Облыстық еңбек және халықты қорғау департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2008 жылдың өткен 9 айында 54 жазатайым оқиға тіркеліп, 9 адам қаза болған. Бұл тек ресми жария мәлімет, ал ел көзінен таса қалғаны қанша екені беймәлім дүние.
- Жазатайым оқиғалар көбінесе, құрылыс алаңдарында техника қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін орындамағаннан болады, - дейді Атырау облысы бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бастығы Темір Есетбаев, – өндірістегі жарақаттар мен адам өлімі – сол ұйымдар жетекшілерінің салғырттығы мен тәртіпті бетімен жіберуінің көрінісі.
Қайғы әкелген Қарабатан
Мәселен, біз айтып отырған қайғылы оқиғаның екеуі де Атыраудың іргесіндегі Батыс Ескенеде салынып жатқан Аджип ККО-ның зауыты құрылысында болған жайттар. Сөйтіп, біресе табысына риза болмаған жұмысшылар наразылығымен, біресе жаппай уланумен аты әйгілі Қарабатан, енді өндірістегі адам қазасымен де аты шығып отыр.
Нақтылап айтсақ, 2008 жылдың 23-ші шілдесінде Қарабатандағы «Болашақ» зауытының территориясындағы «Теміржолқұрылыс» ЖШС айналысып жатқан А1-330-VA-101 қондырғысында бетоншы әрі ағаш ұстасы болып істейтін Уқасов Батыржанның үстіне темірбетон блоктар құлап, 36 жасар жігіт бірден көз жұмған.
Осы жайында облыстық еңбек және халықты қорғау департаментінің тексеру актісіне сүйенсек, арнайы тексеру комиссиясы келгенше Аджип ККО қызметкерлері оқиға болған жерді реттеп, темір бетондарды жинап үлгерген. Сонда да тексеру қорытындысы бетондау жұмысының тиісті технология шарттарын сақтамай жүргізілгенін, яғни құрылысты тез бітіру үшін бетондардың қалай болса солай жиналып, бекітілгенін көрсетті.
Жұмыс барысына жауапты адамдар да жұмыс уақытында өз орындарында болмаған, жұмысшылар еңбегінің қауіпсіздігі сақталмаған. Тапсырыс беруші Аджип ККО-ның тарапынан тиісті бақылау жасалмай, жұмыс беруші «ТеміржолқұрылысАтырау» ЖШС-де жұмыс барысында бұрыннан белгілі болған кемшіліктерді дер кезінде жоюға ұмтылмағаны анықталған.
Ал осы учаскедегі құрылыс-монтаждау жұмыстарына арнайы жоғары кәсіби білімі болмаса да басшылық еткен Г.Н.Овсянков жазасын алып, жұмыстан босатылудың орнына әлі күнге дейін сонда жұмысын жалғастырып келе жатқан көрінеді.
«ТеміржолқұрылысАтырау» ЖШС-нің кінәсі 100 пайыз дәлелденіп, ал марқұм бетоншы, ағаш ұстасы Батыржан Уқасовтың кінәсінің жоқтығы нақтыланғандықтан, енді жұмыс беруші оның отбасына тигізген зиянды өтеуі тиіс.
Адам өмірі қанша тұрады?
Алайда, адам өмірін қиған осы оқыс қайғының өтеуін жұмыс беруші қаншаға бағалағанын білмек болып, «ТеміржолқұрылысАтырау» ЖШС-не телефон шалғанымызда, компания заңгері Жанаргүл Қайырлықожиева өз тараптарынан келтірілген моралдық шығынды өтегендерін, бірақ оның көлемін коммерциялық құпия ретінде айта алмайтынын мәлімдеді.
Сақтандыру жөніндегі заңға сәйкес, барлық жұмыс берушілер жұмысшыларды сақтандыруға тиісті болғандықтан, марқұм Б.Уқасов та «Аманат- Иншуранс» компаниясында сақтандырылған көрінеді. Дегенмен, білдей азаматтың нағыз дер шағында өмірмен қоштасуына себепкер болған «ТеміржолқұрылысАтырау» компаниясы қаралы отбасына заңды жәрдемнің тезірек көрсетілуіне мұрындық болудың орнына өзіне түсер пайданы ойлап, аннуитеттік компания таңдаумен отыр.
Себебін бізге жария еткісі келмеді. Қазір адам өмірін сақтандыратын екі бірдей аннуитеттік компанияларға өтініш білдірген көрінеді. Бұл жайлы мәлімдеген «Халык Life» аннуитеттік сақтандыру компаниясының қызметкері Айгүл Бөгенбаева марқұмның отбасына төленетін шығын көлемін 2,5 миллион теңге десе, тағы бір аннуитеттік компания «Казкоммерц-Life» марқұм өмірін 18,5 миллион теңгеге бағалап отырған көрінеді.
Әрине, миллион тұрмақ миллардтың да аңыраған анаға баласын қайтармасы анық . Дегенмен, тіріге тіршілігі үшін түсер қайырдың молдау болғаны жақсы болғанымен, бұл да шикі әңгіме екен. Қалай болса да қалтасы жұқаратынына қапа «Аманат-Иншуранс» қай соманы төлейтіндігін әзірге салмақтау үстінде.
