Қазақты сүю

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Адам баласының өз ұлтына деген асыл сәулелі сүйіспеншілігі, Құдайға деген махаббатынан бастау алуға тиіс. Ал біздің жүрегімізде Құдайға деген махаббаттың шырағы сөніп қалған

НАДАН ҚАЗАҚТЫ СҮЙЕ АЛМАЙМЫН
Құйындай зымыраған аласапыран заманның қайда бет алып бара жатқанын білмей абдырап, бағытынан адасқан, жалған болмысымызды мойындағымыз келмейтін біздің бейшара жанымызда қазақты сүюге орын қалмады. Құдай сені адам қылып жаратқан соң расында да бар жан-тәніңмен хайуандықтың аралынан алыс жатқан нұрлы әлемді сүйгің келеді. Алайда адамдық қасиеттен жұрдай, өтірік өмір сүруді дағдыға айналдырған, келер ұрпақтың несібесін жеп, өз халқын сүлікше сорып, ішкенін-жегеніне мәз-мәйрам болып, бар байлығын сырттан келген келімсектерге үлестіріп беріп, туған бауырын шетке тебетін, ұлы Абай айтатын “надан” қазақты сүю мүмкін бе өзі?.. Жо, жо, жоқ. “Әр қазақ- менің жалғызым” (Сабыр Адай),- деп елеуреп, халықты өтірік алдап, қызыл тілдің шешені болмай-ақ қойыңыз. Жүз жерден тырыссаңыз да, мұндай қазақты сіз шын жүрегіңізбен сүйе алмайсыз. Мұндай қазақты сүйсеңіз, күндердің-күнінде сіз де сол хайуандыққа бет алған азғын тобырдың арасынан табыласыз.
Қазақтың көп жағдайда қатыгез, қайырымсыз келетін себебі - өз халқына деген шынайы махаббатының жоқтығынан. Міне сондықтан да елдегі ұлтқа қарсы қастандықтардың бәрі де қазақтың атымен жасалады. Қазақтың келешегі үшін туған жерді, ана тілді сатамыз, қазақтың келешегі үшін ар-ұятты саудаға саламыз, қазақтың келешегі үшін бейбақтарды баспаналарынан тырқыратып қуып шығып, бульдозермен үйлерін талқандап, барар жері, басар тауы қалмай, еңіреп жылап-сықтаған апа-көке, апа-қарындастарды “өлмесең өрем қап” деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырамыз. Ең қорқыныштысы осы опасыздықтардың бәрі де “Қазақтың келешегі үшін!” деген “ұлы” ұрандардың арқасында жүзеге асырылады. Әлемнің барлық келімсектерін бауырына басуға әзір қазақтың ешқашан да өз бауырына жүрегі жібіген, сүйіспеншілік сезімі оянған емес.
Қазақ өзінің қақ төріне қытайды, орысты, немісті, шүршітті шығарып, олардың алдында төсек болып жайылуға әзір, бірақ туған бауырына келгенде шекесі тырысып қалады, өліп бара жатса да аузына су тамызбайды. Өзге елдің ортанқол ғана таланттарын төбесіне шығарып тайраңдатып қоятын қазақ, өз ұлтының маңдайына біткен марғасқаларын сүйек тастап, босағада ұстағанды ұнатады. Ит басына іркіт төгілген кешегі кең заманда халқын шексіз сүйген ақын Мұқағали қазақтың ішінен махаббат таба алмай “мен нағыз махаббатты армандаймын”- деп, зар еңіреп, баз кешіп, дүниеден озды.
Қазаққа кішкентай жақсылық жасалса, ішімізді аламысық тырнап, қызғаныштан өртеніп кете жаздаймыз. Орыстың бір жаман кемпірі ескерту айтса жым болатын біз, қазақтың бір данышпаны ақыл айтса жағасынан аламыз, ендігі уақытта оның ішкенін ірің, жегенін желім қылмайынша ұйқы көрмейміз, тыным таппаймыз.
