РЕФЕРЕНДУМ ҚАЛАЙ ӨТТІ?
Елде кешкі сегізде бүкіл учаскелер жабылған соң Орталық референдум комиссиясы (ОРК) референдумға қатысу белсенділігі, алдын ала дерек бойынша, 63,87 пайыз болғанын мәлімдеді. Бұл — 7 820 918 адам.
Референдумға қатысу көрсеткіші бойынша, Қызылорда облысы алда тұр – 82,48 %. Ең төмен көрсеткіш Алматыда (25,39%) тіркелген. Астанада бұл көрсеткіш (50,81%) екі еседен де көп.
Ал референдумда экзит-полл жүргізген "Астана – кешенді әлеуметтік зерттеулер институты" жеке қорының сауалнамасына сай, дауыс берушілердің 69,8 пайыз АЭС құрылысын қолдаған, ал 30,2 пайызы қарсы шыққан. ОРК ресми нәтиже 7 қазан шығатынын мәлімдеді. Әдетте елде экзит-полл мен ресми нәтиже бір-біріне жақын болып жатады.
Референдум күні "Ұлы көш" қоғамдық қорының бақылаушысы Берік Әбенов Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылындағы №456 учаскесінде бюллетеньдерді топтап тастау фактісін түсіріп алған. Ол телефонының камерасын қосып, сыртқа шығып кеткенде учаске қызметкерінің бюллетеньдерді жәшікке тастап жатқан сәті видеоға түсіп қалған.
Ал тағы бір бақылаушы Құрал Сейітханұлы Түркістан облысындағы Бекзат Саттарханов атындағы №28 мектептегі учаскеден бір топ адам "қайта-қайта дауыс берді, "карусель" байқадым" деп прокуратураға шағым түсірген. Түркістан облысы референдум комиссиясының төрағасы Қайрат Бердіқұлов ондай факт тіркелген жоқ деп мәлімдеді. Кейін бақылаушы Сейітханұлын учаскеден шығарып тастады.
"Жас сайлаушылар лигасы" қоғамдық бірлестігі бес қаладағы дауыс беру барысын бақылап, 23 заң бұзу фактісін тіркегенін айтты. Бірлестік бақылаушылары учаске маңында үгіт-насихат материалдарын көргенін, фото-видеоға түсіруге тыйым салынғанын, хаттама берілмегенін, бақылаушылардың учаскеде жүріп-тұруына кедергі келтірілгенін, алдын ала қол қойылған бюллетеньдер болғанын мәлімдеді.
Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, елде "экстремистік ұйым деп" тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (Еуропарламент бейбіт оппозициялық ұйым деген) жетекшісі Мұхтар Әблязов референдум күні жұртты наразылыққа шақырған. Әблязов қалаларда "билікке қарсы митинг орны" деп белгіленген аумақта полицейлер көп болды.
Астанада полиция АЭС құрылысына қарсы наразылыққа шыққан белсенді Эльвира Бекзадинаны ұстап әкетті. Ол қолына "STOP АЭС" деген плакат ұстап, қала ортасына шыққан. Бұған қоса, Астанада белсенді Ермек Нарымбай бес күнге қамалды. Оған сот үкімін орындамады деп айып таққан. 2015 жылғы үкімге сай, Нарымбайға саяси-қоғамдық жұмыстармен айналысуға тыйым салынған. Белсенді бір күн бұрын Астанадағы учаскелерді аралап, желіге "учаскелердегі заң бұзу фактілерін" жазған еді.
Your browser doesn’t support HTML5
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев референдум кезінде елдегі 10 мың учаскеде "қоғамдық тәртіп бұзу фактілері болған жоқ" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, полицейлер "бақылаушылардың қауіпсіз жұмыс істеуін және халықтың еркін түрде референдумға қатысуын қамтамасыз еткен".
