Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келмей тұрып, дипломат болған. Сондықтан ойын астарлап жеткізіп, тыңдарманын түрлі ойға жетелейтін қабілетке ие.
Бұған оның өткен аптада жарық көрген мақаласы мысал. Мақалада ол Орталық Азия елдерін қорғаныс саласында тығыз әріптестік орнатуға шақырды.
Бұл ұсыныс Кремльдің сөзін сөйлейтін ресейлік комментаторлардың назарынан тыс қалмады. Украинадағы соғысқа қарамастан, олар Орталық Азиядағы қауіпсіздікке үлкен басымдық береді.
Әзербайжанның мемлекеттік ақпарат құралдары Қазақстан президентінің ұсынысын қолдады. Өткен айда Әзербайжан Қазақстанның батысында Ресейдің қатысуынсыз өткен әскери жаттығуға барған.
Тоқаевтың әскери әріптестік туралы ұсынысы жай көлгірсу ме, әлде бұл одақтың шынымен болашағы бар ма?
"Украинада соғыс басталғалы, Орталық Азия елдерінде өздеріне жайлы геосаяси кеңістік құруға мүмкіндік туды. Олар Беларусь сияқты Ресейдің Украинадағы соғысын қолдамайтынын, бірақ Украина жағына да шығып кетпейтінін айтқысы келеді. Өңір мемлекеттерінің Батыспен байланысы бар, бірақ олар батысшыл емес. Бірақ соғыс ұзарған сайын, Ресейге қарсы жанама санкциялар салу мәселесі талқыланып жатыр. Өңір мемлекеттері геосаяси кеңістік тарылып келе жатқанын сезіп отыр", – дейді Глазго университетінің оқытушысы Лука Анчески.
Тоқаев 9 тамызда Астанада өткен Орталық Азия президенттерінің алтыншы консультативті кездесуі қарсаңында жазған мақаласында өңірлік интеграция мәселесін де сөз етті.
"Орталық Азиядағы интеграция туралы бастамалар көбіне құр сөзден әрі аспайды" –дейді Анчески.
РЕСЕЙСІЗ ҚАУІПСІЗДІК
Орталық Азиядағы тығыз әріптестікке бірінші кезекте өңір мемлекеттерінің бәрімен ортақ шекарасы бар Өзбекстан мүдделі.
Бірінші президент Ислам Каримовтың тұсында Ташкент көршілерінен бойын аулақ ұстап, қатты араласпайтын. 2016 жылы билікке келген Шавкат Мирзияев Орталық Азия мемлекеттерімен сауда жүргізіп, дипломатиялық бірлік орнатуды Өзбекстан үшін жаңа мүмкіндік көрді.
14 тамыздағы мақаласында Өзбекстанның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазір президенттің сыртқы саясат бойынша кеңесшісі Абдулазиз Комилов "Өзбекстан көршілерімен қарым-қатынаста ескі әдістерден бас тартып, Орталық Азияның болашағы үшін үлкен жауапкершілік алып отыр" деп жазды.
Өзбекстанда шенеуніктер марқұм Каримовты сынағанда осы сөзден ары аспайды.
Бірақ Мирзияев билікке келгелі Өзбекстанның Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы түзелгені рас. 2018 жылдан бастап Орталық Азияның бес басшысын қосатын жыл сайынғы саммит өте бастады.
Бұрын өңір мемлекеттерінің Ресеймен және Қытаймен достығы өзара әріптестіктен жоғары тұратын.
Сондықтан Тоқаевтың мемлекеттік "Казахстанская правда" газетіне шыққан "Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы" деген мақаласындағы өңірлік байланыстарды нығайту жайлы ұсынысы қызық көрінді.
Мақаласында Тоқаев Орталық Азияның тарихы мен экономикалық әлеуетін атап өтуден бөлек, "өңірлік қауіпсіздік жүйесін құру, оның ішінде Орталық Азияның қауіпсіздігіне байланысты сын-қатерлер тізімін және оның алдын алу шараларын әзірлеу мәселесі өте өзекті" деді.
Ресейдегі сыншылар мақаланың дәл осы тұсын байқады.
Кремльдің сөзінен шықпайтын националист телерадиожүргізуші Сергей Мардан Тоқаевтың ұсынысын "Біз Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (бұл әскери одаққа Орталық Азия елдерінен Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мүше) сенуден қалдық" деген месседж деп түсінген.
Мардан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Тоқаев пен президент әкімшілігін "мамбеттер революциясынан" құтқарды деді. Ол бұл сөзінде Қазақстанда 2022 жылы қаңтарда болған, салдарынан 238 адам қаза тапқан жаппай тәртіпсіздікті меңзеп отыр. Қазақстан президенті елдегі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін көмекке шақырған.