Қазақ жұмыссыз қалса, әйеліміз ұл тапқандай қуанып, “өздеріне сол керек” деп, кешке жақын теледидардың алдында мамық жастыққа жантайып алып, “қазақтың жалқаулығы”, “қазақтың надандығы” туралы әңгіме соғып, ләззат аламыз. Қолынан түк келмейтін қазақты әбден жамандап, құлағымыздың құрыш етін қандырған соң, бойымыз жеңілдеп, кеудемізді бір қуаныш сезімі кернеп, рахатқа кенеліп, балбырап, тәтті ұйқыға батамыз. Күнін көре алмай жүрген бейшара қазақтардың арасында өзіміздің жоқ екеніміз есімізге түскенде жүрегімізде бір қаскөй қуаныш тұрады.
ҚАЗАҚТЫ ЖҮРЕКПЕН СҮЙМЕЙМІЗ
Орыс жазушысы Гоголь - Құдайға деген алғашқы махаббаттың -өз халқыңа деген аяушылық сезімнен басталатындығын жазыпты. Яғни жүрегінде өз ұлтына деген аяушылық сезімі бар адам ғана - Құдайды шын сүйе алады. Ал, жұрттың тасқа айналған жүрегінде қазаққа деген аяушылық сезім қалды ма ? Неге біз осы ішкілікке салынып кеткен қазақты көрсек, оның не себептен бұл күйге душар болғандығын білудің орнына, табалағымыз келіп тұрады? Неге біз осы көшеде қайыр сұрап, қаңғырып жүрген қазақты кездестірсек жағдайын сұраудың орнына жиіркенішпен қараймыз? Неге біз осы есірткіге құмартып, азғын жолға түсіп жатқан жастарымыз үшін сәулетті жол тауып бере алмаймыз? Неге біз осы?
Егер жұрт халықты шын пейілімен сүйсе, қазақ өз жерінде ең бақытты адам болып өмір сүрер еді. Қазақты шын жүрекен сүйе алмағандықтан да, Құдай елді - осындай азапты жолға салып қойды. Бірақ ол үшін Құдайды жазғыруға болмайды.
Айналып, келгенде Құдайда не жазық бар? Қазақты да ол басқа халықтар секілді адам қылып жаратты. Кең-байтақ жер силады, оның асты мен үстін бір емес қазақ секілді тағы да жүз ұлтты асырауға жететін ен-байлыққа толтырып берді. Адам екенін ұмытып, хайуандыққа салынғандықтан соның бәрі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатса, ол Құдайдың емес, ең алдымен біздің кінамыз.
Маған қарсы айтқыңыз келген уәжіңізді, көмейіңіздің бүлкілінен-ақ сезіп тұрмын. Әрине, қазақтың дәл бүгінгідей сорлы күйге душар болуына биліктің де үлесінің зор екенін мойындамасқа амал кем. Дегенмен сол билікті азғындық жолға салып, пара беруді үйреткен өзіміз емес пе? Егер біз билікке пара бермей тістеніп тұрып алсақ, ол оны кімнен алар еді. “Қазақ жалқау, арамтамақ, надан, баукеспе ұры..” деген сөздерді азаттық ала салысымен биліктің аузына ең әуелі өзіміз салып бергенбіз. Тәуелсіздік алған соң, қазақ тілінің келешегі жоқ деген “аксиоманы” басқа ұлттың өкілдері емес, өзіміздің орыс тілді қазақтармыз биліктің құлағына құйды. Егемендік алған күннің ертеңінде-ақ өзіміздің басқалардан артық екенімізді дәлелдеу үшін –ең алдымен билікке, қазақты сүймеуді, ұлтты жеккөруді үйреттік. Мүмкін биліктің бойындағы осалдықты өз бойымыздан іздегеніміз абзал шығар.
Осыдан бір ғасыр бұрын өмір сүрген данышпан Абай да қазақты сүйе алмай, мына жалған дүниеден налып өтті. Ақылдының сөзін ұғып аларлық, жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азып, хайуанға айналып бара жатқан халқының келешегіне үңілген Абайдың тұла-бойы түршігіп, тіршіліктен тіреу таба алмай, бақсының моласындай жалғыз қалып, өмірден опа таппады.
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек.
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек,
- дегенді кемеңгер ақын қазаққа қаратып ашына айтты.
