Франция Ресейге әскерін жіберген Солтүстік Кореяға наразылық білдірді

Франция сыртқы істер министрлігінің өкілі Кристоф Лемуан Солтүстік Кореяның Ресей аумағындағы әскери қимылдарға қатысуы жауапсыз қалмайды деп мәлімдеді. Бұл жөнінде Reuters жазды.

"Әріптестерімізбен ақылдаса отырып, қатаң жауап беруге дайынбыз" деді "Париж Пхеньянға қарсы санкция салуы мүмкін бе?" деген сұраққа жауап берген Кристоф Лемуан.

Франция Солтүстік Кореямен дипломатиялық қатынас орнатпаған. Дегенмен Солтүстік Кореяның бас өкілі ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде аккредитациядан өткен.

Осыған дейін Украина президенті мен қорғаныс министрі, одан кейін Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрі Ресейдің Курск облысында Украина әскері мен солтүстіккореялық солдаттардың бірінші рет шайқасқанын растаған. Бұл жөнінде "Американың дауысы" жазды.

Сейсенбі күні Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігі Ресейге 10 мыңнан астам солтүстіккореялық солдат келгенін мәлімдеді. Олардың "едәуір бөлігі" ұрыс жүріп жатқан аумақтарда жүр, арасында Курск облысы да бар.

Осы аптада Пентагон да Курск облысында кемінде он мың солтүстіккореялық сарбаз жүргенін мәлімдеген. "Олар шайқастарға қатысып жүр немесе Ресей әскеріне көмектесіп жүр деп топшылауға болады" деген.