19 ғасырдың соңындағы жойқын жер сілкінісінен кейін Верный (қазіргі Алматы) қаласын қайта салған – Андрей Зенков. Оның әкесі Павел Зенков Верный қаласының бірінші басшысы болған. Алматының қазіргі кескін-келбетіне осы әкелі-балалы ресейліктер "жауапты". Қазақстан тарихшылары олардан қалған мұраға әртүрлі баға береді. Біреулер үшін Зенковтар империяның Шығыстағы кезекті форпостын салған отаршы болса, енді біреулер үшін олар – әлемнің бірде-бір қаласына ұқсамайтын, қайталанбас бейнесі бар көпұлтты Алматыны салушылар.
ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА СІБІРДЕН КЕЛГЕН ИНЖЕНЕР
Андрей Зенков 1863 жылы Тобыл губерниясында көпес Павел Зенковтың отбасында дүниеге келді. Ол төрт жасқа толғанда әкесі Павел Зенков жаңадан құрылған Жетісу облысының (қазіргі Қазақстанның оңтүстігі мен Қырғызстандағы аумақ) әскери губернаторы Герасим Колпаковскийден Верныйды салуға шақырту алады. Павел Зенков отбасымен империяның шеткері аймағына – Орталық Азияға қоныс аударады.
Археологиялық қазбалар қазіргі Қазақстанның аумағына орыстар келіп қоныстанғанға дейін, орта ғасырларда болашақ Алматының орнында бекіністер мен қоныстар болғанын көрсетеді, бұл алқап малшылардың қонысы әрі егін шаруашылығы ретінде тартымды болды.
Жаңа қызмет орнына келген Павел Зенков Жетісу өлкесі құрылыс бөлімінің бастығы болып, алғашқы қала жоспарын жасаушылар қатарынан табылды. Жаппай құрылыстың ортасында өсуі кіші Зенковтың болашақ мамандығын таңдауына ықпал етті. Андрей Павлович Санкт-Петербургтегі Николаев инженерлік училищесінен жоғары техникалық білім алып шығады.
Зерттеушілер "түбі сібірлік" болуы және бай ағаш өңдеу дәстүрі қалыптасқан солтүстік Ресейде білім алуы Андрей Зенковқа империяның келесі бір шетіндегі қала салу мәселесін шешуге көмектесті деп есептейді.
1887 жылы Верный қаласында жойқын жер сілкінісі болды. Соның алдында ғана салынған қала түгелге жуық (екі мыңға жуық кірпіш үй) қирап қалды. Үш жүзден астам адам қаза болды. Қирандыны аршып, Верныйды қалпына келтіру жаңа жерде жаңа қала салудан екі есе қымбатқа түсетін болды. Биліктің жоспары осындай болатын, егер Зенков болмағанда, Қазақстанның тұтас тарихы басқаша өрілуі мүмкін еді.
Жас сәулетші мейлінше икемді, жер сілкінісіне төтеп беретін құрылыс материалын тапты. "Зенков Ресейде биік ғимараттардың сейсмологиялық төзімділігін ғылыми тұрғыда тыңғылықты зерттеген алғашқы ғалым болуы мүмкін. Оның жасаған қорытындысы ғылыми сенсацияға айналды. Бір сөйлемде: "Ғимараттарды серпімді материалдан немесе оның орнын басатын икемді материалдардан салған дұрыс, ең жақсысы ағаш" деп жазады түмендік өлкетанушы әрі ғалым В.Копылов.
Жергілікті шенеуніктерге ықпалын жүргізе алатын әкесінің қолдауы арқасында Андрей Зенков Верныйды салуда шексіз мүмкіндікке қол жеткізіп, оны өзіне ұнайтын солтүстік ертегісі стилінде салып шығады.
ҚАЗАҚТАРДЫҢ ШАМ ЖАҒУ ДӘСТҮРІН ЖЕТІЛДІРГЕН ФРАНЦУЗ ГУРДЭ
1933 жылы Алматыға жер аударылған орыстың ұлы жазушысы Юрий Домбровский "Зенковтің бөренелері" арқасында бұл қаланы жақсы көріп кеткен.
