Ұлыбритания Ресейге қарсы санкция салды. Арасында қазақстандық алты компания да бар

7 қарашада Ұлыбритания Ресейдің әскери өнеркәсіп кешендерін қолдаған компаниялар мен Ресей қолдайтын жекеменшік әскери топтарға жаңа санкция салды деп хабарлады Ұлыбританияның үкіметі. Санкция салынған 56 жеке тұлға мен компаниялар арасында алты қазақстандық фирма да бар: Stanex Group, Kazstanex, Zapchasttrade, Rabadaziya, CPS Energy, Tawkz.

Ұлыбритания үкіметінің дерегінше, Қытай, Түркия, Орталық Азияның компаниялары Батыстың санкциясына қарамастан Ресейді машина жабдықтары, микроэлектроника, дрон компоненттері, мойынтірек және өзге де әскери өнеркәсіпке қажетті тауарлармен қамтамасыз еткен.

Санкция сонымен бірге Африкада "ЧВК Вагнер" жекеменшік әскери тобының мүшелеріне де салынған.

"Бүгінгі әрекет [Ресей президенті Владимир Путиннің] соғыс машинасына қажет маңызды жабдықтар тасымалын шектеп, Ресейдің бүкіл әлем бойынша зиянкес әрекетіне қарсы тұрады, Африкадағы ресейлік әскери топтардың жемқорлық әрекетін әшкерелейді" деп жазылған Ұлыбритания үкіметінің баспасөз хабарламасында.

Шектеуге 2018 жылы Ұлыбританияның Солсбери қаласында "Новичок-пен" улау ісіне қатысы бар делінген Денис Сергеев те ілінген. Британ билігінің ақпаратынша, Сергеев химиялық қаруды әзірлеу мен қолдану бойынша кеңес берген, сонымен бірге Лондонда үйлестіру рөлін атқарған.

Санкцияға ілінген жеке тұлғалар мен компаниялардың активтері бұғатталып, олармен әріптестік орнатуға тыйым салынады, бұған қоса оларға Ұлыбританияға кіруге шектеу қойылады.

АҚШ пен Еуропа елдері Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты ресейлік құрылымдармен ынтымақтастыққа тыйым салатын немесе шектейтін санкцияларды жүйелі түрде жариялап тұрады.

Қазан айында АҚШ үкіметі жариялаған кезекті санкцияға қазақстандық Kazstanex компаниясы да ілінді. Ол Ресейге сатуға тыйым салынған жабдықты Еуропадан алып, Қытай арқылы тасымалдаған деген күдікке қалған.