Қазақстан мен Өзбекстан Ресейдің қытығына тиді ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Владимир Путин және Шавкат Мирзияев Мәскеуге Жеңіс күнін атап өтуге барған сәт. 9 мамыр, 2023 жыл.

Өткен аптада Ресей ұзақ жылдан бері өз ықпалындағы аймақ санаған Орталық Азияда қос бірдей сәтсіздікке ұшырады. Өзбекстан мен Қазақстан Мәскеу үшін маңызды одаққа қосылудан бас тартты. Сарапшылар Кремль бұған қатты ренжіп отыр дейді. 

Ресей президенті Владимир Путин Батыстағы қарсыластарына Мәскеудің дипломатиялық изоляцияда емесін дәлелдеп жатқанда, адалдығына шүбәсіз сенген өңірден қос бірдей соққы алды.

БРИКС ұйымының 16-саммитіне бірнеше күн қалғанда Қазақстан мен Өзбекстан қатарынан Кремль үшін орны бөлек одақтарға қосылудан бас тартты.

Қазақстанға БРИКС ұйымына қатысу бойынша ұсыныстар түскен. Алайда Астана одақтың тең құқылы мүшесі болуға өтініш бермей, бақылаушы мәртебесінде қалатынын жеткізді.

Ал Өзбекстан Еуразия экономикалық одағына шақырылған. Бұл — бес мемлекеттен тұратын сауда блогы. 2014 жылы Ресей мен Украина арасының бұзылуына дәл осы ұйым әсер еткен.

Қос мемлекет те Мәскеумен бұрынғыдай жақсы қарым-қатынаста, сондықтан мұны Ресейге қарсы бас көтеру деп атай алмаймыз.

Бірақ бұл Орталық Азияның 2022 жылдан бері бір жағынан, Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты енгізілген санкциялардан қашып, екінші жағынан, Мәскеудің көңіліне қаяу түсірмеуге тырысып, екі оттың ортасында қалғанын көрсетеді.

Сарапшылар Астана мен Ташкенттің соңғы тәуелсіз әрекеті Кремльдің ашуын туғызып үлгерді деп отыр.

ҚАЗАҚСТАН БРИКС-қа КІРУГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ

22 қазанда Қазан қаласында өткен саммитке БРИКС-тің жаңа мүшелері — Египет, Эфиопия, Иран мен Біріккен Араб Әмірліктері қатысты. Ұйым атауы оны құрған бес мемлекетті білдіреді: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка.

Тағы бірнеше мемлекет ұйымға қосылуға өтініш берген немесе ойланып жатыр.

Халықаралық бейбітшілікті зерттейтін Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Стюарт Патрик Ресей іргесі кеңейген ұйым халықаралық тәртіпке қарсы шығып, Батыс елдері мен АҚШ-тың үстемдігін азайтады деп үміттенеді дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Санкция құрсауындағы Ресейдегі саммит. БРИКС несімен маңызды?

Қазақстан бұл процестің белсенді қатысушысы болғанша, оны сырттай бақылағанды дұрыс көреді.

16 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengri News-ке берген сұхбатында Қазақстан ұйымға қосылуы мүмкін елдер қатарында аталғанымен, жақын болашақта БРИКС-ке кіруге өтініш бермейді деді.

Ол бұл шешімге одақтың даму перспективасы әсер еткенін жасырмады.

Уәли “Қазақстан маңызды ғаламдық мәселелерді шешудің жалғыз алаңы — БҰҰ деп есептейді. Бүкіләлемдік орган мен оның қауіпсіздік кеңесі жұмысында кемшіліктер бар және оған реформалар керек” деген пікір айтты.

Сарапшылар 2022 жылдан бері Қазақстан геосаясаттағы қалтарыстардан ұтымды жол тауып отыр деп есептейді. Олар мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрын сыртқы істер министрі және БҰҰ бас хатшысының орынбасары болуымен байланыстырады.

Астана — Ресейдің одақтасы, бас ғимараты Мәскеуде орналасқан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше, Ресей басымдыққа ие Еуразия экономикалық одағының негізін қалаушылардың бірі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақтан я армяннан көмек сұрамақсыз ба?" Ресей ҰҚШҰ-ға қолқа сала ма?

Германия канцлері Олаф Шольц өткен айда Астанаға Орталық Азия басшыларымен келіссөз жүргізуге барды. Онымен кездесуде Тоқаев Ресейді “әскери жағынан жеңілмейтін ел” деп атап, Шольц пен басқа әлем басшыларын Украинадағы соғысты тоқтату бойынша Қытай мен Бразилияның бейбіт жоспарын қарастыруға шақырды.

Киев бұл ұсынысқа үзілді-келсілді қарсы шыққан. Путин Қытай, Бразилия мен Үндістанды Украина мәселесі бойынша келіссөздерде арағайын бола алады деген.

Гарвард университетіндегі Орталық Азия бағдарламасының директоры Наргис Қасенованың айтуынша, БРИКС-ке қосылу я қосылмау мәселесі Қазақстанның “егемендігін бекіте түсудегі сынақ” болды.

Оның болжамы бойынша, Қазақстанның алпауыт көршілері Ресей де, Қытай да елді БРИКС-ке қосылуға қатты үгіттеген болуы ықтимал.

«Орта держава болудан дәмелі Қазақстанның қосылуы ұйымның салмағын арттырар еді. Бірақ бұл Астананы Батыс елдерінен алыстатып, АҚШ үстемдігіне қарсы “көпполярлы” әлем жақтастарына жақындатады» дейді сарапшы.