Егер де ұлы Абай осыдан бір ғасыр бұрын, енді ғана хайуандыққа бет алып, тобырлық деңгейге төмендеп бара жатқан қазақты сүйе алмаса, бүгінгі уақытта азып-тозып, құрт-құмырсқаға айналып, құрып бітудің алдында тұрған қазақты мен қалайша сүймекпін? Қара тобырдың арасынан шыққан надандарын хан көтеріп, халыққа шын жүрегімен жаны ашитын ақындарын тозаққа салып қоятын, тірі өлікке айналған халықта адам сүйерлік қандай қасиет қалды? Құдайшылығыңызды айтыңызшы, қандай?
Абай қанша жамандаса да осыдан бір ғасыр бұрынғы қазақ біртұтас халық еді. Қазіргі өліара мезгілде біздің халық - қазақ және орыс тілді қазақ болып екіге бөлінді. Өз ұлтының тілін менсінбейтін орыс тілді қазақ мың жерден тырысса да қазақты сүйе алмайды. Тіпті сол үшін оларды жазғырудың “мәңгүрт”, “миғұла” деп, айыптаудың да қажеті шамалы. Оның барлық жан-дүниесі, ділі, тіпті, жүрегіне шейін орысша сайрап тұрса, ол неге қазақты сүюі тиіс? Қазақтың тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрі үшін оның жүрегі неге ауырмақ? Адам баласының жүрегі қай тілде күмбірлесе, оған сол елдің Құдайының ғана әмірі жүреді. Қалай десек те бір ғасыр бұрын өмір сүрген Абай бізден мың есе бақыттырақ. Өйткені ол уақытта халықтың кеудесінде қазақ деп соққан бір-ақ жүрек бар-тын. Қазақтың жүрегі бүгін екі тілде сөйлейтін болып, ортасынан қақ айырылды. Сол жүректі жамау үшін әлі қанша уақыт керек екенін бір Құдай біледі. Жүректі жамаған күннің өзінде оның ізі қалады емес пе. Кім білсін, сол жүректі жамаймыз деп жүріп, күндердің-күнінде қазақты өлтіріп алмаймыз ба?
ҚАЗАҚ БОЛЫП ӨМІР СҮРУ –ҚАСІРЕТ
Басқасын сөз қылмағанда. қазаққа деген құрметті туып-өскен қаласының көшесінен таба алмаған ұрпақтың жүрегінде өз ұлтына деген қандай ізгілік сезімі салтанат құруы мүмкін. Үлкен қаланың қай көшесімен жүрсем де “мен мұндалап” айқайлаған орыстың, ағылшынның, немістің тіліндегі жарнамаларды, содан кейін барып қана көзінен жасы мөлдіреп, басы қылтиып әзер көрініп тұрған (қазақ тіліндегі деп айтуға қорқатын) мемлекеттік тілдегінің сүмірейген сиқы көзіме түседі. Қандай да бір мекемеге бас сұғып, қазақ тілінде сөйлесем, жұрттың бәрі құбыжық көргендей үрейлене қарайды. Қазақстанның бір үлкен қаласына бара қалсам, жүрегімді қуаныш сезімі емес, керісінше қайғы мен мұң билейді. Қазақ болып өмір сүрудің –қасірет екенін ұғамын. Қай қалаға барсам да ең алдымен көзіме қайыр сұрап, қаңғырып, жұмыссыз жүрген қазақ оттай басылады; тәнін сату арқылы сол қаладағы бір үлкен көшенің атын шығарған қазақтың қыздарын көремін; араққа салынып айналасын зәр сасытып жатқан қазақты кезіктіремін. Адам өлтіру, қыз зорлау, ұрлық жасау секілді ауыр қылмыстардың бәрі де тұрмыс-тіршілігі ауыр осы қазақтардың арасынан шығып жатады. Құдайшылығыңызды айтыңызшы, мұндай қазақты қалайша сүюге болады? Рухани мүгедекке айналған бұл адамдардың жан-дүниесінің кішкентай болатындығы соншама, оларды сүюге қанша талпынсаңыз да еш нәтиже шықпайды. Әлемнің рухани тынысынан сұлулық іздеген сіздің биік жаныңыз нұрлы дүниені сүйгісі келеді. Міне осы сәтте сіз өзіңіздің неміс, ағылшын немесе француз болып тумағаныңыз үшін қатты өкініп, тілдесетін қазақ таба алмай, көз жасыңызды көлдетіп, жылай жаздайсыз.
