ЕРДОҒАННЫҢ ҰСЫНЫСЫ
6 қараша Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерді ортақ әліпбиге өтуге тағы да шақырды.
Оның айтуынша, түркі елдерінің басшылары латын қарпі негізіндегі ортақ әліпбиді қабылдауға келіскен:
– Былтыр қыркүйекте Бакуде ортақ әліпби комиссиясының жиынында түркі әліпбиін мақұлдасуға келістік. Түркі академиясы, түркі елдері институты мақұлдаған жоба болды. Біздің әліпбиіміз тағдырымызды, жалпы келешегімізді анықтайтын қадам саналады. Осы мәселеде бірге әрекет етіп, барлық тосқауылды жойып, түркі әлемінің тарихи бірігуіне қол жеткіземіз деп сенемін. Былтыр қыркүйекте 34 таңбадан тұратын әліпби жасалған. Біздің әліпбиіміз түркі мемлекеттерімен бірдей болса деймін. Түркия, Әзербайжан, Кипр де [жаңа әліпбиге] көшуге дайын. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан да қосылады деп сенемін. Ортақ түрік әліпбиіне бәріміз өтеміз деп үміттенемін, – деді ол.
Бірақ бұл жиында Орталық Азия лидерлері ортақ әліпбиге көшу туралы ештеңе айтпады. Ердоғанға дейін сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселе жөнінде қысқа қайырлған:
– Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады, – деді Тоқаев.
Түркия басшысынан кейін сөз алған Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ортақ әліпбиге көшу туралы ештеңе демесе де, әр ел өз тілінде түркі елдерінің фольклорын жазсын, түркілердің тарихын, энографиясын, мәдениеті мен өнері туралы факультативтік сабақтар енгізейік деген ұсыныс айтты. Саммит қорытындысы туралы құжатқа Ердоғанның ұсынысы енбей қалды. Бес президент қол қойған 14 беттік декларацияның бір пунктінде ғана «Түркі академиясы жанындағы тиісті комиссияның түркі әліпбиі бойынша атқарған жұмысын назарға алу керек» деп жазылған.
34 ҚАРІП
Түркі мемлекеттеріне ортақ әліпби жасау қажет екенін Режеп Тайып Ердоған былтыр қараша Астанада өткен саммитте де айтқан.
– Әрине, біздің бірлігіміз үшін тіл мен ортақ әліпби өте маңызды. Бұл жерде президенттердің қолдауы да өте маңызды. Осы бағытта біздің Жоғары білім кеңесі арнайы ұсыныстарын ұйым хатшылығына айтты. Ол ұсыныстар жоғары бағаланады деп үміттенеміз, – деген еді Түркия президенті.
Содан бері Әзербайжан астанасы Бакуде ортақ әліпби жөніндегі комиссияның екі отырысы өтті. Биыл мамырда болған бірінші отырысқа Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерден және бақылаушы мемлекеттерден келген комиссия мүшелері мен тіл білімі саласындағы ғылыми-зерттеу институттары ғалымдары қатысқан.
«Түркі әлемінің бірлігін нығайту үшін әліпби бірлігіне де мән берілуі тиіс. Соңғы жылдары түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық институционалдық сипатқа ие болған сайын ортақ әліпби мәселесі күн тәртібінде жиі көтеріле бастады» деді Әзербайжан премьер-министрінің орынбасары Шахин Мұстафаев.
2024 жылғв 11 қыркүйекте ғалымдар 1991 жылы ұсынылған латын қаріпі негізіндегі жаңа жобаны талқылап, әліпбидің соңғы үлгісін ұсынды. «Әр әріп түркі тілдерінде кездесетін әртүрлі фонетикалық дыбысты білдіреді».
Түркі академиясы ортақ әліпби жобасының қабылдануын «тарихи сәт» деп бағалады.
Түркі әлеміне ортақ әліпби жасау комиссиясы құрамына Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және оған бақылаушы елдердің сыртқы істер министрліктері бекіткен адамдар кіреді.
«Комиссия өз шешімдерін тұрақты диалог пен кеңесу арқылы және Комиссия мүшелері арасындағы консенсус негізінде қабылдайды. Комиссия шешімдері кеңес сипатына ие және тиісті органдарға ұсыныс ретінде беріледі» делінген жиыннан кейін қабылданған декларацияда.
