Бір күн бұрын ұсталған белсенді Мейірхан Әбдіманапов 19 тамызда түнде соттан шыққаннан кейін әлеуметтік желіде болған жайтты баяндады. “Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деп айыпталған белсендіге сот 129 мың теңге (269 доллар) айыппұл салған.
Белсендінің сөзінше, дүйсенбі күні ол АЭС бойынша жария талқыға қатысу үшін Астанаға автобуспен бармақ болған кезде полиция көлікті тоқтатып, оны күштеп ұстап алып кеткен. Полиция бөлімшесінде 7-8 сағат ұстап, ақпан айында журналист Думан Мұхаммедкәрімнің сотына қатысқаны үшін 488-бап, 11-бөлігі бойынша хаттама толтырған.
“Осындай заңсыздық жүріп жатыр. Ұстаулары заңсыз, шешімдері заңсыз, бәрі заңсыз” деді видеода Мейірхан Әбдіманапов.
Өткен аптада Алматыда өткен АЭС бойынша жария талқыда белсенділер жиын "талқы емес, АЭС насихатына" ұқсап кеткенін айтқан еді. Олар талқыда АЭС-тің пайдасы ғана айтылып, кемшілік пен қатері айтылмады деп наразы болған. Сол кезде белсенді Мейірхан Әбдіманапов жиынды "АЭС-тің жарнамасы" деп атап, айқайлаған.
Бұған дейін жария талқы Қазақстанның 19 қаласында: Алматы, Қарағанды, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал, Өскемен, Семей, Талдықорған және өзге қалаларда өткен. Экологтар мен белсенділер өзге қалалардағы талқылар да біржақты өткенін айтып сынаған.
Қазақстанның барлық өңірінде жария талқы өткен соң АЭС салу мәселесі жалпыхалықтық референдумға шығарылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев референдум биыл күзде өтетінін айтқан. Бірақ әзірге референдум күні белгіленген жоқ.