Өз жерінде өгей баланың күйін кешіп, жұмыссыз, қаңғырып жүрген бейшара қазаққа сіздің рухани дүниеңіздің беш тиынға керегі жоқ; тәнін саудалауды машық қылған қазақ қызы өзін қымбатырақ сатуды ғана ойлайды; араққа салынған сасық қазақ сіздің арқаңызда жүз грам ішіп қалуды ғана дәметеді. Олардың жан-әлеміне үңілсеңіз өмір сүруден жиіркене бастайсыз, мына дүниеден түңілесіз. Содан-соң бұл секілді қазақтардан алыс жүруге тырысасыз. Өтірік пе? Бірақ соған қарамастан осы қазақтардың бәрі біздің бауырларамыз болғандықтан, оларды сүю керек. Егер біз қазақты сүйе алмасақ, Құдай бізді кешірмейді. “Халық –Құдайдың бір аты” болғандықтан, Құдайды сүю де, қазақты сүю де бір-ақ ұғым. Мына жалған дүниеден қазақты сүйе алмай өтсек, ертең Құдайдың алдына барғанда не үшін өмір сүрдік деп ақталамыз? Не үшін?
Мүмкін орташа қазақты сүйсем бе екен?. Жоқ, орташа қазақты сүйе алмаймын. Орташа қазақты адам сүйсінерлік қандай қылығы үшін сүймекпін. Қазақтың тұнығын лайлап, халықты азғындыққа ұшыратып жатқан да осы орташа қазақтар емес пе. Қоғамдағы сатқындықтың, опасыздықтың, неше түрлі құйқа тамырыңды шымырлататын сұмдықтардың бәрін жіпке тізіп көрсеңіз, солардың ең көбісінің орташа қазақтың қолымен жасалып жатқанын аңғарасыз. Бай қазақ кей жағдайда оппасыздыққа бармауы да мүмкін. Ал орташа қазақ, биліктің тастаған кішкентай сүйегі үшін кез-келген опасыздыққа барудан тайынбайды. Ол өзінің орташа тірлігі үшін ар-ұят, адамгершілік сынды ұғымдарды таптап жүре береді. Қазақстанды жайлаған парақорлықтың дәнекершісі болып отырғандар да - орташа қазақтар. Орташа қазақ Құдайды да сүймейді. Ол Құдайдың үйі мешітке тазару үшін емес, өзін көрсету мақсатында ғана барады. Құдайдың өсиетін бұрмалап, оны өзінің жеке басының пендешілік пайдасына бола басқаша түсіндіріп жүргендерді сіз кедей мен байлардың ішінен емес, көбінісе осы орташа қазақтардың арасынан жиі кездестіресіз. Орташа қазақ Құдайдың атын былғаудан еш тайынбайды. Қажылыққа барып, өз-өзіне керемет жарнама жасайды. Орташа қазаққа Құдай өзінің арсыздығын жасыру үшін ғана керек. Рухани келбетінде ешқандай сұлулық жоқ, шын сүйгендіктен емес, нәпсісін қанағаттандыру үшін әр еркектің қойнына бір тығылатын, жалған тіршіліктегі ғашықтық сезімнің не екендігін ұмытқан жезөкше секілді беті жылтыраған орташа қазақ та өз ұлтына деген махаббатын аяғына шұлғау қылып оратып алған. Орташа қазақты сүю – сайтанды сүйгенмен пара-пар. Ал, сонда мен қандай қазақты сүюім керек?
Бәлкім бай қазақтарды сүйейін бе. Халықты тонаудың немесе парақорлықтың арқасында байыған, жақынына жаны ашымайтын “крутой” қазақтардың талайын көріп жүрміз ғой. Ондай қазақтарды да сүйе алмаймын. Адамға біткен бақ-дәулет оның жан әлемімен үйлесімділік тапқанда ғана жарасады. Біздің “крутой” қазақтарымызбен сөйлесе қалсаңыз, рухани әлемінің соншалықты кедей екендігіне қарныңыз ашиды, жан дүниесіне үңілсеңіз сасық исінен жүрегіңіз айниды.
