- Университетте сабақ беріп, ғылыми жұмыспен айналыстым. Сыртқы саясат мәселелерін талдау және сараптама жасап, халықаралық қатынастар жайында лекция оқимын. Өзім саясаттану ғылымы саласында диссертация қорғағанмын, - деген ол зерттеу еңбектерінің көбі халықаралық байланыстар, саясат және тарихқа қатысты болғандығын жеткізді.
Сонымен қатар, Абдулғайым аға қазақтың саяси тарихы мен ұлттық мәселелері жөнінде де көп еңбектенген екен. Ол кісінің түрік тілінде жарық көрген «Қазақстан» кітабы – Қазақстанның саяси тарихына арналған.
- Қазақтың тарих сахнасына шығуы, хандықтар кезеңі, Кеңестік дәуір және бүгінгі тәуелсіздік жайында жазылды. Сондай-ақ, жақсы көретін тақырыптарымның бірі – осы аумақтағы түркі халықтарының бірлесіп ассимиляцияға қарсы тұруы, жеке Түркі федерациясын құруға талпынған қайраткерлердің күресі. Оған Алаш ардақтылары да жатады. Соның ішінде Тұрар Рысқұловтың ерен тұлғасына байланысты зерттеу жасауды да мақсат тұттым. Жалпы, менің негізгі зерттеу обьектім – саяси-мәдени өзгерістермен бірге қазаққа қатысты тақырыптар, - дейді ол.
Абдулғайым Кесіжі қырғи қабақ соғыс жылдарында «Азаттық» радиосының қазақ бөлімінде қызмет атқарып тұрғанында, ұлттық тарихтың ақтаңдақтарын ашуға көп үлес қосқандығын айтады.
- Қазір Қазақстанда бұл тақырыпқа еркін жол ашылды. Біз «Азаттық» радиосында жұмыс істеп жүргенімізде Алаш ардагерлері - Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхановтар туралы ештеңе айтылмайтын. Біз ұлттық тарих жөніне көп ойысатынбыз. Сонымен қатар, Қазақстандағы ұлттық саясат төңірегінде де жиі қалам тербейтінбіз, - деген ол сол кезде Қазақстаннан шығатын мерзімді басылымдарды жаздырып алып тұрғандығын айтады. - Хабарларымызға көбінесе Қазақстанда шығатын газет-журналдарды пайдаландық. Ол кезде кеңес әдебиетін сататын арнайы дүкендер болушы еді. Мен тек ақпарат немесе мәлімет алу мақсатында ғана емес, қазақша тіл сындыру үшін де 7 журнал мен газетке жазылатынмын. Қазір осы жүйеден қол үзіп қалдық.
Абдулғайым Кесіжі Кеңестер одағы тұсындағы қазақ басылымдарының сапасы бүгінгіден анағұрлым артық болғандығын айтады.
- «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында өте құнды мақалалар шығып тұратын. Әлкей Марғұланның таңбалы тастар туралы материалын алғаш «Жұлдыз» журналынан оқыдым. Қазір бұрынғыдай шұқшиып оқымасақ та, қолымызға түскенін қалт жібермей қарап тұрамыз. Алайда, бұрынғы сапада емес, - дейді ол.
Абдулғайым сондай-ақ, қоғамдық істермен де айналысады. Қазір Еуропадағы «Қазақ қоғамдар федерациясының» төрағасы.
- Еуропадағы қазақтар ұлттық салт-дәстүр, мәдениеті мен тілін сақтап отыр. Балаларын қазақы рухта тәрбиелеу үшін өздері бір-бірден қазақ мәдени орталықтарын құрған. Өзара байланыстарын нығайтып осы мақсатта жұмыс жасауды көздеген олар «Еуропа қазақ қоғамдар федерациясын» құрған болатын. Бұл ұйым 2003 жылдан бері бейресми түрде жұмыс жасап келген болса, биылғы жылы мамырда Норвегияның астанасы Ослода өткен Еуропа қазақтарының дәстүрлі Кіші құрылтайында оны ресми тіркеуден өткізіп, төрағаны сайладық. Сол сайлауда мен төраға болдым. Ол федерацияның құрамына 10 қазақ орталығы кіреді. Еуропадағы қазақ жастарының бір-бірімен қарым-қатынаста болуы, ана тілін салт-дәстүрлерін сақтап қалуына ықпал ету – басты мақсатымыз.
Абдулғайым Кесіжінің айтуынша, Еуропадағы әр қазақ қоғамы өз бетінше жұмыс жасап жатқан көрінеді.
- Атап айтар болсақ, Лондондағы, Париждегі, Мюнхендегі қазақ қоғамдары қазақ тілі курстарын ұйымдастырып жатыр. Бұнда өзіндік қиыншылықтар көп. Әр жерде қазақ тілін үйрететін деңгейде сапалы маман мұғалімдер жоқ. Ол мәселе шешілсе, қазақ тілі сабағын жүргізетін үй мәселесі көлденең тұрады, оқу құралы жетіспейді. Бұның бәрі материалдық жақтан демеуді талап ететін жұмыстар. Қазір Еуропадағы қазақ мәдени орталықтары әр елдегі Қазақстан дипломатиялық өкілдіктерінің көмегімен жұмыс атқарып жатыр. Әсіресе, осы елдердегі қазақ елшілерінің жұбайлары қазақ тілінің мұғалімі қызметін атқарып жүр. Еуропадағы қазақ дипломаттарын «Идеалист дипломаттар» деуге болады. Негізінен олардың көбі басқа пәндердің мұғалімдері екен. Біз қолқа салғаннан кейін, қазақша сабақ беруге келісті. Олар біздің балаларымызға кириллицаны үйретеді. Бұл курстарда қазақ тілі бастауыш сыныбы деңгейінде үйретілетіндіктен, көбіне өлең, тақпақтар жаттатып, қазақ тілін үйретудің жеңіл жолдарын қарастырады.
Абдулғайым Кесіжі Еуропадағы қазақ балаларының Қазақстанда білім алуға құштар екендігін айтады. Алайда, Қазақстанның шетелдік қазақ жастары үшін бөлетін 2 пайыздық білім гранты аздық етеді дейді ол. Білім квотасынан тыс келген балаларға қол ұшын созып, олардың оқуға түсуіне көмектесіп, мемлекеттік білім грантын бөліп берсе деген тілек айтты ол сөзінің соңында.