк туы тұруы мүмкін еді. Көнесің енді, не істейсің... Бірақ олимпиаданың күміс медалі де қоржынымда бар. Оған да шүкір.

Жадыраев 2017 жылы дәл осы Парижде өткен әлем чемпионатында күміс медаль алған еді. Одан кейін Токио-2020 олимпиадасына барып, бірінші айналымда жапон Сехэй Ябикудан жеңіліп қалған.

Ал Париж олимпиадасына жолдама алуы қиындау болған. 2023 жылғы әлем чемпионатында лицензияға таласта жеңіліп, биыл мамырда Бішкекте өткен Азия құрлығы бойынша іріктеуде лицензия жеңіп алған.

– Жеңіліп қалған соң, күресуге ынтаң ашыла түседі екен. Жарақат жоқ, қой дейтіндей себеп жоқ. Сондықтан әлі дайындаламыз, күресеміз, – деді Жадыраев Парижде.

БОКСШЫНЫҢ КӨҢІЛІН ТҮСІРГЕН КҮМІС МЕДАЛЬ

Жадыраевтың финалынан соң Қазақстан жанкүйерлері боксқа назар аударды. 80 келіде бокстасқан қазақстандық Нұрбек Оралбай финалда украиналық Александр Хижняктан жеңіліп қалды.

Нұрбек Оралбай (сол жақта) мен Александр Хижняк арасындағы бокс. 7 тамыз 2024 жыл.

Париждегі әйгілі "Роллан Гаррос" стадионында өткен финалда екі боксшы жан берісіп, жан алысты. Екеуі де тынымсыз шабуыл жасап, соққы тигізуге тырысты. Хижняк рингте белсенді болуға тырысса, Оралбай қарсыласын күтіп алып, соққы жасауға талпынды. Қорытындысында бес төрешінің үшеуі жеңісті Украина боксшысына берді. Хижняк Токио-2020 олимпиадасында күміс медаль иеленген еді.

Оралбай жеңілісіне көңілі түсіп, марапаттау рәсімінде төмен қарап көңілсіз тұрды. Рәсім аяқтала сала медалін мойнынан шешіп тұғырдан түсіп кетті. Журналистерге сұхбат беруден бас тартты, баспасөз мәслихатына да келген жоқ.

Нұрбек Оралбай тұғырда тұр. Париж, 7 тамыз 2024 жыл.

Қазақстан Париж олимпиадасына барлығы он боксшы (жеті ер, үш әйел) апарып, бір күміс, бір қола медаль иеленді. Ерлер құрамасы екінші олимпиада қатарынан олимпиадада алтынсыз қалды.

Ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжанов жеті боксшының алтауы алғашқы айналымдарда жеңілгенде "бұл біз үшін ең нашар нәтиже көрсеткен олимпиада болды" деп мәлімдеген.

Боксшылардың Париждегі сәтсіздігі олимпиада біткеннен кейін де ұзақ талқыланбақ. Қазірдің өзінде Қазақстан жанкүйерлері желіде "2028 жылы Лос Анжелес олимпиадасында не істейміз?" деген сауалды талқылап жатыр. Мырзағали Айтжанов құрама бапкерінде қалу-қалмауын "олимпиададан соң басшылар шешеді" деген.

Ал Нұрбек Оралбайдың финалдағы жеңілісінен соң бас бапкер Айтжанов "жігіттерге реніші жоғын" айтты.

– Жеңілісті біз біреуден көрмейміз. Бұйырмай тұр екен. Жұрттар жігіттер шаршаған дейді. Айтарым, жігіттер шаршаған жоқ, барын салды. Ешкім жеңісті қолдан берген жоқ. Жігіттерге бұл сабақ. Жігіттер мықты болуға тырысады. Қазақ боксы қайтадан аяқтан нық тұратынына сенімдімін, – деді Айтжанов Парижде журналистерге.

Мырзағали Айтжанов (оң жақта) финалда Нұрбек Оралбайға раунд арасында кеңес беріп жатыр. Париж, 7 тамыз 2024 жыл.

7 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстан Париж олимпиадасында бір алтын, үш күміс, үш қола медальмен жалпыесепте 28-орында тұр.

Бұған дейін алтынды дзюдодан Елдос Сметов алса; күмісті гимнаст Нариман Құрбанов; қоланы дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, боксшы Назым Қызайбай, нысана көздеуден Ислам Сәтпаев пен Александра Ле (командалық жарыс) иеленген.

Париж олимпиадасы 11 тамызда аяқталады.