Бір аптадан соң тағы да Қарабатанда кісі өлімі болды
Қарабатандағы қайғылы оқиға мұнымен бітпеді. Арада апта өте, яғни 2008 жылдың 31 шілдесінде «Болашақ» зауытындағы «Сичим С.П.А» Қазақстан филиалының қарамағындағы «Ойл транш-2» объектісінде кезекті жазатайым жағдай тағы болды. Бұл жердегі құрылысты жүргізуші «Сичим С.П.А» компаниясына жұмыс күшін жеткізуші «Бұлан» ЖШС екен.
Сол күні участок басшысы Джумано Ваниннің нұсқауымен екі жұмысшы Османов Роллан мен Мұзафар Хайруллин зауыттың құрылыс жүріп жатқан алаңындағы екі метрге жақын тереңдіктегі шұңқырға жұмыс істеудің қауіптілігіне қарамастан, катодтық қорғаныс өткізілуге тиісті трубаны қолмен қазу үшін түскен. Кенет ор қабырғасының бір бөлігі жерді қазып жатқан Мұзафар Хайруллиннің үстіне құлап, 33 жасар жас жігіт топырақтың астында қалады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторы Р.Сәрсенғалиев жасаған зерттеу актісі бойынша: «Аджип ККО» мен «Сичим С.П.А» компанияларының еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі менеджерлері өз жұмыстарына дұрыс қарамаған, жұмысшылардың техника қауіпсіздігі ережелері нормаларын сақтауына бақылау жасалмаған, өндірістегі жұмыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген» деген қорытынды жасалған.
Орға жұмысшыларды түсірмес бұрын қазылған қабырғалардың беріктілігі тексерілмеген және ордың айналасына қорғаныс қоршаулар жасалмаған делінген тағы сол актіде. Сөйтіп, жұмыс берушінің кінәсі 100 пайыз, ал жұмысшының кінәсі жоқ. деген қорытындыға келген.
Енді «АТФ-Полис» шынымен 6,5 миллион теңге төлей ме?
«Бұлан» ЖШС заңгері Әлишев Қазбек болса: «марқұм М.Хайруллин заң жүзінде «Бұлан» ЖШС-нің жұмысшысы болғандықтан, онымен жасалған еңбек-шарты негізінде өтемақы төленеді. Ал, оқиға «Сичим С.П.А» компаниясы территориясында болғандықтан, материалдық шығындар солардан сұралады. Өтемақы көлемін аннуитеттік сақтандыру компаниялары анықтайды, соған байланысты және марқұм сақтандырылған ерікті және міндетті сақтандыруларға байланысты өтемақы көлемі анықталу үстінде», - деп төленер өтемақы көлемін нақты айтудан жалтарды.
Дегенмен, сұрастыра келе «Астана-финанс» аннуитеттік сақтандыру компаниясы марқұмның отбасына 6,5 миллион теңге төлеуді «АТФ-Полис» сақтандыру компаниясына ұсынғаны анықталды. Алайда «АТФ-Полис» сақтандыру компаниясының қызметкері Асылайна Құрманғалиева хабарлағандай, бұл мәселені АТФ-тың Алматыдағы бас кеңсесі әлі талқылау үстінде көрінеді.
Осы жерде айта кететін бір жайт, екі оқиғаның материалы да Мақат аудандық Ішкі істер бөліміне берілген екен. Алайда, Мақат аудандық ІІБ тергеушісі Зәйтүн Бегәлі айтқандай, марқұмдар отбасының «моралдық шығынымыз өтелді, қоятын кінәміз жоқ» деген арызынан соң іс материалдары прокуратура құзырына өткен. Сөйтсе де, бұл шешімнің бастарына салғанға көнбістік танытқан қаралы үйдің еркі ме, әлде солай болуға итермелеген үшінші жақтың әрекеті ме, ол жағын ешкім нақ басып айта алмайды.
Президент мораторийының олқылығы біліне бастады
- Көбіне жұмыс қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы жөніндегі шикіліктер шағын және орта бизнес төңірегінен шығады, - деп есептейді Темір Естебаев. - Себебі не десеңіз, ірі бизнес өкілдері өз имиджін бұзбауға тырысады Ал барлық орта және шағын кәсіпкерлік субъектілерін Президент жариялаған мораторийға байланысты тексеруден өткізе алмаймыз. Егер прокуратура өзгеріс енгізіп, тексеруге рұқсат етсе, әлбетте, сүзгіден өткізгіміз келеді. Бәлкім сонда шағын және орта бизнес саласындағы жұмысшы жарақаттануларын немесе сапасыз тағамнан улануларының алдын алуға ықпал етуге болар.
Статистика мәліметтерінде 2008 жылдың өткен 9 айында 62 адамның өндірісте жарақаттанып зардап шеккені, соның ішінде 21-і ауыр дене жарақатын алғаны айтылған. Ал осы мәселеге байланысты сотқа берілген 33 істің тек екеуі бойынша кінәлілердің үстінен қылмыстық іс қозғалған.