«Қазпоштаның» бұрынғы қызметкері ұлттық компанияның 1 миллиард теңге шығыны «Колвер» ақпараттық жүйесін енгізу нәтижесінде анықталды дейді. Ал аталған мекеме бұл мәселеге қатысты тергеу-тексеру әлі жүріп жатқандықтан түсінік бермеді.
«КОЛВЕРДІҢ» КӨМЕГІ
Сәрсенбі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Гүлбаршын Алмабекованың айтуынша, 2008 жылы жүргізілген ішкі тексерулердің нәтижесінде «Қазпошта» акционерлік қоғамында «бұған дейінгі жылдардың түрлі заңсыз есеп-қисаптары анықталған».
Тексеру негізінде дайындалған қаржы есебі компанияда «соңғы бірнеше жыл көлеміндегі заңсыздықтарды» айғақтайтын құжатқа айналды дейді бұрынғы бас бухгалтер. Есепте компанияның бұрынғы қызметкерлерінің 2003-2006 жылдардағы іс-әрекеттерінен салымшылардың салымы мен ақша аударымдарынан қарыздардар жиналып отырған. Алмабекованың айтуынша, қарыз көлемі 1 миллиард теңгеден асқан.
Заң бұзушылықтар ауылдық бөлімшелер құрылысында, қаржыны есептеу әрекеттерінде, тіпті кейбір жағдайда ақшаның жұмсалуы барысында тіркелген дейді Гүлбаршын Алмабекова. Сонымен бірге, ол компанияда 2004 жылдан бастап валюта айырбастау операциялары бойынша шамамен 750 мың доллар желінген деп отыр.
«Қазпошта» компаниясындағы қомақты шығын «Колвер» ақпарат жүйесін енгізу нәтижесінде анықталды дейді бұрынғы бас бухгалтер. Жүйе ауылдық бөлімшелерден бастап бас кеңсеге дейінгі аралықтағы ақша айналымын бақылауды қарастырады.
«ҚАЗПОШТА» КЕЛІСПЕЙДІ
Бірақ компания басшылығы мұндай шығынның болуы мүмкін емес, техникалық немесе бухгалтерлік қателік кеткен шығар дегеннен таймай отыр дейді Гүлбаршын Алмабекова.
Сонымен қатар, бас бухгалтер қаржы есебінен кейін компания басшылары 2003-2006 жылдардағы шығынды білдірмеу үшін қағаздарды ауыстыруға дейін барды дегенді айтып отыр.
– Олар тіпті бірқатар беттерді ауыстырған. Мұны дәлелдейтін менде құжаттар бар, – дейді Гүлбаршын Алмабекова.
Оның айтуынша, «Қазпошта» акционері халықаралық аудит жүргізуді жөн деп тапқан.
– Халықаралық компания 2008 жылы қосымша аудит жүргізді. Олар компанияның қарыздары мен қаржыны талан-таражға салудан келген шығын 1,8 миллиард теңге болды деген қорытынды жасады, – дейді «Қазпоштаның» бұрынғы бас бухгалтері.
ТЕКСЕРУЛЕР ӘЛІ ЖҮРІП ЖАТЫР
2009 жылы 18 мамырда «Қазпошта» Гүлбаршын Алмабековамен арадағы еңбек келісім-шартын үзген. Бас бухгалтердің өзі компания басшылығының бұл қадамын миллиардтан астам шығын туралы есеппен байланыстырады.
2009 жылы 28 қыркүйекте Алматы аудандық соты Гүлбаршын Алмабекованың жұмыстан шығарылуы заңсыз деген шешім шығарған. Алайда «Қазпошта» сот шешіміне қарсы шағым түсірген.
2010 жылы 25 ақпанда Жоғарғы сот төменгі инстанцияның шешімін дұрыс деп тапты. Бірақ Гүлбаршын Алмабекова әлі де болса жұмысқа қайта орналаспағандығын айтып отыр. Содан кейін ғана ол ұлттық компанияның шығыны туралы баспасөзге жариялап, бұл іске жоғары жақтың араласуын сұрап отыр.
Азаттық радиосының тілшісі «Қазпошта» акцмонерлік қоғамына хабарласты. Бірақ компанияның баспасөз-хатшысы Айман Байғоновадан «бұл іс әлі қаралып жатқандығына байланысты әзірге жауап бере алмаймыз» деген жауап келді.
Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай Азаттық радиосына «Қазпошта» компаниясына қатысты тексерулер төңірегінде толық мәлімет беруге дайынмын, бірақ бұл үшін біраз уақыт қажет деп түсіндірді.
«Қазпошта» компаниясында 21 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Компанияның республика бойынша 3200 байланыс бөлімшесі, 14 облыстық және 4 республикалық деңгейдегі филиалы бар.
«Қазпоштаның» басқарма төрағасы қызметін 2006 жылдан бері Дәурен Молдағалиев атқарады.