Құдайым-ау, мені неге соншама осындай азапқа салып қойдың. О, құдіреті күшті Алла-тағала, тәнім өліп, жаным алдыңа барғанда қазақты сүйе алмай өткенім үшін, сен мені кешіресің бе?
ҚАЗАҚТЫ КІМ СҮЙЕДІ
Мені ылғи да бұл елде қазақты кім сүюі мүмкін деген ұстара сұрақ жиі мазалайды. Билік қазақты сүйе ма? Жоқ, билік қазақты сүймейді. Егер билік қазақты сүйсе біздің халықтың өмірі ашық күннің шуағындай нұрланып кетер еді. Билікке қазақ оны қанап, сорып отыру үшін ғана керек. Өз ұлтының денесіне аш кенеше жабысып алған біздің билік қазақты ешқашан аяған емес. Аямайды да.
Ағылшын жазушысы Джордж Оруэлдың “1984” атты романының кейіпкерлері секілді, байлықтың буынан басы айналып, жердегі тіршілікті ұмытып, аспан әлемінің тұрғындарына (небожители) айналған, қазіргі уақыттың “модный” тілімен айтсақ – саяси элита, яғни билік - мына дүниеде қазақ деген халықтың бар екенін баяғыда ұмытқан. Әлбетте, биліктің ішінде де қазақтың мәдениетіне, тіліне, әдебиетіне жаны ашитын ұлтжанды азаматтардың кездесетіндігі рас. Бірақ соған қарамастан мына елде қазаққа қарсы ғана билік бар.
Қазақстанда ұлттық мәселе көтеріле қалса, оған ең алдымен билік қарсы шығады. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін бір шаралар жасау қажеттілігі туралы әңгіме қозғалса – бірінші кезекте оған билік тарапынан тосқауылдар қойылады. Қазақты жек көретін билік ең соңында “дүниенің бүкіл байлығы сәбидің көз жасына тұрмайды” (Достоевский) деген асыл қағиданы аяққа таптап, шет елге бала сатудың өзін заңдастырып алған жоқ па? Ұятсыз билік шет елге шықса қазақша емес, орысша, ағылшынша, немісше.., сайрайды. Өз ұлтының тіліне менсінбей қарайтын биліктің қазақты сүйетіндігіне қалай иланасыз. Ұлтты сүю ең алдымен өз ана тіліңді құрметтеуден басталмайтын ба еді.
Егер билік қазақты сүйсе бірінші кезекте ауылға жағдай жасар еді. Шындығыңызды айтыңызшы, “ауыл” жылы деп қатарынан бірнеше жыл бойы жарияланған уақыттың ішінде билік тарапынан оған қандай жақсылық жасалынды? Ауылдың жолдары дұрысталып, әл-ауқаты көтеріліп, рухани тыныс-тіршілігі түзеліп, кітапханалар салынып, мәдени мекемелер ашылды ма? Жоқ. Қазаққа бір жақсылық жасай алмаған ауыл жылыңның кімге керегі бар, сонда?
Тәуелсіздік алған он бес жылдан астам уақыттан бері билік басына келген шенеуніктер жемсауын тойдыра алмай, қазақтың қанын ішетін көрбаққа айналды. Билік басына келген біздің саяси элита ұлттың қамы үшін емес, азғындыққа салынған бір азғантай топтың тәбетін қанағаттандыру үшін ғана жұмыла жұмыс жасайды.
Сол “ұлы” мақсатты жүзеге асыру үшін Қазақстанның жер асты, жер үсті байлығының барлығы талан-таражға түсіп, шет елдіктерге сатылды. Ата-бабалардың қаны төгіліп, жанын беріп қорғап, аманат етіп кеткен кең байтақ жерін ойып-ойып алып бөтен жұртқа үлестіреді. Қазақтың несібесіне бұйырған мұнайын билік Америка мен Қытайға, онан қалғанын Ресейге қарай суша ағызады. Содан-соң Қазақстанның мұнайының арқасында шалқып байыған шетелдіктер қазақтың ең сұлу қыздарын көйлекше ауыстырады, арба сүйреп, оның құлы болуға да жарамай қалған маңқа қазаққа “өздеріңе сол керек” деп шекесінен қарап, шікірейеді.
