Ресейге Қытай арқылы станок тасымалдады делінген қазақстандық компания АҚШ санкциясына ілінді

Ресейге Қытай арқылы станок тасымалдады делінген қазақстандық Kazstanex компаниясы АҚШ санкциясына ілінді. 30 қазанда АҚШ қаржы министрлігі жариялаған тізімде аталған компанияның аты да бар. Компания сайтында әлем елдерінен станок тасымалдаумен айналысатыны жазылған.

Ашық дереккөздеріне қарағанда, компания 2011 жылы наурызда тіркелген. Оның құрылтайшысы және жетекшісі Василий Абрамов. Кейбір ақпарат құралдары компанияны мемлекеттік сатып алу сайтының "адал емес қатысушысы" ретінде де атаған.

АҚШ қаржы министрлігінің мәліметінше, Kazstanex пен Uzstanex (Өзбекстан) Еуропадан станоктарды әкеліп, Ресейге жеткізу үшін қытайлық Shanghai Winsun компаниясына жөнелтіп отырған.

31 қазанда Азаттық компанияға хабарласқанмен компанияның телефондары сөндірулі тұрды.

Тізімде 30-дан астам адамның аты-жөні аталады. Ресейліктерден бөлек, онда Үндістан, Қытай, Түркия, Швейцария, Черногория және Чили азаматтары да бар.

Санкция жүзден астам ресейлік және шетел компаниясына салынған, арасында "Чип и Дип", "Сталепромышленная компания", өткізгіштер шығаратын "Ангстрем" компаниясы, авиация және ғарыш жүйесінің бөлшектерін шығаратын "Звезда", Инженерлік физика институты және өзге де мекемелер бар.

Бұған дейін де бірнеше қазақстандық компания Ресейге соғысқа байланысты салынған санкцияны айналып өтуге көмектесті деген күдікке ілінген. Ресми Астана Қазақстанның Ресейге санкцияны айналып өтуіне көмектесіп отырғанын жоққа шығарған. Астана санкция тиімді шешім болмағанмен оның талаптарын сақтаймыз деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?