Ал бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысы Бекжан Қараманов бірақ "сот органдарына шағым түскен жоқ" деді. Прокуратура дауыс беру кезінде АЭС құрылысына қатысты сауалнама жүргізу және агитацияға байланысты екі шағым ғана түскенін айтқан.
"ҚҰРЫЛЫСТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНСОРЦИУМ САЛУЫ ҚАЖЕТ"
6 қазанда референдумда дауыс берген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салуы мүмкін нақты бір ел я компания әзірге анықталмағанын айтты. Бірақ ол "ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет" деп мәлімдеді.
Қазақстан үкіметі атом реакторын салуға Франция, Оңтүстік Корея, Қытай мен Ресей компаниялары өтініш бергенін мәлімдеген.
Бұған дейін энергетика және экономика саласындағы сарапшы, электр желілерін басқару жөніндегі ұлттық оператор – "KEGOC" корпорациясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев "АЭС салуға Ресей компаниясы таңдалса, бұл Қазақстанның көрші мемлекетке экономикалық тәуелділігін күшейтеді" деп мәлімдеген.
АЭС САЛУ ИДЕЯСЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
АЭС салу идеясын президент Тоқаев 2019 жылы ұсынған еді. Президент АЭС құрылысын халық шешуі керек дегенімен, өзі де, билікшіл "Аманат" партиясы да АЭС құрылысын ашық қолдады.
Дегенмен бұл жоспар қоғамның бір бөлігінен қарсылыққа ұшыраған. АЭС салуға қарсылар станцияда апат болса, бүкіл ел зардап шегетініне алаңдаған.
Үкіметтің таңдауына сай, АЭС Алматы облысындағы Балқаш көлінің маңында орналасқан Үлкен ауылына салынбақ. Экобелсенділер АЭС құрылысы Балқаш көлінің тартылуына әкеп соғады деп дабыл қаққан еді. Бұған қоса, станцияға қарсылар Алматы облысында жер сілкінісі қаупі барын да айтады.
"Қазақстанның атом электр станциялары" компаниясының бас директоры Тимур Жантикин "АЭС Балқаш көлінің суын пайдаланғанымен, оған ешқандай зиян тигізбейді, себебі АЭС-ке пайдаланылған су көлге қайта құйылмайды" деген еді. Жантикин "атом электр станциясын 9 балға дейін жер сілкінісіне шыдамды етіп салуға болатынын" да айтқан.
Үкімет қалпына келтірілетін күн және жел энергиясына қосымша энергия көзі керегін айтқан. Сондай-ақ Қазақстан әлемде уран өндірісі бойынша лидер болғандықтан, билік "атом энергиясы ақылға қонымды таңдау" деген еді.
"Әлемдік прогрестің ізінен қалмас үшін біз басым тұсымызды пайдалануымыз керек" деп мәлімдеген Тоқаев 3 қазанда.
АЭС САЛУҒА ҚАНША ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛМАҚ?
Қазақстан АЭС құрылысына 11-12 млрд доллар жұмсап, 8 жылда салып бітуді жоспарлайды. Бұл соманың ішінде 2 млрд доллар "Самұрық-Қазынадан" не Ұлттық қордан алынуы мүмкін. Қалғанын қарызға алмақ. Халықаралық даму банктері, Дүниежүзілік банк пен Еуропа қайта құру және даму банкі ядролық энергетика жобаларына қаржы бермейді. Көбінесе несиені Ресейдің немесе Қытайдың банктері береді. Сонымен қатар реактор жеткізушілер мен консорциумдар қаржыландыруы мүмкін.
Қазақстан табиғи газ қорына қарамастан көмір электр станцияларына арқа сүйейді. Ал көмір энергиясы ауаны көп ластайтын энергия көзі саналады.
Қазір ел энергияны су электр станциялары мен қалпына келетін энергия көздерінен де энергия алып отыр. Бірақ энергия жүйелерінің ескіруіне байланысты Қазақстан ішкі сұранысты толық жаба алмай, электр энергияны Ресейден импорттайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда АЭС салу туралы референдум қалай өтті?