Бұл қадам Батыспен тығыз қарым-қатынасты сақтауға ұмтылатын, ал “Бразилия, Үндістан, Оңтүстік Африка және Түркия сияқты елдердің салмағы қауіпсіздігін сезіне алмаған” ел үшін тым қайшылықты болар еді дейді Қасенова. Ғалым айтқан соңғы ел — Түркия БРИКС-ке кіру мүмкіндігін қарастырып жатқан ел.

ӨЗБЕКСТАННЫҢ ОЙЫНЫ АЯҚТАЛДЫ МА?

Қасенованың пікірінше, Қазақстанның БҰҰ-ны жиі мысалға келтіруі оның “дипломатиялық тепе-теңдік сақтауға талпынысының негізі” деп бағалауға болады.

Бірақ Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанның уәжін аса жақтырмағаны анық. Қазақстан шешіміне Мәскеудің 21 қазандағы алғашқы ресми жауабынан осыны аңғаруға болады.

Лавров Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Еуразия экономикалық одағы және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты альянстарда мүше болуы елдің БҰҰ-мен қарым-қатынасына кедергі келтірмейтінін алға тартты.

Астананың “Түркияның бастамасымен күшейіп келе жатқан”, бес мемлекет мүше Түркі мемлекеттері ұйымында болуы да кедергі емес. “Бұл ұйым одақтастарымыз бен Орталық Азиядағы стратегиялық серіктерімізге ерекше көңіл бөліп отыр” деді Лавров.

Лавровтың Түркі мемлекеттері ұйымына неге тоқталғаны түсініксіз, дегенмен Мәскеу әдетті қызғанышын жасырып қалмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркі мемлекеттерінің ұйымы аймақта Ресейдің орнын баса ала ма? 

2022 жылға дейін Түркі мемлекеттері ұйымы символикалық мәнге ие ұйым еді.

Бірақ Мәскеу Украинаға басып кіргелі бұл ұйым өрлей бастады.

Ал Ресей қатысқан ұйымдар керісінше, сүйкімсіз одақтарға айналды.

Ресей мен оның сенімді одақтасы Беларуське салынған санкциялар тұрғысынан алғанда, бұл әсіресе маңызды. Оның құрамындағы Қазақстан сияқты елге кірген тауарлар қозғалысын бақылау оның жағдайын қиындата түседі.

Бір кездері бұл ұйымға Украина да қосылуы мүмкін еді. Бірақ Украинаның сол кездегі президенті Виктор Януковичтің Еуроодақтың орнына Ресеймен байланысын нығайтуды таңдауы мемлекеттік төңкеріс пен Еуромайданға түрткі болды.

Украинаның одаққа мүше болмауы ұйымның әлеуетін төмендетті.

Көптен бері Еуразия экономикалық одағына Өзбекстан алтыншы мүше болып қосылуы мүмкін деген болжам болған.

Өзбекстанның іскерлікке жақын президенті Шавкат Мирзияев басында ұйымға жақсы қараған. Оған дейінгі президент Ислам Каримов бұл одақты Совет одағын реформалауға талпыныс деп сынаған еді.

Бірақ Мирзияев илікпеді, ол Өзбекстанға сауда барьерлерін толық алып тастауға уақыт керек деп одаққа қосылуға бірден келісе қоймады. Ресейлік шенеунік Валентина Матвиенко Ташкентке сапарынан кейін “Өзбекстан президенті шешім қабылдады, келісім процесі ұзаққа созылмайды” деген соң Ташкентте үнсіздік орнады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Орталық Азия ешкімнің "артқы ауласы" емес". Тоқаевтың реформалары не өзгертті?

Ташкент одаққа кірмейміз деп шешкен сияқты. Өйткені Өзбекстан парламенті спикерінің орынбасары Акмаль Саидов Өзбекстан Еуразия экономикалық одағының 1000-ға жуық құжатын қарап, бақылаушы мәртебесінде қаламыз деген шешімке келді деп мәлімдеді.

«Қазақ әріптестерімізге келсек, олар Еуразия экономикалық одағымызға кіргеннен көп пайда көрген жоқ» дейді Саидов.

Дәл осы тұста Ресейдің “Россельхознадзор” мекемесі Қазақстаннан қызанақ, қауын мен бидай импорттауға тыйым салды.

“Россельхознадзор” бұған Қазақстанның фитосанитарлық қауіпсіздік саласындағы кемшіліктерді түзете алмауын сылтауратқан, ал шетелдік ақпарат құралдары бұл шараны Қазақстанның БРИКС ұйымына қосылмауымен байланыстырады.

Өзбекстанның саяси сарапшысы, Central Asia Due Diligence зерттеу компаниясының негізін қалаушы Әлішер Ильхамов Өзбекстан Еуразия экономикалық одағына кіруден бас тартқаны үшін Ресей тарапынан қысымға ұшырады, бірақ Мәскеу бұл жауапты бұрыннан білетін дейді.

Сарапшының айтуынша, жақында Өзбекстан мектебінде болған орыс тіліне қатысты оқиғаға Мәскеудің араласуы осындай қысымның тағы бір мысалы болуы мүмкін.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ташкент батылы бармаған мәлімдемелерді "өзбектің Жириновскийі" айтады

Мына оқиға тағы бір мысал: Жақында ресейлік депутат Өзбекстан азаматтарына виза режимін енгізейік деген ұсыныс айтты. Жүзеге асса, бұл миллиондаған еңбек мигрантының өміріне әсер етеді.

«Өзбекстан Ресейге экономикалық тұрғыдан әлі де тәуелді. Бірақ Украина мен санкциялардың әсерінен Еуразия экономика одағы ол үшін бұрынғыдай тартымды болудан қалды. Бұрын Ресей Еуроодаққа апаратын ең жақсы логистикалық жол еді, енді соғысқа байланысты [Ташкент] жаңа сауда жолдарын іздеп жатыр» дейді Ильхамов.