Расында да өзімізге сол керек екен-ау!. Жаман үйді қонағы билейді дегендей, қай мемлекет өзінің елінде шетелдіктерді құтыртқызып, төбесіне шығарып тайраңдатқызып қойды. Тек Қазақстанда ғана өз ұлтын сүймейтін билік қазақтың қара көзінен сорасын ағызып, өз Отанында жүрген бауырына Қытайдың әнұранын айтқызып қорлайды.
Туған бауырын шет елдіктерге жастықша илетіп қоятын биліктің кей кездері “патриоттық” сезімі оянып, “біз қазақ кеңпейіл халықпыз ғой” деп көсемсіп, қолындағы қаржысын сырттан келген келімсектерге ағыл-тегіл шашатынын қайтерсің. Шын мәнісінде бұл бүгінгі биліктің қазақты сүймейтіндігінің, тіпті оған деген жеккөру сезімінің «паранойа” дәрежесіне көтерілгендігінің белгісі. Үйіңнің алдындағы ағашың қуарып жатқанда, онсыз да жайнап тұрған өзге шаңырақтың ауласының бақшасын суару – ақыл-есі кем, ауру адамның ғана істейтін әрекеті.
Қазақты оның зиялы қауымы да сүймейді. Жалпы осы мемлекетте зиялы қауым бар ма өзі?. Өз ұлтының қамын жеп, билікке айтқан сөзін өткізе алатын мәдени элитаны зиялы қауым демеуші ме еді. Күні кешегі партияның шекпенінің астынан шыққан, номенклатуралық интеллигенцияны – зиялы қауым деп атауым күпіршілік шығар. Лауазымы жоғары шенеуніктермен ауыз жаласқан олар үлкен кабинетте отыратын ағаларын жағалап атақ-мансапқа ие болады, жұмаққа бергісіз елдерге сапар шегіп роман жазады, өзі сүймейтін қазақты билікке де жамандатқызып, мына тұрған аудан орталығына жетуге ақша таба алмай отырған мырқымбайларға Англиядан, Германиядан, Америкадан неге үлгі алмайсыңдар деп, артта қалған ұлтына “жаны ашып”, патриоттық ұрандар тастайды.
Қазақтың зиялы қауымы болып саналатын мәдени элитасының ең сүйікті тақырыбы рушылдық. О, хо, хо. Бұл біздің мәдени элитаның ең жақсы меңгерген саласы. Қазақта Абай Құнанбаевтың, Махамбет Өтемісұлының, Мұхтар Әуезовтың, Бейімбет Майлиннің, Мұқағали Мақатаевтың, Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқымау - надандық болып есептелмейді, олардың қай рудан екенін білмеу - надандық болып саналады. Баласының есі кіре бастағанда қазақ оның санасына ең алдымен қай рудан екенін сіңіруге тырысады. Содан-соң, Қазақстандағы балалардың көбісі “мен қазақпын” деп емес, “мен дулатпын, мен шапыраштымын, мен кереймін, мен қоңыратпын, мен берішпін” деп мақтанып, кеудесін қағады.
ҚАЗАҚТЫ СІЗ СҮЙІҢІЗШІ
Осыдан бірнеше жыл бұрын “Қазақстан” телеарнасынан берілетін “Шынның жүзі” атты хабардан сөйлеген бір жазушы ағамыз “рушылдық деген керемет қасиет” деген, сенсациялық жаңалық ашты. Онымен қоймай - ең алдымен арғын –арғынды, керей-керейді, шапырашты-шапыраштыны, адай-адайды… сүюі керек деп өзеуреді. Зиялы деп аталып жүрген, Мемлекеттік силықты алған, ресми билікке сөзін өткізе алатын ағамыз осылай деп отырса, сонда біз қазақты сүюді қашан және кімнен үйренеміз? Өзінің руын ғана сүюге шақырып ұран тастайтын зиялы аталып жүрген азаматтарымыздың жүрегінде қазаққа деген қандай ыстық сезім болуы мүмкін?
Екі жыл бұрын Торғайға барған кезімде маңдайымызға симай кеткен арыстарымыз Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың мұражайына арнайы соқтым. Мұражайдың кіре-берісіндегі екі арысқа орнатылған ескерткіштің алдында тұрып, қатты тебірендім. Көзіме ыстық жас келді.
