Қазақстандық кәсіпкерлер елдегі дағдарыстың өз істеріне кері әсер етіп отырғандығын айтуда. Олардың айтуынша, басты қиындық қаржы көзін табуда.
Темір бұйымдарын шығарумен айналысатын кәсіпкер Дархан Бітімшіновтің өндірістік компаниясы дағдарыстың салдарынан шығаратын өнімінің 60 пайызын азайтыпты.
- Құрылыс компанияларының да жұмыстары тоқтап қалды. Оларда ақша жоқ болғандықтан, бізге тапсырыс бере алмай отыр. Сонымен бірге жарты жыл ішінде темірдің бағасы 70 пайызға қымбаттады. Ондай қымбатшылық дүниежүзінде болған жоқ. Біздегі монополист «Миттал Стилл Теміртау» темірге қалаған бағасын қойып, жасанды түрде қымбаттатып жіберді. Соның салдарынан біздің өніміміз де қымбаттады.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі уақытта отандық бизнес өкілдері үшін ең басты мәселе қаржы көздерін табу. Оның ойынша, үкімет дағдарыс кезінде тек банк пен құрылыс саласын ғана қолдап, шағын және орта бизнес саласына лайықты көңіл бөлмей келеді екен.
- Кәсіпкерлерге жеңілдетілген бағамен жер берілсе, олар зауыт салар еді немесе оны жалға алар еді. Үкімет құрылыстың тоқтауының салдарынан жұмыссыздарды қайда жіберерін білмей басы қатып отыр. Егер жаңадан жұмыс орындары ашылса, бұл мәселе оңай шешілер еді. Үкімет нақты жоспар жасап, әр қаладан кәсіпкерлерге тиімді жерлерді анықтап, жер беруді бастау керек деп ойлаймын.
«Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев үкіметтің кәсіпкерлерге қолдау білдіргісі келген талпынысын былай сипаттайды:
- Өткен жылды айтпағанда, осы жылдың өзінде әкімшілік кедергілерді жою мақсатында 10-нан астам үкімет қаулысы қабылданды. Қызмет көрсету саласының 24 түрі үшін міндетті лицензиялау алынып тасталды. Кедендік құжаттарды рәсімдеу де біраз жеңілдетілетін болады. Сондай-ақ, тексеру органдарының саны бүгінгі күнге дейін 9 болған, қазір екеуі ғана қалды.
Президент жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының бас ғылыми қызметкері Қанат Берентаевтың айтуынша, елдегі кәсіпкерліктің дамуы соңғы 20 жылда айтарлықтай өзгермепті. Ал соңғы өзгерістер кәсіпкерлерді мүлдем тығырыққа тіреген.
- Соңғы уақытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың қателігі сол — онда мәселенің тек қана таза техникалық жақтары, мысалы қаржылай көмек беру, әкімшілік кедергілерді жою т.б қарастырылған. Менің ойымша, шағын бизнестің дамуы мен өміршеңдігі ең алдымен халықтың төлем қабілетіне байланысты. Қазіргі уақытта дағдарыстың салдарынан халықтың төлем қабілеті бұрынғыға қарағанда мүлде төмендеп кетті. Үкімет шағын бизнесті дамытқысы келсе, осыған мән беруі керек. Бұл орайда макроэкономикалық деңгейде ұлттық кірісті жоспарлауды қайта қарастыру қажет деп ойлаймын