Асқар Жұмаділдаев: Ғарышкер батыр неге далада жылқы бағып жүр?

Асқар Жұмаділдаев, математик-ғалым, академик. Жеке қордағы сурет.

Алматыдағы қазақ журналистерінің клубындағы кездесуде математик-ғалым Асқар Жұмаділдаев елдегі білім жүйесіндегі проблемаларға, жаратылыстану ғылымдарының дамуы мен келешегі, технократтық сананың қалыптасуы, т.б. мәселелерге тоқталды.

Жиын модераторы журналист Жанболат Мамай ғалымнан ең әуелі жақында ғана шетелдегі ғалымдарды елге қайтару жайында бастама көтерген білім және ғылым министрінің идеясына қатысты пікірін сұрады.

Министрдің бастамасын оң бағалаған клуб қонағы мәселенің екі жағы бар екенін де ескерте кетті. Біріншіден, «барлық әлеуметтік мәселесі шешілген, тұрақты жұмысы бар, шетелде орнығып қалған ғалымдар министрдің шақыруын қабыл ала ма?» деген сауалға жауап берді.

– Егер шын мәнінде мықты университетте істейтін адам болса, олардың келуі екіталай. Америкада университеттердің түр-түрі бар. Ең мықтысы Айвилик дейді. Мұның қазақша баламасы «интеллектуалдық элита» деген сөз. Олар - Гарвард, Йель, Бостон, Пенсильвания университеті. Көп болса, 15-20 шақты болар. Мұндай университетте істейтін адам келе қалса, мен қатты таңданған болар едім. Өйткені, ойлап қараңыз. Оның лабораториясы бар. Тақырыбы бар. Оның шәкірті бар. Оның жалақысы бар. Оның үйі бар. Оның ештемеге басы ауырмайды. Ол не үшін келуі керек?! – деді Асқар Жұмаділдаев.


«ЖЫЛҚЫ БАҒУ ҮШІН ҒАРЫШҚА ҰШЫП КЕЛУ КЕРЕК ПЕ?»

Қазақстан бұл ғалымдарды шын мәнінде керек етіп отыр ма деген сауал қойған ғалым өз сөзін былай жалғады:

– Мәселен, космонавтиканы алайық. Қазаққа космонавтика керек пе, керек емес пе? Бір қарасаң, керек сияқты, ә? Қазақ космонавтиканы дамытпағанда нені дамытуы керек. Бүкіл әлемде жоқ космодром Қазақстанда тұр. Ең бірінші космонавт Қазақстаннан ұшқан. Ал бірақ осы космодромға қазақтың қатысы қанша? Біз білетін қазақтың тірлігі – келген-кеткенге шапан жабу, қарсы алу, шығарып салу. Телевизор қараңызшы: бір шапан жауып, бір алма береді. Басқасын көргем жоқ.

Жалпы Қазақстанда қанша космонавт бар өзі? Екеу. Бұл екі космонавт не істеп жүр өзі? Біреу космонавтикада істейді. Біреуі далада жылқы бағып жүр. Не ол? Сонда жылқы бағу үшін ғарышқа ұшып келу керек пе? Маған біреулер айтады: «Ой, ағаның мінезі жаман. Ол – оппозиционер» дейді. Кешіріңіз, оппозиционер де қазақтың азаматы. Онда тұрған не бар? Неге ағамызға лайық сый-құрмет болмайды. Бұл кісі дүниеде бірінші рет жүзіп бара жатқан кемеге ұшақ қондырған. Көбісі оған батыр атағы космосқа ұшқаннан кейін берілді ғой деп ойлайды. Шындығында ол олай емес. Оған батыр атағы керегі де жоқ. Бұл кісі – шын батыр адам. Сонда мен ойлаймын: айналдырған екі космонавтқа жұмыс таба алмаймыз, ал ертеңгі күні аналар (ғалымдар) келгенде не болады сонда? Егер келе қалса, соған беретін жағдайыңыз бар ма? Жұмыс істейтін мүмкіншілігіңіз бар ма? Ғалым адам батырдан кем емес. Егер ертеңгі күні бір шенеунік келіп, шікірейіп: «Әй, қане, есеп бер!» деп тұрса, ол ғалым әлгіні құйрығынан бір теуіп қуып шығуы мүмкін. Сонда «мұның да мінезі шатақ екен» деп далаға жібере ме? – дейді академик Асқар Жұмаділдаев.

Ғалымның осы және басқа мәселелер туралы айтқанын тыңдаңыз.