Жұмысшылар электрлік вагон зауытын мемлекет иелігіне қайтаруды талап етуде

Есен Өктешбаев, Алматы электр вагондарын жөндейтін «Ырысты» зауытының цех бастығы. 23 маусым 2009 ж.

«Ырысты» электрлік вагон жөндеу зауытының 2000-нан астам жұмысшысы өздерінің 2-3 айдан бері жалақы ала алмай жүргендігін айтып, наразылық шарасын өткізді. Олар зауыттың құлдырауына кәсіпорын басшыларын кінәлады.
Екі күннен бері электр вагондарын жөндеумен айналысатын «Ырысты» зауытының жұмысшылары жиналып, басшылықтан зауыттың мемлекет қолына өтуін талап етуде. Стандарттау цехының бастығы Есен Өктешбаев зауытқа жаңа акционерлер келгеннен бастап, зауыт жұмысының құрдымға кетіп бара жатқанын айтады.

«Бұл бір күндік әңгіме емес. Мұның болып жатқанына бір ай емес, бірнеше жылдың жүзі болды. Халықтың шыдамы шегіне жетті. Зауытта қазір 2 мың адам жұмыс істейді. Солардың айлықтарын 2-3 айға дейін бермейді. Қызмет көрсету құнын түсіріп, айлықтарын мүлде қысқартып тастады. Мұнда ешқандай қатысы жоқ адамдарды әкеліп, оларға миллиондап жалақы төлейді. Ал бізге төлейтіні - 20 мың, ары кетсе - 30 мың теңге. Соның өзін көпсініп жатыр. Табельге 6 сағат жұмыс істеді деп жазады да, 8 сағат жұмыс істеткізеді», - дейді Есен Өктешбаев.

Зауытта 28 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан маман Орынбасар Бисекенов вагон жөндеу жұмысының артта қалып бара жатқанына қынжылады.

Орынбасар Бисекенов, Алматы электр вагондарын жөндейтін «Ырысты» зауытының цех бастығы. 23 маусым 2009 ж.
«Бізде жоспар көп. Вагондар көп. Жұмыс істеуге не материал жоқ, не ақша жоқ. Жалақыны кешіктіріп береді. Мысалы, менің цехымда 214 адам бар. Олардың әлеуметтік жағдайлары нашарлап барады. Біреудің жолға ақшасы жоқ, бір отбасыны ақшаны кешіктіргендіктен пәтерінен қуып жатады. Соның бәрін көріп жүріп, біз олардан жемісті еңбекті қалай талап етеміз?! Біздің ең негізгі талабымыз – зауытты үкіметке қайтару. Зауытты бір жарым жылдан бері басқарып келе жатқан басшылықтың құрамын түбегейлі өзгерту керек».

Зауыт жұмысшыларының сөзіне қарағанда, 2006 жылға дейін аталмыш зауыттың акциясының басым бөлігі мемлекеттікі болып келсе, сол жылы «Локомотивремсервис» ЖШС-гі зауыт акциясының 90,53 пайызын сатып алады. Мұнымен қатар жекешелендіру процесінің заңсыз өткеніне жұмысшылар сенімді. Содан бері зауыт дамуын тоқтатты дейді олар.

«Егер 2006 жылы зауытта 3000-ға жуық адам жұмыс істесе, ал 2009 жылдың маусым айына қарай кәсіпорында 2000 жұмысшы қалды. Жаңа басшылық келгеннен бастап, тауар өндірісі жылдан-жылға кеміп барады. Президенттің сөзіне қарағанда, алдыңғы жылдармен салыстырғанда қызмет көрсету көлемі азаймаса да, 2008 жылды біз шығынмен аяқтаппыз» делінген олардың ашық хатында.

Зауыттың басшылығы бұл жайттан хабардар болса да, жұмысшылармен диалог жүргізуге талпынбай отыр. Зауыттың басшылығына хабарласқанда телефон тұтқасында отырған хатшы қыз «бастық орнында жоқ» деумен шығарып салды.
Жұмысшылар басшылыққа қойған талаптары бір аптада орындалмаса жұмысты тоқтатып, жаппай ереуілге шығатындарын ескертті.


«Талмас» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Айнұр Құрманов мұндай зауыттардың елде көптеп саналатынын айтады:

«Меніңше, бұл болуы тиіс процесс. Мұндай ереуілдер болады деп болжанған болатын. Сәуір айында Ақтау облысындағы мұнайшылар ереуіл жасады. Олар да өздерінің кәсіпорнының мемлекетке өтуін талап етті. Еңбек ұжымы өздерінің кәсіпорнын сақтап қалғысы келеді. Тек мемлекет қолына өткенде ғана мәселе шешіледі деп санайды. Бұл бізде жұмысшылар қозғалысының жетілгенінің көрінісі. Мұндай құбылыс тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де, Еуропада да болып жатыр. Жеке инвесторлардың ірі-ірі кәсіпорындарды басқаруға шамалары жетпейтінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр».

Зауыт жұмысшылары басшылыққа талаптарын қарастыруға бір апта уақыт берді. Талаптары орындалмаған жағдайда зауыттың жұмысын тоқтатып, жаппай ереуілге шығатындарын айтып отыр.