Қазақстанда Үкіметтің зияткерлік меншік құқығын бұзушыларға қарсы науқанды шаралары елдегі қарақшылық әдіспен сатылатын заңсыз өнімдер саудасын ауыздықтай алмай отыр.
Осыдан бір жарым ай бұрын Үкіметтің қаулысымен бекітілген сауда-саттық ережелеріне енгізілген өзгеріске орай контрафактілі, яғни қарақшылық жолмен саудаға түскен аудио және видеожазба өнімдерді тәркілеу мақсатындағы күрес күшейтілген еді. Заң бойынша киногерлер мен әншілердің лицензиялы аудио-бейне таспалары арнайы дүкендер мен үлкен сауда орталықтарының сөрелерінде ғана сатылуы тиіс. Алайда көше бойлары мен базарларда қарақшылық жолмен түскен өнімдерді емін-еркін сататындар көптеп кездеседі.
Көлеңкелі кәсіппен айналысатын алыпсатарларды Алматы қаласының кез-келген бұрышынан ұшырастыруға болады. Негізінен олар DVD және CD табақшаларына заңсыз әдіспен көшіріліп жазылған аудио-бейне өнімдерін сатады. Сырттай бақылаған адам лицензиялы тауарлардан анағұрлым арзан бұл заңсыз өнімді сатып алушылардың аз емес екендігіне көз жеткізеді. Сондай алушылардың бірі Жанар есімді бойжеткенді Алматыдағы «Атакент» көрме орталығының маңындағы сауда орнынан заңсыз дайындалған DVD табақшасын сатып алып тұрған жерінен әңгімеге тартқан едік.
- 300 теңгелік бейне-аудио таспаның бағасына қарай оның сапасы да төмен болады. Оған еш ренжудің қажеті жоқ. Әрбір адамның қалтасы көтерсе, «Меломан» сынды ірі музыкалық дүкендерден лицензиялы данасын сатып алуларына болады. Кинотеатрларда ондай арзан бағаға кино көре алмайсыз, билеттерінің өзі қымбат, - деді ол.
Ал Құралай есімді студент заңсыз өнімдердің сапасы сын көтермейтіндігін айтады:
- Үш-төрт рет көше бойларында сатылып жатқан табақшаларды алғаным бар. Үйге әкеліп қосқанымда көрсетпей қойды. Бір данасы 400-500 теңге тұратын табақшаның ішінде 10 кино болса, соның бір-екеуі ғана көрсетеді. Олардың сапасы төмен болады.
«Атакент» көрме орталығында контрафактілі өніммен сауда жасап тұрған Ернар есімді жігіттің осы кәсіппен шұғылданғанына бір жылдан асыпты. Ол өзінің заң бұзып тұрмағанына сенімді.
- Кинотеатр, теледидарда бір-екі рет көрсетілген фильмдерді халық көргісі келеді. Күнде кинотеатрға баруға адамдарда уақыт тапшы. Біздің сатып отырғанымыз заңды. Халыққа, оның ішінде Қазақстанға зиян келіп тұрған жері жоқ.
Ернар сатып тұрған тауарлар бірыңғай шетелдік фильмдер екен:
- Қазақстан эстрада жұлдыздарын түсірген жаңа бейнеклиптер саудада жоқ. Тіпті, керек десеңіз, қазақ кинолары, қазақ мультфильмдері де жоқтың қасы. Тек шетелдің жаңа фильмдерін ғана сатамыз.
Алматыдағы «АСД-рекордс» студиясының директоры Нұрбек Енжанов қарақшылық жолмен сатылатын аудио-бейне тауарлардың дені қазақ эстрада әншілерінің әндер топтамасы дейді. Оның пікірінше, пайдасы жақсы бұл кәсіптің артында қалтасы қалың азаматтар тұр:
- Әндерді біз CD табақшаларға жазып дүкендерге сатуға жібереміз. Ал келесі күні әлгінің бір данасын заңсыз жолмен мыңдап көбейткен қарақшылар базарға қаптатып жібереді. Біз сияқты олар табақшаның сыртын өрнектемейді. Салық төлемейді. Базарға анда-санда 50-100 теңге беретін шығар. Біз бір табақшаға сапалы 20 ән жазамыз. Лицензиялық табақшаның 1 данасы 600-700 теңге тұрады. Ал олар біреуіне 200-1000 әнге дейін көшіріп жазып, оны 300-500 теңгеден сатады.
Алматы қалалық әділет департаментіндегі зияткерлік меншік құқығы бөлімінің бастығы Шыңғыс Айнақұлов бүгінгі таңда контрафактілі тауарлар саудасын тоқтату мүмкін болмай тұрғанын мойындайды:
- Түпкілікті бұларды жою мақсатында әлгіндей табақшаларды заңсыз жасайтын және сақтайтын цехтар мен қоймаларды тәркілеу керек. Оларды тәркілеу әділет органдарының құзіретіне кірмейді. Сондықтан біздің қолымыз байлаулы. Алайда, біз хаттар мен өтініштерді тиісті орындарға жібердік.
Әділет департаментінің мамандары контрафактілі өнімдерді сатқан сатушыны немесе шығарушыны табу қиын екендігін айтады. Заң бұзғандар тексерушілерді көрісімен, кейде сатып тұрған тауарды тастай сала қашып кетеді дейді олар. Бүгінде қарақшылық жолмен дайындалған аудио-бейне табақшалардың бағасы 300-500 теңгенің арасы, яғни 3,5-4 АҚШ доллары шамасында. Бұл арнайы дүкендерде сатылатын лицензиялық тауар құнынан кем дегенде 10 есе арзан. Ал заң бұзушыға салынатын айыппұл көлемі шамамен бес мың теңге.
Қазақстанда аудио-бейне өнімдерін шығарумен айналысатын «Лазер-Мастер» деген бір ғана зауыт бар. Ол зауыттың өзі соңғы үлгіде жабдықталмаған. Сондықтан ол жерге берілген тапсырыс ұзақ дайындалады екен.