Қыркүйектің 18-күні тәуелсіз «Свобода слова» газеті жергілікті қаржы полициясының бұрынғы қызметкері Нұрғали Түзелбаевтың ұсталғандығы туралы ақпарат таратты.
«Свобода слова» газетінің жазуынша, Түзелбаевтың ұсталғандығы туралы ақпарат редакцияға қыркүйектің 17-күні белгілі болған. «Нұрғали Түзелбаев – Экономикалық қылмысқа және сыбайласқан жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қалмұрзаевтың орынбасары - 2001 жылы мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған Рахат Әлиевке көмектескен деген күдікпен ұсталды» деп жазды басылым. Сонымен қатар, аталған газет лауазымды тұлғаны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстағанын хабарлады.
Алайда Нұрғали Түзелбаев қыркүйектің 19-ы күні Азаттық радиосына берген сұхбатында газетте басылған өзіне қатысты ақпараттың бәрі жалған деп, жоққа шығарды. Қаржы полициясының бұрынғы қызметкері дәл қазір өзінің бостандықта жүргендігін және ешкім оны ұстамағандығын мәлімдеді.
Алайда Нұрғали Түзелбаев қыркүйектің 19-ы күні Азаттық радиосына берген сұхбатында газетте басылған өзіне қатысты ақпараттың бәрі жалған деп, жоққа шығарды. Қаржы полициясының бұрынғы қызметкері дәл қазір өзінің бостандықта жүргендігін және ешкім оны ұстамағандығын мәлімдеді.
- Біріншіден, мен ешқашан Қаржы полициясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған емеспін. Екіншіден, мен туралы газетте жазылған жайттың бәрі жалған. Кеше мен «Свобода слова» газетіне хабарластым. Газеттегілер ақпараттың жалған екендігін мойындады. Дүйсенбі күні газеттің редакциясына барып, шағым түсірмекшімін. Арызым қабылданбаған жағдайда сотқа шағымданамын, - деді Нұрғали Түзелбаев.
Түзелбаев осылай дегенімен, «Свобода слова» редакциясы өзі таратқан ақпаратты растаудан таймай отыр. Аталған басылымның Бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның айтуынша, жазылған жайттың шындығы басым.
- Біз газет материалын дайындап жатқан күні Түзелбаевтың ұсталғандығы да, тергеуге алынғандығы да рас. Билік өкілдері С.Бүркітбаевты, Л.Балмағамбетованы ұстағандығын ресми түрде жарияламағандығына қарамастан ақпарат құралдары бұл туралы жазып жатыр. Яғни, журналистер мәліметті белгілі-бір ақпарат көздерінен алады. Сол секілді, Нұрғали Түзелбаевқа да қатысты мәлімет осындай әдіспен бізге жеткен деген сөз. Біз ештемені ойдан шығарып отырған жоқпыз, - деді Гүлжан Ерғалиева.
Осы мәселеге қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитеті де, Қаржы полициясы да ақпарат беруден бас тартып отыр.