"Ол (Зенков. – СР) салған әр ғимаратты жазбай танисың. Өрнектеліп жасалған терезе жақтаулары, ойылған темірлері, есіктері, шатыры, кіреберісі, ал ең бастысы осының бәрінің еркін үйлесімі арқылы танисың. Ал бұл стиль жалпы қаланың стиліне айналмағанына Зенков кінәлі емес. Ол уақытта Верный қаласының ешқандай стилі жоқ еді, болуы да мүмкін емес еді. Қала өз бетінше, бейберекет өсіп жатты. Бірде сөреге шығып кетсе, бірде сайға барып жығылды, тағы бірде топырақтан соғылған лашықтарын керенау ағатын, суы лас өзенге апарып тықсырды (өзен Поганка деп аталатын), одан қалса, сарайлары мен мұнараларымен қоса мұздықтардан бастау алатын тау ағынына барып тірелді... Сөйте тұра Алматыны Зенковтың үйлерінсіз елестету мүмкін емес".
Юрий Домбровский, "Жәдігерлерді сақтаушы".
Әдебиеттегі "Зенковтың Алматысы" деген советтік дәуір аңызы ең алғаш осы қуғындағы жазушының қаламынан туды. Өз еркімен келмеген қаланың тарихына терең үңілуге Домбровскийдің уақыты да, ниеті де болған жоқ.
Ал алматылық өлкетанушылар кейінгі жылдары совет заманында қалыптасқан мифті терістеп қана қоймай, Зенковтар мен қала сәулетшісі, фразцуз Поль Гурдэ арасындағы бәсекеге толы күреске қатысты қызықты мәліметтерді тапты. Ұмыт қалған бұл есім жуырда Қазақстанға қайта оралып, жергілікті "батысшылдар" арасында кең танымал бола түсті. Гурдэнің портретінен жасалған мозаика қаланың орталығына қойылды.
Бургундияда туған Поль Базиль Гурдэ тұрғылықты тұру мақсатымен Ресейге көшіп, аты-жөнін Павел Васильевич деп алған. 1985 жылы Верный қаласына қоныс аударып, осы қалада 35 жыл тұрған.
Мұнда келген алғашқы жылы-ақ Бурдэ қалаға жарық тарту сайысына қатысып, жеңіске жетеді. Байқампаз француз қойдың майына шыланған білте шамның көмегімен киіз үйге жарық түсіретін қазақтардың тәсілін жетілдірген деседі. Гурдэ бар болғаны түтікшені шыныдан жасап, көшелерді самаладай жарық ететін шамдар ойлап тапқан. Ол шамдарды қойдың майымен жаққаны, әлде басқа нәрсе пайдаланғаны белгісіз.
Бұрынғы Колпаковский атындағы қалалық училищенің ғимараты – Поль Гурдэнің қолынан шығып, бізге сол қалпында дерлік жеткен жалғыз туынды.
Губернатор Колпаковскиймен таныстығын әрі достығын пайдаланған Гурдэ 1883 жылы қала сәулетшісі болып, әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үйлерді салады, сонымен бірге оңтүстік астананың өмірімен біте қайнасқан арық жүйесінің жобасын жасайды.
Өзіне сенімді француз жергілікті әкімшілікті жағалай жүріп, Верныйдың ең басты ғибадатханасы – Вознесенск кафедралды соборын салуға қатысу үшін рұқсат алады. Бұған қоса ол өз жұмысына сәулет саласынан білімі жоқ сібірліктердің араласпауын талап етеді. Зенковтармен қарым-қатынасы дұрыс болмағандықтан, олар тек кедергі келтіреді дегенді алға тартады.
Әйтсе де, құрылыс басқармасының жетекшісі Андрей Зенков қала сәулетшісінің қызметін қадағалап отырады. Қызуқанды Гурдэ қайдағы бір сібірлік біреудің ескерту жасағанын көтере алмай, Зенковтарға да, әкімшілікке де, жалпы ғибадатхананың жобасына да қолын бір сілтейді.
