Жексенбі күні Грузияның орталық сайлау комиссиясы парламент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялады.
Бірінші орынды "Российский кредит" банкінің негізін қалаушы, миллиардер Бидзина Иванишвилидің "Грузин арманы" партиясы иеленді. Оған сайлаушылардың 54,3 пайызы (яғни, 1 114 836 адам) дауыс берген.
Екінші орынды ықпалды медиаменеджер, журналист, Михаил Саакашвили тұсында әділет министрі және бас прокурор қызметтерін атқарған Ника Гварамияның "Өзгерістер үшін коалициясы" алды. Оған сайлаушылардың 10,8 пайызы (221 992 адам) дауыс берген. Бұл коалицияға "Ахали", "Гирчи" және "Дроа" партиялары кіреді.
Үшінші орынды 10 пайыз дауыспен (207 353 дауыс) бұрынғы президент Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы иеленді.
Одан кейінгі орындарда табысты банкир, TBC банкінің негізін қалаушы Мамуки Хазарадзенің "Қуатты Грузия" коалициясы (8,752%, 179 795 дауыс) тұр.
Экс-премьер Георгия Гахарияның "Грузия үшін" партиясы да парламентке өту үшін қойылатын бес пайыздық межеден 7,75% немесе 159 204 дауыс) өткен.
Оппозиция күштері сайлауға дейін және сайлау күні заңсыздықтар болғанын алға тартып, ресми қорытындыны мойындамады. Оларды дауыс беру кезіндегі бұрмалаушылықтар, күш қолдану, әкімшілік ресурс қолдану, сайлаушыларды сатып алу сияқты фактілерді алға тартқан жергілікті коммерциялық емес ұйымдар қолдады.
"Орталық сайлау комиссиясының [көрсеткішті] қолдан жазуға батылы барғанына ашуланып отырмыз. Нәтижесі грузин халқының таңдауымен сәйкес емес. Бұл көрсеткіштер Грузиядағы бұрынғы және қазіргі сайлауларға қайшы келеді. Біз грузин халқының демократия және Еуропаға бағытын қорғау үшін барлық заңды құралдарды пайдалана отырып, әрбір дауыс үшін күресеміз. Біз ешкімнің таңдауын тартып алуына жол бермейміз" деді "Қуатты Грузия" партиясы жетекшілерінің бірі Анна Долидзе баспасөз жиыны кезінде.
Дегенмен ЕҚЫҰ және Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) арнайы бақылаушылар миссиясы сайлауға төмен баға берген жағдайда ғана оппозиция тұтас наразылыққа шығуды көздеп отырған сияқты.
2003 жылдан бері алғаш рет қатарынан төрт оппозициялық бірлестік бес пайыздық межеден асып, парламентке өтіп отыр.
Мандаттар саны жағынан биліктің партиясы бұрынғыша көп басымдыққа ие емес, бұл оппозициялық бірлестіктерге бірігіп күш жинап, биліктің партиясымен "күресуге" жол ашады.
Сарапшылардың сөзінше, Грузиядағы сайлаудың Ресейдегі сайлаулармен бір ұқсастығы бар: бұл пікірталастың жоқтығы. Мұнда басқарушы партияның өкілдері, шенеуніктер оппозициялық ток-шоуларға қатысудан ылғи бас тартады. Олар үкіметшіл телеарналардың эфиріне ғана монологпен шығады.
Осылайша сайлаушылардың билік пен оның қарсыластарының аргументтерін салыстыра отырып, партиялар арасындағы пікірталастарды тікелей эфирден көріп, естуге мүмкіндігі жоқ.
Жергілікті сарапшылар бұл жолы Михаил Саакашвилидің "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" (БҰҚ) партиясы елдегі "басты оппозициялық партия" статусынан айырылғанын айтып отыр. Ол 2012 жылдан бергі сайлауларда үнемі екінші орынды иеленіп келген.
Ника Гварамия жетекшілігіндегі "Өзгерістер үшін" коалициясы және БҰҚ-тың бұрынғы төрағасы Ника Мелияның көшбасшылығы үш жылдан бері "билік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша алты жылдық түрме жазасын өтеп жатқан, 2022 жылдың мамырынан бері Тбилисидегі элиталық жеке клиникада емделіп жатқан Михаил Саакашвилидің ықпалының азайғандығын айғақтайды.
Дегенмен экс-президенттің әлеуметтік желіде күніне бірнеше рет мәлімдемелері мен үндеулерін жариялауға мүмкіндігі бар. Одан бөлек, Саакашвили Тбилиси қалалық сотында өтіп жатқан үш сот процесінде клиникадан тікелей эфирде барлық ұлттық телеарналарға апта сайын шығып отырды.
