Маңғыстауда Каспий жағалауынан тағы 120-дан аса өлген итбалық табылды

Мамандар Каспий теңізі жағалауынан табылған итбалық өлексесін қарап жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті жариялаған сурет.

Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова Каспий жағалауындағы итбалықтардың қырылуына қатысты жүргізілген зерттеудің алдын ала нәтижесін жариялады.

Оның сөзінше, Түпқараған түбегіндегі жағалаудан 27 қыркүйек пен 30 қазан аралығында 305 итбалық өлексесі табылған, 4-5 қарашада тағы 121 өлексе анықталған.

"[Қыркүйек пен қазан аралығында табылған итбалық бойынша] он өлексенің (3%) денесі зақымданған: денелері, басы кесілген, тор мен арқанға оралып қалған. Кейбірі кездейсоқ жарақаттанған болуы мүмкін, қалғаны – заңсыз аулаудың нәтижесі" деп жазды Әсел Баймұқанова Instagram желісінде.

Оның сөзінше, өлген итбалықтардың басым бөлігінен мұндай із байқалмаған.

Қазанның аяғында Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауынан 289 итбалық өлексесі табылған еді. Итбалықтардың неден қырылғанын анықтау үшін мониторинг жүріп жатқаны хабарланған.

Институт өкілдерінің сөзінше, олар зерттеу үшін үлгі жинаған, алайда өлекселердің қатты бөлшектеніп кеткені зерттеуді қиындатқан.

"Зерттелген итбалықтардың жартысынан астамы буаз болған, барлық итбалық – қоңды. Бұл өлгенге дейін олардың жас әрі тіршілікке бейім болғандығынан хабар береді. Олардың өлімі табиғи емес және кенеттен болған сияқты. Күзде итбалықтар көбею үшін Солтүстік Каспийге қарай қоныс аударады. Олар теңіздің осы бөлігіне ойысқанда өлген"деп жазды зерттеуші.

Баймұқанованың пікірінше, итбалықтар түрлі себептен өлген болуы мүмкін: жер сілкінісі, табиғи газдың шығуы, теңіздің ластануы, індет.

Ғалымдар "егер себеп індетте болса, неге онда итбалықтар жаппай қырылмайды және неге олардың өлексесі тек бір жерден ғана табылады?" деген сұрақ қояды.

"Жағдайды жан-жақты зерттеу үшін түрлі сала мамандары: геологтар, мұнай-газ өндірісі мамандары, экологтар, химиктер, токсикологтар, вирусологтар және тағы басқа мамандардың сараптамасы керек" деп жазды Баймұқанова.

Каспий теңізі жағасынан итбалық өлекселері биыл сәуірде де табылған. Ол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің балық шаруашылығы комитеті Түпқараған ауданында 27 итбалық өлексесі табылды, олар дауыл салдарынан жағаға шыққан деп хабарлаған еді. Комитет итбалықтар қыс мезгілінде бір уақытта өліп, содан бері өлксесі суда тұрған болуы мүмкін деп долбар жасаған.