"Павел Васильевич" қызбалығына орай әртүрлі оқиғаның ортасынан табылатын. 1906 жылы Гурдэ сабақ беретін қалалық училищенің оқушысы оған тапаншадан оқ атады. Абырой болғанда, аман қалады. Дегенмен, намысым тапталды деп шешкен француз Петербургке кетіп, сол жерде дүниеден өтеді. Зиратының басына барып тұратын әйелі де, балалары да болмайды.
Зенковтар салмақты еді, Верныйға мықтап орнықты, ал революциядан кейін қалада салынған ағаш ғимараттың бәрін Андрей Зенковқа телитін болды. 1920 жылдары шалғайдағы Бургундиядан шыққан "Павел Васильевичтің" аты ұмытыла бастады әрі жағдай да өзгерді, қайдағы бір "шетелдік буржуй" кеңестік Қазақстанның астанасын салды деуді ар көрді.
ТЯНЬ-ШАНЬ ШЫРШАСЫНАН САЛЫНҒАН ШІРКЕУ
"Бұрыла салған сәтте әйгілі храмды көрдім. Ол туралы бұрын да көп естіген едім, бірақ көргенім мүлдем бөлек болып шықты. Ол тұтас қаланың үстінен төніп тұрғандай еді. Еңселі, күмбезі көп, өрнекті, түрлі-түсті, ернеуі мың құбылған, шатыры темірден гофрленіп жасалған. Мұнарасы мен баспалдағы тұтастай баспалдақтар жүйесінен, өткелдер мен галереялардан тұратын ғимарат. Нағыз Әулие Василий храмы дерсің, тек елу жыл бұрын уездік сәулетші қайта салған".
Юрий Домбровский, "Жәдігерлерді сақтаушы".
Вознесенск кафедралды соборы – Андрей Зенковтың қолынан шыққан жауһар инженерлік туынды, ол революцияға дейінгі кезеңдегі Алматының ең көрнекті орындарының бірі және солай болып қала береді.
Әлемдегі ең биік ағаш ғимараттың бірі болып саналатын собор құрылысы 1907 жылы аяқталған. Вознесенск соборына 2000 адам сыяды, Тянь-Шань шыршасынан салынған шіркеудің биіктігі 54 метрге дейін жетеді.
1911 жылы Верныйда 10 балдық жер сілкінісі болғанда Зенковтың инженерлік талантының арқасында шіркеу міз бақпай тұрған. "Қоңырау соғылатын мұнара биік ағаштың басы секілді иіліп, икемді білеудей шайқалды" деп еске алады Зенков. Ал жер сілкінісі кезінде тас үйлердің көпшілігі қирап, басқа шіркеулердің мұнарасындағы қоңырау құлаған. Сейсмикалық тәсілін осылайша көрнекі түрде көрсеткеннен кейін Зенков лайықты құрметке бөленеді. Инженерге Әулие Станислав және Әулие Анна ордендері беріліп, ол дворян атанып, полковник шенін иемденеді, сонымен бірге көптеген ғимараттың жобасын жасауға тапсырыс алады.
"Верныйдағы, қазіргі Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборы шын мәнінде сол дәуірдің ғана емес, бүгінгі кезеңнің де әйгілі ғимараты деп ойлаймын. Олай деуге себеп болатын бірнеше фактор бар. Қала құрылысы жағынан да, сәулет тұрғысынан да, инженерлік шешімдер жөнінен де бұл әлемдік деңгейде атап өтуге тұрарлық, сәулет-құрылыс өнеріндегі бірегей туынды", – деді бірнеше жыл бұрын сәулетші, дизайнер және сәулет өнері бойынша философия докторы Алмас Ордабаев. Ол сонау 1972 жылы Вознесенск кафедралды соборының алғашқы реконструкциясын жасаған.
– Зенков шын мәнінде ғажап, тамаша инженер, мықты сызбашы және көп ғимаратты салған шебер ұйымдастырушы болатын, собор құрылысына Зенковтың араласуы арқасында шіркеуіміз жойқын жер сілкінісіне төтеп берді, дегенмен, ашығын айту керек, сәулет жобасы онікі емес. "Верный сәулет өнерінің" көркемдік құндылығы асыра бағаланған деп ойлаймын. Бұл тоғышар көпестік стильге жатады, қазіргі Алматының путиндік ыңғайдағы жұрты тамсанатын, қазақтарға дәретке дұрыс отыруды Ресей үйретті дейтін топтың жақсы көретін стилі, – дейді Ордабаев.