Ол өзіне тағылған айыптар ("ақша жымқыру", "билік өкілетін асыра пайдалану", "Грузия шекарасын заңсыз кесіп өту") жөнінде ештеңе айтпады, алайда әрбір телеүндеулерінде елді ресейлік олигарх Иванишвилидің құрығынан босату үшін жақтастарын "Бірыңғай ұлттық қозғалысына" дауыс беруге шақырып келген.
Ал миллиардер Бидзина Иванишвилидің "Грузин арманы" партиясы сайлаушыларды бейбітшілік пен соғыстың бірін таңдауға шақырған, олар оппозицияны "сыртқы күштердің тапсырмасымен Грузияны қақтығысқа тартуға тырысып жатыр" деп айыптады. Осы сайлауда партия "Бейбітшілік, ұлттық бірегейлік, дәстүрлі құндылық және экономика дамуы үшін" деген ұранды негізгі месседж ретінде пайдаланды.
Ал оппозиция Грузияның қазіргі билігін "елді халықаралық қауымдастықтан оқшаулап, кремльшіл саясат жүргізіп отыр" деп айыптайды. Оппозиция күштерінің ұраны – "Халыққа қамқорлық, жемқорлықпен күрес, Еуроодақ пен НАТО-ға қосылу, Ресейдің ықпалына жол бермеу".
Сайлауға бірнеше күн қалғанда Иванишвили Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін аты аталмаған жоғары лауазымды батыстық шенеунік грузиндерге "Ресейге қарсы партизандық соғыс жүргізу үшін қару-жарақ беруге уәде берді-мыс" деген.
Ал сайлау күні Иванишвили Тбилисидегі сайлау учаскесінен шығып «Не сізге қызмет көрсететін үкіметті таңдаймыз немесе шет мемлекеттің тапсырмаларын орындайтын агенттікті сайлаймыз» деді.
«Шет мемлекеті» деп Грузия басшысы Ресейді айтпағаны анық. Жергілікті сарапшылар Иванишвилидің риторикасындағы бұл сөз тіркесіне мүлде таңғалған жоқ.
«Иә, бұл жолы сайлау күні жалған патриоттық сезімдерді қолдану мақсатында АҚШ-ты тікелей нұсқап айтып отыр. Жалпы алғанда, мұндай риторика халықтың кейбір бөлігіне әсер етеді», - деді Тбилиси университетінің профессоры Илья Нодия «Азаттық» радиосына берген сұхбатында.
Жуырда Бидзина Иванишвили АҚШ-тың Тбилисидегі елшісі Робин Данниганмен телефон арқылы сөйлескенін, тіпті "екіжақты қарым-қатынасты қайта жаңарту үшін" кездесуге келіскенін де айтты. Мұны осыған дейін премьер-министр Ираклий Кобахидзе де айтқан.
Кобахидзенің өзі Вашингтонда "қол алысуға болмайтын" саясаткердің қатарына енген. Қыркүйек айында АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі грузин премьерін БҰҰ Бас ассамблеясына қатысушыларға арналған дәстүрлі қабылдау шарасына шақырудан бас тартты.
Елші Данниганның сөзінше, бұған Ираклий Кобахидзенің АҚШ грузин депутаттары мен шенеуніктеріне қарсы шектеулер қойғаннан кейін Вашингтон "қызыл сызыққа жақындады" деп мәлімдеуі түрткі болған. Бұл «Шетел ықпалының ашықтығы туралы» даулы заң («Ресей заңы» деп аталатын) қабылданып, наразылық шерулері күшпен таратылғаннан кейін болды.
"Біз бұл тіркесті қоқан-лоқы ретінде қабылдадық" деді елші Данниган Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында.
"Өзгерістер үшін коалициясының" жетекшісі Ника Гварамия "Грузин арманы" партиясын "конституциялық төңкеріс жасап отыр" деп айыптады.
Жаңа парламенттегі орындардың басым бөлігін иеленген "Грузин арманы" партиясы енді жаңа президентті сайлай алады. Сайлау парламенттің алғашқы отырысы өткен күннен бастап 45 күннен кейін өтеді.
Мемлекет басшысын қарапайым азаматтар емес, сайлау комиссиясының мүшелері – парламент депутаттары, Абхазия және Аджар автономиялы республикасының жоғары орган өкілдері, жергілікті атқару органдарының мүшелері таңдайды. Дегенмен басқарушы партия қазіргі президент Саломе Зурабишвилиді импичмент процедурасын пайдалану арқылы қызметтен тықсыра алмайды. Ол үшін парламентте 100 дауыс керек.