"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстандағы БАҚ өкілдерін аккредиттеу ережелеріндегі кейінгі өзгерістер мен шетелдік БАҚ-ты аккредиттеу ережесіне енгізуге ұсынылған өзгерістер үкіметке сын айтатын журналистердің үнін өшіруге қолданылуы мүмкін деп алаңдайды. Комитет 3 қыркүйекте осындай мәлімдеме жариялады.
"Қазақстанда аккредиттеу ережелеріне жаңадан енгізілген және енгізуге ұсынылған түзетулер шектен тыс, олар цензураға кеңінен жол ашады. Журналистер президент Тоқаевтың "Жаңа Қазақстанда" уәде еткен ашықтығы орнына, қатаң мемлекеттік бақылауға ұшырап жатыр", – деді "Журналистерді қорғау комитетінің" Еуропа мен Орталық Азиядағы бағдарламаларын үйлестіруші Гүлноза Саид.
Комитет "Қазақстан билігі журналистердің заңды шағымдарын тыңдап, БАҚ-ты аккредиттеу ережелерін қайта қарауға тиіс" деді.
"Журналистерді қорғау комитеті" түзетулерге байланысты Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі мен сыртқы істер министрлігіне сауал жолдағанымен олардан әзірге жауап келмеген.
Your browser doesn’t support HTML5
Биыл Қазақстанда БАҚ туралы заң өзгеріп, тамызда "Масс-медиа туралы" деп аталған жаңа құжат күшіне енген. Кейін мәдениет және ақпарат министрінің журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары бекітілген бұйрығы жарияланды. Министр Аида Балаева қол қойған бұйрыққа сәйкес, әрбір мемлекеттік орган журналистерге арналған ішкі тәртібін бекітеді. Ал оны екі реттен артық бұзған тілші аккредитациядан айырылып, ол органға алты ай бойы кіре алмайды.
Жаңа қағидалардан соң үкімет үйінде өзгеріс болды: журналистердің министрлер кабинеті отырыс өткізетін қабатқа кіру құқы шектелді. 27 тамызда үкіметтің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерін төменгі қабаттағы баспасөз орталығына көшіріп, отырыс өтетін залға қарай көтерілуге тыйым салған.
"Құқықтық медиа-орталық" ұйымының өкілі, заңгер Гүлмира Біржанова министр Балаеваның бастамасымен әзірленген құжатта БАҚ өкілдерінің емес, тіркеу жүргізетін мекеменің мүддесі басымырақ әрі оларға берілген құзірет шексіз деп сын айтты.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік органдардың бәрі өз қызметі туралы айтуға мүдделі, сондықтан драма жасаудың қажеті жоқ деді.
"Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымы әзірлейтін Баспасөз еркіндігі индексінде Қазақстан әлем бойынша 180 елдің арасында 142-орында тұр.
Your browser doesn’t support HTML5