Астанада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның саммитке қатысушылар қортынды құжат мазмұнына байланысты ортақ пікірге келе алмауы себепті, әу баста бейсенбі күні түскі уақытқа жоспарланған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз мәслихаты әлі басталған жоқ.
Бейсенбі, желтоқсанның 2-і күні түсте Астанада ЕҚЫҰ саммиті аяқталып, оның декларациясы қабылданып, жиын қортындысы жасалуы тиіс болатын. Алайда, түске дейін құжатқа қол қойылмады. Сол себепті саммиттің нәтижесі туралы мәлімдеме жасайтын Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз мәслихаты кешігіп жатыр.
Алдымен баспасөз жиыны жергілікті уақытпен сағат 12.30-да басталады деп хабарланған еді. Бірақ кейін оның мерзімі тағы да бірнеше мәрте өзгертілді. Түс мезгілінен бері Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінің баспасөз орталығында сарыла күтіп отырған журналистерге сағат 17.30-да президент Назарбаевтың баспасөз жиыны енді кешкі сағат жетіде басталатын болды деп хабарланды.
Журналистер мұны саммит қатысушыларының қорытынды құжат мазмұнына қатысты өзара келісе алмай жатқанымен байланыстырып отыр.
Сәрсенбі күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров, егер Астана саммитінің қортынды құжатында Ресей мен Грузия арасындағы дау-дамай туралы айтылатын болса, Ресей декларацияға қол қоймайтыны жөнінде мәлімдеме жасаған еді.
Саммиттің алғашқы күні сөз сөйлеген Ресей президенті Дмитрий Медведев, 2008 жылы Оңтүстік Осетияға қарсы әскери күш қолданған Грузияны сынға алып, осы мәселені ЕҚЫҰ деңгейінде реттеу керек екенін айтқан болатын.
Ал Ресей президенті мәлімдеме жасай бастаған сәтте Грузия президенті Михаил Саакашвили орнынан тұрып сыртқа шығып кеткен еді. Кешегі отырыстың бірінші жартысы аяқталысымен Ресей президенті шұғыл түрде еліне аттанып кетті.
Ресей президенті саммиттен кетіп қалған соң сөз алған Грузия басшысы Михаил Саакашвили Оңтүстік Осетия мәселесіне қатысты келісімге келуге дайын екенін айтты.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың кешегі айтқанын қаперге алған журналистер Астана саммитінің қорытындысы шықпай жатқанына Ресейдің ұстанымы себеп болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.
Қазақстан сыртқы істер министрінің ресми өкілі Асқар Әбдірахмановтың айтуынша, егер саммиттің қортынды декларациясына бір мемлекет қол қоймайтын болса, құжат қабылданбайды.