41 мың мәйіт, 95 мың жаралы, 1,9 млн босқын. Газадағы соғысқа - бір жыл

ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасап, жүздеген адамды ұрлап әкеткен соң былтыр дәл осы күні Израиль Палестинаның Газа аймағында соғыс бастаған. Соғыс халыққа қанша қасірет әкелді? Қақтығыс кесірінен 41 мың палестиндік қаза тапты, оның көбі – бейбіт тұрғын. Газа аймағының көп бөлігі қирандыға айналды.

Былтыр Газаны бақылайтын ХАМАС тобы Израильге тұтқиылдан басып кіріп, мыңнан астам адамды қан-жоса етіп өлтіріп, 200-ден астамын кепілге әкеткен. Бұған жауап ретінде Израиль 7 қазанда бомба шабуылын бастады. Екі оқиға да ел тарихындағы ең сұрапыл, ең қанды оқиға ретінде есте қалды.

АҚШ пен Еуропа елдері ХАМАС-ты террорлық ұйым деп санайды.

ХАМАС-тың көзін жоюды мақсат еткен операция салдарынан бейбіт жұрт қырылып, жер бетінде халық ең тығыз қоныстанған аймақтың бірі саналатын Газада инфрақұрылым күл-талқан болды.

Газа аймағының оңтүстігіндегі Хан-Юнис қаласы. Израиль шабуылынан кейінгі көрініс. 2 қазан, 2024 жыл. REUTERS

Өлгендер

7 қазанда ХАМАС Газа аймағынан Израильге бірнеше тұстан шабуыл жасады. Израильдің мәліметі бойынша, бұдан 1139 адам қаза тапты. Олардың ішінде Израильдің 685 бейбіт тұрғыны мен 71 шетелдік бар. Бұған қоса ХАМАС Израильдің 251 азаматын кепілге алып кетті. Олардың жартысына жуығы босатылды, біршамасы құтқарылса, енді біразын ХАМАС-тың өзі босатты. 100-ден аса адам әлі кепілде отыр, қалғандары өлді деп саналады. Олардың кейбірі Израильдің шабуылы кезінде опат болды. Израильдің мәлімдеуінше, әуе шабуылынан бірнеше аптадан кейін басталған құрлықтағы шабуыл кезінде 346 солдаты қаза тапты.

ХАМАС-тың бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, былтырғы 7 қазаннан бері Газада 41 мыңдай палестиндік опат болды.

Рафах қаласында Израиль шабуылы кесірінен қаза тапқан балаларды жерлеуге апара жатыр. 8 қазан, 2023 жыл.

Көбі бейбіт адам, біразы бала. Газадағы 2 миллион адамның жартысына жуығы – бала.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары бойынша жоғары комиссары Фолькер Тюрк сәуірде Газада "әр он минут сайын бір бала жараланады не өлтіріледі" деген.

Аймақта өлгендер саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. БҰҰ мәліметі бойынша, 10 мыңнан астам адам Газада қираған ғимараттар астында әлі көміліп жатыр.

Ауруханадан әкелінген мәйіттерді ортақ бейітке жерлеп жатыр. Хан-Юнис, 22 қараша, 2023 жыл. АР фотосы

Палестина денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Израиль оккупациясындағы Палестина аймағы – Батыс жағалауда 700-дей палестиндік, соның ішінде 150 бала опат болған.
Израиль күштеріне қауіпсіздікке нақты қатер төндіріп тұрмаса да бейбіт палестиндіктерге адам өлтіретін соғыс қаруын орынсыз қолданып, шектен тыс қатыгездік көрсетті деген айтып тағылды.

Израильдің болжамы бойынша, осы операция кезінде ХАМАС-тың 17 мың содыры өлтірілген. ХАМАС бұл мәліметті жоққа шығарады.

Жаралылар
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, Израильдің құрлықтан және әуеден жүргізген операциясы кезінде 95 мың палестиндік жараланған.

Медицина қызметкері жараланған баланы жедел жәрдемге алып барады. Газа аймағы. 9 қараша, 2023 жыл. REUTERS

Олардың 25 мыңдайы жарымжан болып қалған, көбінің аяқ-қолына ампутация жасап, ұзақ сауықтырудан өткізу керек.

Өлтірілген журналистер мен жәрдемшілер
Газада 116 журналист пен медиа қызметкері қаза тапты. Бұл жөнінде Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) хабарлады.

Кемі бес тілшінің Израиль күштері тікелей көздеп атқан.

Соның салдарынан Израильдің Газадағы соғысы журналистер үшін де бұрын-соңды болмаған ең қанды оқиға болды.

"Әл-Жазира" телеарнасының Газа аймағындағы бюро басшысы Уаил әл-Даһду ұлы - осы телеарна журналисі Хамза Уаил әл-Даһдудың жаназасында қызын құшақтап тұр. Оның әйелі мен тағы екі баласы Израиль шабуылының алғашқы күндері опат болған еді. 7 қаңтар, 2024 жыл.

Аймақта жұмыс істеп жүрген гуманитарлық көмек көрсетушілер де көп өлді. БҰҰ есебі бойынша, бір жыл ішінде Газаба гуманитарлық жәрдем көрсетіп жүрген 250 адам мерт болды.

Аштық

Кешенді азық-түлік қауіпсіздігі кезеңдері классификациясына сәйкес, азық-түлік аса қат болғандықтан, Газа аймағындағы бүкіл халыққа аштық қаупі төніп тұр.

Рафахтағы балалар қайырымдылық ұйымы пісірген тамаққа қол созып тұр. 13 ақпан, 2024 жыл. REUTERS

Human Rights Watch ұйымының мәлімдеуінше, Израиль Газа халқын әдейі ашықтырып, бұл жағдайды соғыс қаруы ретінде пайдаланып жатыр. Ал бұл – әскери қылмыс деді адам құқықтарын қорғау ұйымы.

Ел ішінде босқын болған палестиндіктер


БҰҰ-ның 2023 жыл соңындағы болжамы бойынша, Газа тұрғындарының 85 пайызы, яғни 1,9 миллион адам үйінен қашып, Палестинаның өз ішінде босқынға айналған.

Хан-Юнисте бір әулет заттарын артып алып, мотоциклмен көшіп барады. 11 мамыр, 2024 жыл.

Қираған инфрақұрылым

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, Израиль Газа аймағындағы барлық ғимараттың жартысын құлатқан. Бұдан бөлек 360 мыңдай тұрғын үй бүлінген. Спутниктен түсірілген суреттерге қарасақ, шабуыл кесірінен кемі 53 мектеп қираған.

Газа аймағындағы Нусейрат босқындар лагеріне жасалған шабуылдан соң қираған ғимаратты қарап жүрген палестиндіктер. 16 қыркүйек, 2024 жыл.

Израиль Газа аймағында "террористердің" инфрақұрылымдары мен ғимараттарын нысанаға алғанын айтты әрі қарапайым халықты қалқа қылып отыр деп ХАМАС-ты айыптады.