Қазақстан БРИКС ұйымына мүше болуға асықпайды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан таяу арада БРИКС ұйымына мүше болуға өтініш бермейді, себебі ұйымға қосылу мәселесін қарау көп сатыдан тұратын процесс, сондай-ақ Астана ұйымның келешегіне байланысты басқа да мәселелерді ескеріп отыр. Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында осылай деп айтқан.

Оның сөзінше, президент Тоқаевқа БРИКС-ке қосылу мүмкіндігін қарау бойынша ұсыныстар түскен. Берік Уәли бұл ұсынысты Тоқаевтың өзі мұқият қарастырып отыр деді, оның сөзінше, президент тапсырмасы бойынша тиісті ведомстволар Қазақстанның ұлттық мүдделері жағынан талдау жүргізіп жатыр.

22-24 қазанда Ресейдің Қазан қаласында БРИКС саммиті өтпек. Ұйымға төрағалық етіп отырған Ресей президенті Владимир Путин Тоқаевты осы жиынға қонақ ретінде шақырған. Берік Уәлидің хабарлауынша, Тоқаев 24 қазанда БРИКС-тің "аутрич" форматындағы кең құрамдағы отырысында сөз сөйлейді.

БРИКС ұйымын 2006 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка құрды. 2024 жылы оған Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Эфиопия және Египет қосылды.

2024 жылы Малайзия мен Әзербайжан БРИКС-ке қосылуға ресми өтініш жіберді. Бірнеше ай бұрын Түркия да бұл ұйымға қосылуға ресми өтініш түсірді деп хабарлады Bloomberg агенттігі дереккөздеріне сүйеніп.

БРИКС ұйымы құрамы Қазан қаласындағы саммитте кеңейеді деген хабар бар. Бірақ Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров маусымда ұйым жаңадан қосылғандарды "қорытып алу" үшін жаңа қатысушылар мәселесінде кідіре тұрады деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Петропавлда "тәуелсіздік жариялаған" топтың артында кім тұр?