«Жала жабудың» жазасы

«Жала жабуды декриминализациялаудың жақтастары мен қарсыластары» атты халықаралық конференциядан көрініс. Астана, 27 қыркүйек 2010 жыл

Жала жабудың жазасы қандай болуы тиіс? Бүгін Астанада өткен халықаралық конференцияда «жала жабу» туралы 129 бапты ҚР Қылмыстық Кодексінен алып тастау мүмкіндігі талқыланды.

Кез-келген адам біреуге жала жабуы мүмкін. Бірақ, «Жала жабуды декриминализациялаудың жақтастары мен қарсыластары» атты халықаралық конференцияда әңгіме журналистерді төңіректей берді. Себебі, әдетте «жала жапты» деп сотталатындар - осы журналистер.

«Қазақстан» газетінің бас редакторы Серғазы Мұхтарбеков тергеу мен сотты өз басынан өткерген. Баспасөз конференциясында белгілі бір саясаткердің айтқан сөзін газет бетіне басқаны үшін айыпталған редактордың пікірінше, «жала жабу» азаматтық кодекспен реттелсе де жеткілікті.

«Заманбек Нұрқаділов ағамыз бір баспасөз конференциясында журналист Асхат Шәріпжановтың қазасына президенттің қатысы бар деген әңгіме айтты. Біз соны солай деп жарияладық. Артынан Шамалғандағы бір оқырман сотқа беріп, ол бойынша сот процесі жүрді. Мен оның бәрін айтпай-ақ қояйын, оның қалай болғанын. Жаңағы журналист жігітті мен алдын-ала шара қолданып, жұмыстан шығардым. Сол жігіт қазіргі күнге дейін сұхбат алмайтын болып кетті. Қорыққандығы, адамға әсер еткендігі сондай. Жаңа ғана президенттің кеңесшісі Ертісбаев мырза бізде журналистік зерттеу жанры өліп бара жатыр дегенді айтты. Ол қалай өлмейді, егер бізде жаңағы азаматтық іс бойынша емес, қылмыстық іс бойынша сотталып жатса? Кез-келген сөзіңді айналдырып әкеп, менің ар-намысыма тидіге жатқызады»,-дейді Серғазы Мұхтарбеков.
Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев (сол жақта) пен "Әділ сөз" қорының басшысы Тамара Калеева. Астана, 27 қыркүйек 2010 жыл

Конференцияға қатысқан президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесішісі Ермұхамет Ертісбаев расында да журналистік зерттеу жанрының жоғалып бара жатқанына қынжылыс білдірді. Тіпті, желтоқсан айында өтетін ЕҚЫҰ саммитіне дейін декриминализация мәселесі шешілер деп, жиналғандарды қанаттандырып қойды.

Алайда, Заманбек Нұрқаділовтің сөзін жариялағаны үшін зардап шеккеніне 6 жыл өтсе де, Серғазы Мұхтарбеков қазір аяғын аңдап басуға мәжбүр. Сондықтан, Бас Прокуратура, Жоғарғы Сот өкілдері отырған жиналыста сұрақты турасынан қойды.

«Мысалы былтырғы жылы Астана қаласында темір жол жөндеу зауыты ашылды.Біздің сүйікті елбасымыз барды да, лентасын қиып қайтты. Бір кнопканы басты, ана жақтан зауыт жұмыс жасады. Бірақ, ол зауыт бір жыл бойы жұмыс жасаған жоқ. Біз соны жазсақ, кімді қорлаған болып табыламыз? Қорлап отырған кім сол жерде? Өтірік айтып, елбасын алдап алып барған Асқар Мамин ба, жоқ әлде соның ақиқатын айтып жазған мен ба, тәуелсіз газеттің редакторы ретінде?»,- деп ашынды редактор.
Серғазы Мұхтарбеков, "Қазақстан" газетінің бас редакторы. Астана, 27 қыркүйек 2010 жыл

Бұл сұрақ жиналысты жандандыра түсті. Бас Прокуратура қылмыстық процесстерді бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Қараманов: егер зауыт расында жұмыс істемесе, сіз ол туралы жазсаңыз, зауыттың істемейтінін растайтын жұмысшылар болса, сізді ешкім жауапқа тартпайды, - деп сендірді.

Бірақ, «Әділ сөз» халықаралық қорының президенті Тамара Калеева сұхбат бергенде зауыттың жұмыс істемейтінін растаған жұмысшылар, сотқа барғанда бәрін жоққа шығарады. Журналист ештеңені дәлелдей алмай, шарасыз күйге түседі, - деп бұл пікірталасты қорытындылады.

ІСТІ БОЛУ – ҮЙРЕНШІКТІ ІС

Петропавлдық Виктор Мирошниченко 3 жылдың ішінде 5 рет жауапқа тартылған. «Жала жапқаны» үшін. Оның үшеуінде шағымданушы арызын қайтарып алып, біреуінде ақталып шыққан. «Бір іс бітсе, екіншісі басталып, бір жылдай қаладан шықпау туралы қолхат жазып, қамалып отырғаным бар», - дейді «Время» газетінің Солтүстік Қазақстандағы тілшісі.

2008 жылғы шілденің 10-ы Виктор Мирошниченконың «Крыша для полковника» атты мақаласы басылып шығады. Ол материалда Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Сәрсенбай Давлетовтың қарамағындағы қызметкерлердің қаражатына пәтер жалдайтыны туралы жазылған. 2009 жылдың ақпан айында сот журналист Мирошниченконы кінәлі деген үкім шығарып, 200 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттейді.

«Мен сол жалдамалы пәтердің иесінен сұхбат алғанмын. Диктофонда ол әйелдің әңгімесі жазылған. Бірақ, сот ол диктофон жазбасын дәлел деп мойындамады. Себебі мен әу-баста сұхбатты диктофонға жазғанда қылмыстық-процессуалдық кодексті бұзған екенмін», - дейді тілші. Виктор Мирошниченконың айтуынша, қазір шағымнадушылар журналисті жазалаудың әдісін тауып алған. Яғни, 3-4 ай сотқа тасиды, жүйкесін тоздырады. Сосын тілшінің кінәсін дәлелдеу мүмкін емес екендігі айқындалғанда, арызынан бас тартады. Ал, заң бойынша шағымданушының арыздан бас тартуы айыпталушыны ақтамайды, - деп кейиді Виктор.

ТҮРМЕГЕ ЖАПҚАНША, ҚАЛТАДАН ҚАҚҚАН ДҰРЫС

Виктор Мирошниченко, "Время" газетінің СҚО тілшісі. Астана, 27 қыркүйек 2010 жыл
«Жала жабуға қатысы қылмыстық қудалауды жұмсарту тақырыбын бірінші рет талқылап отырған жоқпыз. Бірақ, бүгінгі жиынның ерекшелігі – бас прокуратура, жоғарғы сот заң институты сияқты мемлекеттік, беделді органдар «жала жабу декриминализациясын» жақтап пікір айтты.

Журналистер өз қызметі үшін түрмеге түсу қаупінен жақында арылады деген сенім ұялатты», - дейді «Әділ Сөз» халықаралық қорының президенті Тамара Калеева.