Құжатта айтылған дерекке қарағанда, үйрену мен қолдануға ыңғайлы, әрі барынша анық әліпби жасау мақсатында бір фонемаға бір әріп деген қағида басшылыққа алынған.
ОРТАҚ ӘЛІПБИДІҢ БОЛАШАҒЫ БАР МА?
Комиссия құрамында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова бар. Ғалым бұл әліпбидің болашағына үмітпен қарайды.
«Ортақ әліпби негізінде, ортақ әріптер базасы негізінде әр тіл өзінің жеке ұлттық әліпбиін жасайды немесе түзетеді. Түсіндіре кететін тұс, бұл – ортақ әліпбидегі барлық әріптерді алу міндет еместігі. Мұнда әр тіл өзінде қай дыбыс бар, сол дыбыстың таңбасын ғана осы әліпбиден алады. Мысалы, ортақ әліпбиде с және j әрпі бар, бұл екі әріпті ж және дж дыбыстары бар тілдер ғана алады. Ал қазақ тілі үшін бір ғана j таңбасы жеткілікті. Ортақ түркі әліпбиі әр тілдің барлық фонемалары қамтылған әліпби емес, түркі тілдеріне ортақ фонемалардың базасы. Сондықтан бұл базаға түркі тілдері келіскеннен кейін, оның ішіндегі әліпби құрамына өзгерістерді өзара ойласа отырып салғаннан кейін бұл жерде қиындық тумауы керек» деді Күдеринова massaget.kz сайтына берген сұхбатында.
Шығыстанушы сарапшы Нұрат Ілиястың айтуынша, түркі елдері бұдан бұрын ортақ әліпби нұсқасын жасаған. Бірақ соңында әр ел өз нұсқасын қабылдап, ол жоба өзінше қалып қойған.
1990 жылдары өз тіл заңдылықтарына сай әркелкі әліпбилерді қабылдап, оны пайдаланып келе жатқан Әзербайжан, Түркіменстан және кейіннен қабылдаған Өзбекстан жаңа нұсқаға көше қоюы екіталай деп санайды сарапшы. «Өзінікінен бас тартып, ортақ әліпбиге келісе қояды дегенге мен сенбеймін» деді ол Азаттыққа сұхбатында.
Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану кафедрасының меңгерушісі Юлай Шамилоғлының айтуынша, түркі халықтары ғасырлар бойы ортақ әліпбиді қолданып келген. Руникалық таңбалардан бастап бері қарай есептегенде 1940 жылдарға дейін түркі халықтары ортақ жазуды пайдаланып келді, тек Совет одағы әр халыққа бөлек кирилл қарпін енгізген соң олардың арасы алшақтап кетті. Бұған әлі 100 жыл да болған жоқ.
– Түркиядағы түрік Қазақстанда, Өзбекстанда кирилл қарпімен шыққан басылымды қолына алса, оны оқи алмайды, себебі түсінбейді. Бұл интеграцияға қызмет етпейді. Мұрамыз ортақ, өркениетіміз ортақ, сөздеріміз ортақ. Оны қабыламау мүмкін емес. Намысымыз болса, оны танып, қабылдауымыз керек, – деді Юлай Шамилоғлы.
Оның айтуынша, ортақ әліпбиді әкімшілік жолмен жоғарыдан енгізу қиын, оны ең алдымен интеллигенция қолдап, өзара пайдалана бастауы керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркия "Түркістан" ұғымына неге оралды? Қазақстанның БРИКС-тен бас тартуының "сыры"– Меніңше ол жоғарыдан келе алмайды. Интеллектуалдар, элиталар өз арасында ортақ бір әдеби журнал бастап, газет ашып шығарса, 5, 10, 15 жылдан соң, бір ұрпақ ауысқан соң қандай да бір ортақ метатіл қалыптастуы мүмкін, – деді ғалым.
Дегенмен оның айтуынша, бұл әліпбиді қабылдауға Түркияның өзінен бастап басқа ешбір түркі елі дайын емес. Оған басты себеп – ортақ әліпбидің тек таңбалары ғана болғанымен, әлі емле ережелері жоқ, қай сөз қалай жазылатыны әлі анық емес. «Қазақ сөздерінің барлығы қайта сарапталып, ол жаңа ережемен жазылуы керек» дейді Юлай Шамилоғлы Азаттыққа сұхбатында.