Неге тар қапас заманда туған Ахаң мен Жахаңдардың ұрпақтары шетінен асқар таудай биік? Неге тәуелсіздік дәуірде туған біз сондай аласамыз? Неге қылышынан қан тамған өлірада туған олар тек ірі мақсатты аңсады? Неге егемендігімізге қол жеткізген біз ұсақ тірлігімізді күйттеп кеттік? Неге мойнына қылбырау ілініп тұрып олар Құдай мен өз ұлтының алдындағы адалдығын дәлелдеп шынын айтып кетті? Неге қол-аяғымыз бұғаудан босаған біз өтірік айтып, биліктің итаяғын жалап, сасық сорпасын ішкенге ғана мәз-мәйрамбыз?. Неге қазақты шын жүрегімен сүйген ол замандағы ақындар, өз ұлтына күн болуды армандады? Неге бүгінгі күннің ақындары әкім-қараларды мақтап, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып, хайуанша жүріп күнін асырайды. Неге, неге?
Әлде шешелеріміз ұл тапқанда, ертеңгі күні елдің қамын ойлатын, туған анасы Отанына тіреу болатын ер-азаматты дүниеге әкелдік деп қуанып, қалжамызды жеген жоқ па? Әлде жанымызды жын-шайтан айналдырып, дуалап қойды ма? Әлде талай ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігімізге қол жете салысымен, оған көз тиді ме?
Қазақты –Құдай да сүймейді. Құдайдың қазақты сүйерлік қандай асыл қасиеті бар. Айтатыны өтірік, іштар, құдасы әкім болса Құдайын танымайтын қалатынекіжүзді қазақты ұлы Жаратушы не үшін сүюі керек. Ұлы Жаратушыға тек нұрлы дүниені сүю ғана жарасады. Жүрегімізге үңіліп көрейікші, онда Құдай сүйетін қандай нұрлы сәуле қалды. Құдайдың үйі мешітке барсаңыз, өтірік мүләйімсіп, жасаған күнасы үшін кешірім сұрауға келген мыңдаған қазақтарды кездестіресіз. Сол қазақтар Құдайдың үйінен шыға салысымен, парақорлығын одан әрі жалғастырады, туған бауырына деген қатігездігі одан сайын күшейе түседі, бірін-бірі көре алмаушылығы онан сайын зораяды. Құдайдың өсиетін қате түсінген молдалар мешітке келген халықтан ақша алып, қалтасын қампитып, жалмаң-жалмаң етеді. Құдайдың үйі бізді имандылыққа үйрете алмаса, оған барғаннан біз не опа тауып жүрміз?
Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта мыңдаған мешіттер салынды, бірақ оның есесіне қазақ-қазақты сүймегендіктен, жүрегіміздегі миллиондаған мешіттердің быт-шыты шықты. Кешегі имансыздардың бәрі шетінен молда, кешегі Құдайды сүймейтіндердің бәрі шетінен құдайшыл болып алды. Шындығында Құдай қазақтан баяғыда теріс айналған. Жерін сатқан күні-ақ қазақ Құдайдың қарғысына ұшыраған.
P.S. Құдай сүйерлік қасиеті қалмаған, не үшін өмір сүріп жүргенін білмейтін, өзінің құлдық өміріне разы қазақ жалғанды жалпағынан басып жүр. Жан-дүниесі жалаңаштанған қазақтың бейшара қыздарын арсыз жалған Сайын көшесіне жетелеп шығарды. Қазақтың тепсе темір үзетін алпамсадай жігіттері бір күндік нәпақасын табу үшін Сейфуллин даңғылында дірдектеп тұр. Жалған дүние қазақтың жанын тірідей тозаққа салып қойды. Оларды ешкім аямаса да - Сіз аяңызшы. Ешкім сүймесе де –Сіз сүйіңізші. Сіз оны аясаңыз, сіз оны сүйсеңіз қара түнек басқан дүние нұрланып, қазақтың жаны сәбидің кіршіксіз жүрегіндей тазара түседі.

Амангелді Кеңшілікұлы - Азаттық радиосы Қазақ қызметінің бас редакторы. Мақаладағы айтылған ойлар автордың жеке пікірі болып табылады және Азаттық радиосының көзқарас, ұстанымымен бірдей болуы шарт емес.