Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер жұмысына байланысты жаңа ереже бойынша пікір білдіріп, мемлекеттік органдардың бәрі өз қызметі туралы айтуға мүдделі, сондықтан драма жасаудың қажеті жоқ деді.
Биыл Қазақстанда БАҚ туралы заң өзгеріп, тамызда "Масс-медиа туралы" деп аталған жаңа құжат күшіне енген. Кейін мәдениет және ақпарат министрінің журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары бекітілген бұйрығы жарияланды. Министр Аида Балаева қол қойған бұйрыққа сәйкес, мемлекеттік әрбір орган журналистерге арналған ішкі тәртібін бекітеді. Ал оны екі реттен артық бұзған тілші аккредитациядан айырылып, ол органға алты ай кіре алмайды.
Журналистердің бірі министрге "бір апта емес, екі апта да емес, бірден алты айға аккредитациядан айыру қайдан шықты?" деген сұрақ қойды.
"Бір апта не бере алады? Біз бірге жұмыс істеуді үйренуіміз керек. Сіздер мемлекеттік қызметкерлердің этикасы туралы айтсаңыздар, біз журналистердің этикасы туралы айтып отырмыз. Екі тарап та [этика талабын] сақтауға тиіс. Мен әріптестерімді қорғап жатқан жоқпын. Мен де сіздердің толық және пайдалы ақпарат алуларыңызға мүдделімін. Бірақ брифингтерде тақырыптан алыстап бара жатқанымызды көргенде, мемлекеттік қызметкерлер қорлағанда я журналистер әдепсіз әрекет етіп жатқанда, әрине, мұны реттеу керек" деді Балаева.
Балаева "журналистер мен мемлекеттік қызметкерлер арасында төреші боламын" деді.
Жаңа қағидалардан соң үкімет үйінде өзгеріс болып, журналистерді министрлер кабинеті отырыс өткізетін қабатқа кіргізбейтін болды. 27 тамызда үкіметтің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерін төменгі қабаттағы баспасөз орталығына көшіріп, отырыс өтетін залға қарай көтерілуге тыйым салған.
"Құқықтық медиа орталық" ұйымының өкілі, заңгер Гүлмира Біржанова журналистерді аккредиттеудің жаңа ережесі мемлекеттік органдар үшін "ыңғайыз тілшілерді шектеудің" таптырмас құралына айналады деп санайды. Ол министр Балаеваның бастамасымен әзірленген құжатта БАҚ өкілдерінің емес, тіркеу жүргізетін мекеменің мүддесі басымырақ әрі оларға берілген құзірет шексіз деп айтқан.
"Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымы әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан әлем бойынша 180 елдің арасында 142-орында тұр.