Мардан совет дәуірінен қалған, ауыл қазақтарын қорлайтын "мамбет" сөзін қолданды.
Ол 240 мың оқырманы бар Telegram-арнасына "Орталық Азияда қорғаныс одағын құру идеясы өміршең емес" деп жазды.
"Әр мемлекеттің өз мүддесі бар, көп шекара мәселесі әлі шешілмеген", – дейді ол.
БАКУДІҢ ҚУАНЫШЫ
Тоқаев мақаласында дәл "қорғаныс одағы" деген сөз қолданған жоқ. Ол Орталық Азия мемлекеттерінің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы сияқты одақтарға мүше болуын қолдайтынын айтты.
Бірақ ресейлік комментаторлар "Орталықазиялық НАТО" идеясын іліп әкетті.
12 тамызда Азия туралы жазатын "Восточный экспресс" басылымына жарияланған "Атжалмандар және кеме: Орталықазиялық қорғаныс одағының артында британ фунты мен адасу тұрғанға ұқсайды" деген материалда Федор Кирсанов жаңа өңірлік блок құру ұсынысы Ұлыбританияның МИ-6 барлау қызметіне тиесілі деген болжам айтты.
"Одақ идеясын өзін саяси ойшыл санайтын Тоқаев ұсынатыны белгілі еді. Әрине, оның артынан қу түлкінің құйрығы көрініп тұр, бірақ бұл жай ғана деталь", – деп жазды Кирсанов.
Ресейге бағытталған YouTube Khod Mysley (450 000 оқырманы бар) каналында автор Арменияның премьер-министрі Николь Пашинян англосаксондардың жетекшілігімен өз елін Ресейдің досынан қасына айналдырып жатқанын айтып, "Тоқаевтың бұдан хабары жоқ сияқты" деді.
Қазақстан 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдамағалы ресейлік сыншылардан хейт естуге үйреніп қалған.
Тоқаевтың идеясы Ресейге ұнамағанымен, Баку бұл ұсынысты қуана қабылдады. Әзербайжанның Haqqin жекеменшік басылымында Зухра Новрузованың материалы жарияланды. Автор Қазақстан басшысын "Ресейдің сыртқы істер министріндегі әріптестерінен де тәжірибелі дипломат" деп бағалайды.
Новрузова Ресейдің милитаризмге бейімін және Украинадағы соғыстың қашан аяқталары белгісіз екенін ескеріп, Тоқаевтың өңірлік қауіпсіздікке алаңдап отырғаны ақылға қонымды деп жазады.
"Кремль элитасы үшін Ресейдің бейбіт дамуы мен экономикасының қалпына келуі маңызды емес. Қарапайым тілмен айтқанда, Кремль қазіргі режим тұрғанда, бейбіт жолға келмейді. Мемлекеттік агрессия машинасы әлдеқашан жұмысын бастап кеткен", – дейді ол.
Өткен айда Қазақстанның батысында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанның қатысуымен "Бірлестік – 2024" әскери жаттығуы өтті. Былтыр Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінде әскери теңіз жаттығуын ұйымдастырған.
Орталық Азия елдерімен бауырлас Әзербайжан Ресейдің серіктесі Армениядан Таулы Қарабақтағы даулы территориясын қайтарып алып, көп сарапшының қошеметіне бөленген.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Астанада өткен Орталық Азия басшыларының кездесуіне қатысты. Ол – өңірден тыс елден келген жалғыз қонақ болды.
Бакуде тұратын саяси сарапшы Фуад Шахбазов "қазір ешкім жаңа еуразиялық әскери одақ іздемейді" дейді.
"Әзербайжан Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын нығайту арқылы іс-қимыл еркіндігіне ие болғысы келеді", – дейді Шахбазов. Баку Батыспен арасын түзеп, Ресеймен күрделі қарым-қатынасын тепе-теңдікте ұстау үшін басқа елдермен де осыған ұқсас науқандар жүргізеді.
Сарапшының сөзінше, Әзербайжан Орталық Азияға қауіпсіздік емес, сауда тұрғысынан қарайды. Баку үшін Орталық Азия Ресейді айналып өтіп, Қытай мен Еуропаны байланыстыратын 6500 шақырымдық "Орта дәліз" қызметін атқарады.
"Қазақстанға келгенде, [Бакуді] энергетика мен логистика мәселесі көбірек қызықтырады", – дейді Шахбазов.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақтан я армяннан көмек сұрамақсыз ба?" Ресей ҰҚШҰ-ға қолқа сала ма?