Қазақстандық экологтар болса ауқымды жобаның қауіпсіз екендігіне күмән келтіреді. "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтың пікірінше, Қашаған - кәрі теңіздегі ең қауіпті жоба.
- Осы жобаның аясында 243 ұңғы, 40 арал, 9 зауыт салмақ. Ал оның ішіндегі қысым өте жоғары болмақ, өте улы күкірт қышқылы тағы бар. Ал мың шақырымға созылатын құбырдың бір жері тесілсе Каспий теңізінің тағдыры қиылды дей беріңіз, - деді Мэлс Елеусізов.
Сонымен қатар, мамандар Каспийде қандай да бір ірі апат орын алған жағдайда, оның зардаптары бес күннің ішінде бүкіл теңізге тарауы мүмкін екендігін алға тартып отыр. Ал теңіздегі ірі кен орындарында немесе мұнай құбырларында өрт шыға қалса, тілсіз жауды құрықтау өте қиын болады. Эколог Мэлс Елеусізовтың пікірінше, Каспий террорлық әрекеттердің нысанына айналуы бек мүмкін.
- Халықаралық жағдай тыншымай тұр. Мұнай үшін әлі талай таластың болары анық. Сыртқы факторларды былай қойғанда, өзіміздің ішімізде-ақ табиғаттың бүлінгеніне наразы адамдар жетерлік, - деді Мэлс Елеусізов.
Экологтар қазірдің өзінде Каспий теңізінің экологиялық жағдайы сын көтермейтіндігін ескертеді. Жылдар өткен сайын оның қалі одан сайын нашарлай түспек. Ал кәрі теңізді қалпына келтіру адам қолынан келмейтін шаруа. Осыған байланысты қазақ экологтары қауіптен сақтанудың жолдарын қазірден бастап қарастыруды өкіметтен талап етіп отыр, нәтиже шықпаған жағдайда халықты көтеруге дейін бар.
Бұл ретте экологтар Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ірі мұнай компаниялары қоғамдық ұйымдардың талаптарына құлақ аспайтындығын алға тартып отыр. Қазақ табиғат қорғау қоғамы Президиумының төрағасы Александр Войцеховскийдің айтуынша, алпауыт компаниялар өз мүддесін қорғау мақсатында жалған ақпараттар таратып отыр.
- Біз осыдан бір күн бұрын жүргізілген қоғамдық тыңдаулардың хаттамаларын сұраттық. Алайда «Аджип ККО» компаниясы біздің сұрауымызға жауап қататын түрі жоқ. Яғни, мұндай хаттамалардың өздері компаниялардың мүддесіне жауап беретіндей етіп жасалынып келеді деген сөз. Бұған жол беруге болмайды, - деді Войцеховский.
«Аджип ККО» компаниясы 2008 жылдың 6-8 тамыз аралығында Атырау және Маңғыстау облыстарында қоғамдық тыңдаулар өткізді. Хаттамалар кен орындарын игеруге үкіметтен келісім алу үшін қажет. Аджип ККО компаниясы Қашаған кен орнын игеру жобасына жауапты оператор ретінде жұмыс істейді. Консорциум 2013 жылға таман Қашағандағы мұнайдың коммерциялық өндірісін тәулігіне 450 мың баррельге жеткізуді көздеп отыр. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның Қашаған жобасындағы үлесі - 16,81 пайыз.