Қазақстан мектептеріндегі әрбір бесінші оқушының денсаулығы нашар

Аурухананың бір бөлмесінде балалар мен ересектер аралас жата береді. Ақтөбе, қараша, 2008 ж.

2007 жылғы мәліметке сәйкес, елдегі мектеп оқушыларының 54 пайыздан астамы суық тию мен созылмалы аурумен ауыратыны белгілі болып отыр. Балалар денсаулығының нашарлауына экологиялық жағдай, азық-түліктің сапасы мен аз қимыл қозғалысты талап ететін өмір салты әсер етіп отыр деп қорытынды жасайды мамандар.

Асқазан ауруы, гастрит, суық тию, қан аздық сияқты т.б толып жатқан ауруларға дәрігерлердің айтуынша, елдегі әрбір бесінші мектеп оқушысы шалдыққан. «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменованың айтуынша, оның басты себебі, оқушылардың пайдалы да құнарлы тамақпен қамтамасыз етілмеуі болып отыр. Ал төменгі сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін бөлінген қаржы дұрыс жұмсалмайды екен.

- Бірінші сыныптан төртінші сыныпқа дейін мемлекет тарапынан ақша бөліп, балаларға ыстық тамақ беріледі. Бұл жақсы нәрсе. Бірақ бұл жерге тағы да жемқорлық зиянын тигізіп отыр. Балалардың денсаулығын ойлап отырған мектеп директорларының саны көп емес. Тендерлерді ақшасы көп кез келген кәсіпкер т.б адам жеңіп алады. Менің немерем биыл бесінші сыныпқа барды. Сонда биыл қандай тамақ ішетіндіктерін көрдік қой. Оқушылардың басым бөлігі оны ішпейді.


Бақыт Түменова республикадағы өзге аймақтарда жағдай мүлде нашар дейді.


- Мысалы, Қызылордада судың тұздылығы өте көп. Жазда су жоқ Қызылорданың өзінде. Екіншіден, аққан судың тұздылығын қараңызшы. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» ертеңгі күні жасанды бүйрек аппаратын сатып алатын боламыз. Қазір мемлекеттік стандарт болу керек деп жатыр ғой. Мүмкін, әрбір мектепке диспенсер қойып қояйық, осыны мемлекет стандартына енгізейік.


Мамандардың пікірінше, елде мектеп оқушылары ішетін тамақтың құрамына кіруі тиіс ақуыз, май, дәрумендер, көмірсутектің белгіленген ортақ рецепті жоқ көрінеді.Әркім өз білгенін істейді дейді олар. Сондай ақ, олардың айтуынша, тек Алматы мен Қарағанды қалаларында ғана төменгі сыныптарды тегін тамақпен қамтамасыз ету жүйесі іске қосылған. Олар мектептегі тамақты ұйымдастыру ісін сападан гөрі пайданы көздеген кәсіпкерлерге тапсыруға болмайды, мұнымен ең алдымен, арнайы мамандар шұғылдануы керек деп отыр. Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының бас директоры Қазыбек Төлебаевтың айтуынша, балалар денсаулығының мықты болып қалыптасуына әке-шеше де көп еңбек сіңіруі керек.


- Егер балаларымыз 10 жастан темекі шеге бастаса, 12-13 жастан бастап, ішімдік іше бастаса, дұрыс тамақтанбаса әрине, оның денсаулығы әлсіз болады. Осы уақытқа дейін чипсы болсын, немесе неше түрлі газдалған тәтті сусындардың денсаулыққа зиян екендігін айтып жатырмыз ғой. Соған қарамастан олар самсып тұр. Көптеген ата-аналар балалардың тамақ ішкеніне дұрыс қарамайды. Қалтасына тиын салып жібереді, ол барғаннан кейін чипсы мен кока кола, пепси кола алып ішеді. Бұл зиян балаларға.


Жас ұрпақ денсаулығының нашарлауына күннен-күнге азық-түлік бағасының қымбаттауы да кері әсерін тигізіп отыр дейді орталық басшысы.


- Балалар көкөніс, жеміс-жидекті көп жеуі қажет деп айтып жатамыз. Сол көкөністің құнын қарасаңыз, бәрінің ақшасы оған жетпейді.


«Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменованың ойынша, халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы да ұлт денсаулығына зиянын тигізіп отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жәрдем керек екенін алға тартады.


- Біз өткенде жедел телефон ұйымдастырған кезде бізге Атырау облысынан тұрғындар өте көп телефон соқты. «Біз 1-ші қыркүйекте балаларымызды оқуға жіберген кезде балалардың мектеп киімін сатып ала алмадық. Ақшамыз жетпейді. Көмек көрсетіңдер» деп. Ал біз әкімге жазсақ, бізге әкімнен жауап келеді. Бізде әрбір адамның жеке басында қанша қаражат болу керек туралы қаулы бар ғой. Содан төмен болса ғана көмек көрсетеміз деп. Соған сүйеніп қарай салады да «о, қаражаты жеткілікті екен» деп ойлайды. Бірақ олар тіпті берілген көмек пен мектеп формасының бағасының арасы өте үлкен екендігін ойламайды.


Статистикалық дерекке сүйенсек, Қазақстанда 3,5 млн-нан астам мектеп жасындағы бала бар.