Мектеп ұжымы өз директорын жемқорлығы мен басқарудағы менмендігі үшін айыптайды

Тараз қаласындағы № 20 мектептің сыртқы көрінісі. Тараз. қазан, 2008 ж.

Тараз қаласындағы № 20 мектептің ұжымы өз директорларын жемқорлығы және мектеп басқарудағы менмендігі үшін кінәлады. Мектептегі оқушылардың 100-ден астамы басқа оқу орындарына ауысып, 47 педагог жұмыстан кетіп қалған.

Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы № 20 мектептің 28 мұғалімі Облыстық білім басқармасына және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мектеп директоры Мандира Исмаилованың үстінен шағым жасады.


- Директор мектеп кадрларын бағаламайды, ұжыммен дөрекі сөйлеседі, ұстаздарды қорлап, жәбірлейді. Бекітілген тұрақты сабақ кестесі жақында ғана пайда болды, әйтпесе осы уақытқа дейін оқушылар қай сабақ болатынын ертеңгісін ғана біліп жүрді, - деп шағымданады ұстаздар.

Мектеп кәсіподақ комитетінің төрайымы Эльмира Бегайдарова мектептегі оқу сапасының төмен екендігін айтады:


- Күн сайын мұғалімдердің сағаты қысқартылады. Оқушылардың сабаққа дайындығы нашар. Тәртіп жағы да төмендеген.


Мектеп психологы Раушан Әділованың айтуынша, мұғалімдердің көп уақыты директордың жоспарсыз өткізетін жиналыстарында отырып, онда директордың мұғалімдерді балағаттап, арына тиген сөздерін тыңдауға кетеді.



- Мен бұл мектепте 10 жыл жұмыс істедім.Бірақ, мұндайды ешуақытта көрген емеспін.Мұнда жемқорлық өріс алған, ұстаздарға қысым жасалатындықтан, олар күйзеліп жүреді,- дейді Раушан Әділова


Ұстаз Лариса Зайцева мұғалімдерге әлі күнге дейін емделуге берілетін ақшаларының толық төленбегенін айтады:


- Біз бәріміз де орташа алғанда 10-12 мың теңге (100 АҚШ доллары көлемінде) ақшамызды кем алдық. Мәселе директор Мандира Исмаилованың айлық берілетін құжатқа қол қойып, соңындағы емдеуге берілген ақшаға қол қоймауында болып тұр.


Сонымен бірге, мұғалімдер жөндеу жұмыстарын өз қаржыларына жасағанын айтады. № 20 мектептің директоры Мандира Исмаилова Азаттық радиосына берген сұхбатында мұғалімдерді жөндеу жұмысына тартқаны негізсіз екенін мойындай келе былай деді:


- Мен бірақ осы ісім үшін мұғалімдерден кешірім сұрадым. Арнайы жалдаған құрылысшылар жұмыстарын шала жүргізіп, соңынан көптеген қайта жөндеу жұмыстары жасалғаны рас.Оған құрылысшылар кінәлі. Ал басқа оқу орындарына кетіп қалған 120 бала туралы айтсақ, оның 80-і тоғызыншы сыныпты бітіргендер, олар мектептен кейін тест тапсырып, институтқа түскеннен гөрі тек қана емтихан тапсырып, колледждерде оқығанды дұрыс көреді.


Мектеп директоры Мандира Исмаилова осы мектепте 3 жыл директорлық қызмет атқарған уақытында 47 педагогтың жұмыстан босағанын растады, олар негізінен басқа жұмысқа ауысуына байланысты немесе «отбасы мәселесіне байланысты» жұмыстан кеткендер.


Облыстық білім басқармасының бөлім меңгерушісі Гүлбадан Мұқымбекова бұл мәселеге орай екіұштылау жауап қайтарды:


- Кейбір фактілер орын алған. Тексеру жүргізілетін жұмыс ауқымы өте көп болғандықтан, әзірше ешнәрсе айта алмаймын.