Премьер-министр: "ЛГБТ-қозғалыстарының кәмелетке толмағандарға ықпалы" зерттеліп жатыр

Қазақстанның мемлекеттік органдары "ЛГБТ-қозғалыстарының балаларға ықпалын" зерттеп жатыр. Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов әйелдердің құқығын қорғаумен айналысатын "Феминита" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тануды сұраған мәжіліс депутаттарының сауалына жіберген жауабында осылай деп мәлімдеді. Бұл жөнінде қазақстандық ақпарат агенттіктері жазды.

Премьер-министрдің сөзінше, ЛГБТ-қозғалыстарын "экстремистік ұйым" деп тануды халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу құқығын бұзу деп қарастыруы мүмкін.

Бектеновтің айтуынша, бірқатар елдер кәмелетке толмағандар арасында ЛГБТ-ны насихаттауға заңмен шектеу қойған. Дегенмен мұндай шаралар "тек бұқаралық тұрғыдан қарастырылады және мұндай қозғалыстарды экстремистік деп жіктеуге қатысы жоқ".

Биыл мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ насихатына қарсы петицияны қарайтын жұмыс тобын құрған. Бектеновтің сөзінше, соның нәтижесінде “жасөспірімдер мен балаларды жыныстық қатынастарды насихаттаудан қорғау, сақтау туралы” талап бөлігінде петицияны ішінара қабылдау туралы шешім қабылданған. Оның айтуынша, "қазіргі уақытта мемлекеттік органдар ЛГБТ қозғалыстарының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық жағынан және басқа да ықпал ету факторларын зерттеп жатыр". 2025 жылға бұл мәселе бойынша ғылыми-зерттеу жүргізу де жоспарланған.

Құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенген Бектеновтің сөзінше, елде жыныстық азшылықтың құқығын қорғаумен айналысатын үш бейресми бірлестік бар: «Калейдоскоп», «Феминита» және «КазФем».

Биыл олар "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңға сәйкес, әйелдердің құқығын қорғауды талап еткен митинг және шеру өткізбек болған, алайда жергілікті атқару органдарынан рұқсат ала алмаған.

Бұған дейін "Аманат" партиясының өкілдері "Феминита" бастамасын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салуды сұраған. Мұндай сауалдың мәтінін қазан айында күштік құрылымдарға қайырылған мәжіліс депутаты Ринат Зайытов оқыған. Ол оның алдында "ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салуды" ұсынған.

Депутаттың сауалына реакция білдірген "Феминитаның" негізін қалаушылардың бірі Жанар Секербаева депутаттарды "шын мәнінде маңызды мәселелерге назар аударуға" шақырған еді.

Депутаттардың үндеуі "Феминита" өкілдері ұсталған шақта жасалды. Ол кезде "Ата-аналар одағы" өкілдерінің шағымына байланысты полиция "Феминита" мүшелерін ұстап, бөлімшеге жеткізген. Ал бастама өкілдері бірнеше күнге созылған жиындарын "Ата-аналар одағы" өткізбей тастағанына шағымданған.

Тамыз айында мәдениет және ақпарат министрлігі "ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы" петицияны жартылай қолдады.

Ал мұндай петицияға реакция білдірген құқық қорғаушылар "жыныстық бағдарды күштеп тану мүмкін емес, себебі ол көз қиығы немесе терінің түсі тәрізді табиғи нәрсе" деген.

БҰҰ сарапшылары сол кезде петиция жыныстық бағдар мен гендерлік бірегейлікке негізделген сөз бостандығын, бейбіт жиналыстар мен бірлестіктер бостандығын бұзатын заңдарды қабылдауға итермелейді деп мәлімдеді.

Құқық қорғаушылар сонымен бірге қазақстандық депутаттардың "Феминитаны" "экстремистік ұйым" деп тануға шақыруын сынаған. Халықаралық Front Line Defenders ұйымы Қазақстан мәжілісі депутаттарының үндеуін айыптады.