ЗЕНКОВ ЖОҚШЫЛЫҚТА ДҮНИЕДЕН ӨТТІ
Біздің қолымызда сібірлік инженердің әскери және революция кезіндегі өмірі туралы мәлімет жоқтың қасы. 1915 жылы Павел Зенков қайтыс болады да, Андрей Зенков әскер қатарына алынады. Ол Оңтүстік-Батыс майдан штабында борышын өтейді, сол жерде әйгілі Брусиловский шабуылына дайындыққа қатысса керек.
Революциядан кейінгі жаңа билік оның "бөтен тап өкілі" екенін бірнеше рет еске салады. Зенковтың жездесі, казак офицері Иван Бакуревич беріліп, қызыл әскерлер оны қылышпен жарып өлтіреді. Чекистер инженердің үйінде тінту жүргізгеннен кейін көп ұзамай Зенковтың әйелі Евдокия қайтыс болады. Тінту тап күресінің ережесіне сай өтеді, барлық көзге түсер құнды дүниені тартып алып, қорқытумен аяқталады. Осыдан кейін Зенков Фрунзеге (қазіргі Бішкек) кетіп, Қырғызстан астанасын салуға қатысады.
1925 жылы Верныйға емес, Алматыға оралған Зенков ҚазАССР Совнаркомы жанындағы құрылысты бақылау басқармасының бастығы болып тағайындалады. Дегенмен, 1930 жылдардың басында-ақ оның дворян екені және патша әскерінде қызмет етуі қырағы партия жендеттеріне маза бермейді. Инженер қызметтен кетіп, маман ретінде алатын мардымсыз зейнетақымен тірлік кеше бастайды. Зенков жоқшылықта дүниеден өтеді, оны жерлеуді революцияға дейін жекжат болып үлгерген Бакуревичтер отбасы мойнына алады (Зенковтің әпкесі Мария казак генералы Владимир Бакуревичтің әйелі болған). "Алматыны салған" құрылысшының моласына жалғыз ғана фикустан жасалған гүлдесте қойылады. Инженерді жалаңаяқ күйінде сырланбаған табытқа салып жерлейді. Үстінде Қызыл Крест ұйымы берген көгілдір түсті жолағы бар қисық жағалы жейде мен мақта шалбар болады.
Зенковтардың қаланы жоспарлап, Алматы және басқа да жақын маңдағы қалалардың архитектурасының сейсмологиялық жағынан төзімді болуына сіңірген еңбегі қазіргі күні де маңызды. Олардың мұрасын мектеп оқушылары мен университет студенттері оқып жатыр, өткен ғасырдың 90-жылдары бұрынғы Пролетарская көшесі Зенков көшесі болып атала бастады.
Совет билігі Зенковтың "бөтен тап" өкілі болғанын "кешіре" алмаса, қазіргі отарсызданудың жақтастары сібірлік инженерді "империяның өкілі" дейді. Деколониал белсенділердің шамына тиетін Зенковтың өзі емес, постсоветтік кезеңдегі отыз жылда қалыптасқан ол туралы мифтер болса керек. "Орыс әлемінің" идеологтары "ақ адамдар" келгенге дейін қазақ даласын жабайылық жайлап, қаңырап жатқанын "еске салудан" танбайды. Мәселен, 2024 жылдың мамыр айында Ресей думасының вице-спикері Петр Толстой "Радио КП" арнасына берген сұхбатында "Алматы деген – біздің Верныйымыз, біздің казактардың бекінісі" деп мәлімдеді. Сонымен бірге Қазақстанда "әлдебір қазақ мемлекеті" құрылып, "тәуелсіздікке қатысты ұлттық мифология өркендеп тұрғаны" да вице-спикерге ұнамай қалыпты.
Қазақстан сенатының спикері бұл Толстой мырзаның "жеке пікірі" екенін айтып, дипломатиялық сарынмен жауап беріп үлгерді. Әйтпесе, мұндай империяшыл пиғылдан туған мәлімдемеге аумақтық тұтастық тұрғысынан шағымдануға болар еді.