Қарағанды облысы Шахтинск қаласының соты жазды күні осы аймақтағы Долинка түрмесінде болған оқиғаға қатысты сот процесін бастады. Интернетте пайда болған бейнежазбаға қатысы бар Максим Қожанов бұл дүниеде жоқ болғанымен, сотқа түрмеде жазасын өтеуші төрт адам тартылған.
ЖАЗДАҒЫ ОҚИҒАНЫҢ ЖЕЛІСІ
Биылғы мамыр айында интернетте Қарағанды облысындағы Долинка түрмесінде мекеме қызметкерінің жазасын өтеушіні соққыға жығып жатқан сәтті көрсеткен бейнетаспа тарап кеткен еді. Көп ұзамай бейнежазбадағы соққыға жығылған тұтқын Евгений Карауш деген болжам шықты.
Осы материалдан кейін прокуратура мен құқыққорғаушылар АК159/6 қатаң тәртіптегі түрме жағдайымен танысқан. Тексерушілердің жасаған қорытындысымен келіспеген бір топ тұтқын маусым айында қарындарын тіліп, ауруханаға түскен еді.
Кейіннен бейнежазбаны әуесқой таспаға түсірген Максим Кожанов есімді тұтқынның жансыз денесі колония ішіндегі санитарлық бөлімде асылып тұрған жерінен табылды. Сол кезде түрме басшылығы даулы бейнетаспаға қатысы болған «сотталушы қосымша жазаға ұшыраудан қорқып өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін» деп жорамал жасаған. Алайда адам құқығын қорғаушылар бұл пікірмен келіспейді.
Қарағанды облыстық прокуратурасы «бейнежазбаға түскен адамдардың бәрі тұтқындардың өздері, олардың біреуіне түрме қызметкерлері таяқ пен қызмет киімін беріп, әртіс қып ойнатқан» деген мазмұнда мәлімдеме жасады.
ТӨРТЕУДІҢ ҮСТІНЕН ҚОЗҒАЛҒАН ІС
Осы оқиғадан кейін іс қозғаған Қарағанды облыстық прокуратурасы қылмыстық кодекстің 360-шы бабы бойынша, яғни «қылмыстық атқару мекемесі әкімшілігінің талаптарына қасақана бағынбау» деген айыппен іс қозғады.
Сот алдында жауапқа тартылып жатқан төртеудің бірі - Евгений Карауш. Құзырлы орган «Максим Кожанов өзіне-өзі қол жұмсады» деген нұсқадан таймайтындарын айтады.
«Сот процесі бүгін де жалғасып жатыр, келесі аптада үкім шығып қалар», - деді Қарағанды облыстық проркуратурасының баспасөз хатшысы Нұрбек Құсбақов Азаттық тілшісіне.
Максим Кожанов өлерінің алдында өзіне қысым көрсетіліп, бейнетаспаның «қойылым» екенін күшпен мойындатақ болғанын маған тікелей хабарлады.
Нұрбек Құсбақов, «бейнеқойылымды» ойнаған кезде қолданған бақылаушы киімімен резеңке таяқты тұтқындарға беріп қойған түрме бақылаушысының үстінен де іс қозғалғанын айтады.
Бейнежазбада соққыға жығылған Евгений Карауштың анасы Галина Добровольскаямен тілдесу мүмкін болмады. Жаздағы оқиға кезінде Азаттық радиосына баласының мүшкіл қалін айтып шағымданған Галина Добровольская бұл жолы жауап беруден бас тартты.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫНЫҢ СӨЗІ
Бұл мәселе бойынша адам құқығын қорғаушы Вадим Курамшин Азаттық радиосына өз пікірін білдірді.
- Карауш та, Кожанов та ол бейнетаспаны құрастырған жоқ. Бұл нақты көрініс. Сонымен қатар Максим Кожанов өлерінің алдында өзіне қысым көрсетіліп, бейнетаспаның «қойылым» екенін күшпен мойындатақ болғанын маған тікелей хабарлаған болатын, - дейді Вадим Курамшин.
Соңғы кездері Қазақстан түрмелерінде абақты әкімшілігіне наразылық танытқан оқиғалар көбейіп кетті. Бұл оқиғаларды қоғамға еркін жеткізіп жүрген құқыққорғаушы Вадим Курамшиннің өзі де он күнге абақтыға жабылған болатын.
Вадим Курамшин, Қазақстан түрмелерінде болып жатқан барлық жайттарды БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысына жеткізетінін айтады.