Дүйсенбі күні Құм қаласында Иран билігін қатты сынаушылардың бірі, Аятолла Хоссейн Али Монтазери жерленді. Елдің діни қайраткері әрі диссидент болған 87 жастағы Монтазери жексенбіге қараған түні қайтыс болған еді.
МОНТАЗЕРИ ҚҰМ ҚАЛАСЫНДА ЖЕРЛЕНДІ
Хабарларға қарағанда, дүйсенбі күні ирандық диссидент аятолла Хоссейн Әли Монтазериді соңғы сапарға шығарып салуға келгендер жерлеу рәсімі барысында Иран билігіне қарсы ұрандарды айқайлап айтып тұрған.
Жерлеу рәсіміне қатысушылардың бірі Фарда радиосына марқұммен қоштасып қалғысы келгендердің таңғы сағат 7-ден оның үйінің жанына жиналғанын айтқан.
Реформашыл Kaleme сайтының хабарлауынша, оппозиция жетекшілері Мирхосейн Мусави мен Меһди Каруби шийттердің қасиетті Құм қаласындағы жерлеу рәсіміне қатысқан.
Кейбір оппозициялық сайттар қақатығыстар болды деген ақпараттар таратты. Бірақта бұл хабарларды тәуелсіз бұлақтардан растау мүмкін болмады, өйткені Иран өкіметі шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына Құм қаласына баруға тыйым салған болатын.
ИСЛАМ ТӨҢКЕРІСІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
1979 жылғы Иран ислам төңкерісінің негізгі тұлғаларының бірі болған Монтезери қазіргі биліктің қатал сыншысына айналған еді.
Иранның ақпарат құралдарының хабарлауынша, белгілі діни қайраткер Аятолла Хоссейн Али Монтазери жексенбіге қараған түні Қом қаласындағы үйінде көз жұмды. Ұйықтап жатқанда жантәсілім еткен Монтазеридің өліміне не түрткі болғаны айтылмады.
Ол өзінің өмір жолында Ислам төңкерісінің негізін қалаушыдан бастап, ислам шарттарын алға тартып, елде диктатура орнатқан Иран билігін ашық сынаушылардың бірі болды.
Фарда радиосына берген сұхбатында, Иранның реформашыл діндары Мохаммад Тағи Фазел Мейбоди марқұм Монтазериді Ирандағы адам құқының үлкен қорғаушысы болды деді:
«Ол діни сенім-нанымы діни мектептерге дейін жетіп, үлгі болған қайнар бұлақ көзі еді. Ол адам құқы мәселесіне өте жоғары маңыз беретін. Және ол осы тұрғыдағы ғаламдық мәселелерді оқып, біліп отыратын. Сонымен қатар ол әрбір азаматтың жеке құқына ерекше маңыз беріп, азаматтық құқық туралы кітап жазды. Мен адам құқықтары жайлы осындай білімі бар шииттің басқа ұлы аятолласын көрмедім».
1979 жылғы Ислам төңкерісінің негізін қалаған Монтазери кейінірек Ислам Республикасын құрған елдің Жоғары рухани жетекшісі аятолла Рухолла Хомейнидің орнын басуы керек болған.
Бірақ 1989 жылы Хомейни қайтыс болар алдында, ол екеуі Ирандағы адам құқы жағдайы мен Иран-Ирақ соғысына байланысты сөзге келіп, оның орнына елдің рухани жетекшісі болып аятолла Али Хаменеи келді.
ДИССИДЕНТ ҚАЙРАТКЕР
Монтазери ұзақ уақыт елдегі қазіргі рухани жетекші Хаменеидің діни білімін, қатаң жаза қолдануға бейімділігі мен қауіпсіздік күштеріне көп иек артатынын сынап келген.
Фарда радиосының тілшісі Мехрдад Мирдамади Хоузанидің айтуынша, Монтазери әрдайым ислам құндылықтарын алға тартатын:
«Аятолла Монтазери әрқашанда тіпті бізге қарсы болса да ислам сабақтары жүруі керек дегенді айтатын».
1997 жылы Монтазери Жоғары жетекші болуға білімі аз деп, Хаменеимен қақтығысып қалған. Осыдан кейін оның Қом қаласындағы діни мектебі жабылып, кеңсесіне шабуыл жасалды. Монтазеридің өзі бес жылға үйқамаққа алынды.
Саяси оқшаулануға қарамастан, Монтазери ирандық реформашыларды рухани жігерлендіріп, сыйлы діни тұлға болып жүрді.
Кейбір реформашыл тұлғалар Монтазериді маусым айындағы даулы президенттік сайлаудан кейін пайда болған оппозициялық Жасылдар қозғалысының рухани көсемі ретінде қабылдаған.
Ұлғайған жасы мен әлсіз денсаулығына қарамастан, Монтазери президент Махмуд Ахмадинежад қайта сайланған сайлау қортындысына байланысты оппозицияның айтқандарын қолдап отырған.
Тамыз айында Монтазери Иран билігін исламды жамылып, елде диктаторлық жүйе қалыптастырды деп айтты.
Енді ол өмірден өтсе де, Иранның оппозициялық қозғалысына ықпалы жалғаса береді дейді Фарда радиосының тілшісі Мехрдад Мирдамади Хоузани.